Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жедел деректері бойынша, 1 қазанға дейін өңірдегі барлық 3838,0 мың гектар дәнді дақылдар алқабының 3652,2 мың гектары немесе 95,2 пайызы жинап алынды. Бағалы дақыл бидай мен аралас дақылдардың бір-екі күндік қана жиым жұмыстары қалды. Науқан басынан өте ширақ қимыл танытқан облыстың көптеген аудандары орақ жұмыстарын қазан айына жеткізбей аяқтады. Барлығы 4660,2 мың тонна дәнді дақылдар астығы жиналып, өңір егіншілері гектар берекелігін орта есеппен 12,8 центнерден айналдырып отыр.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыс диқандары енді бар назарын майлы дақылдарды жинап алуға аударады. Барлығы 383,1 мың гектарда өсірілген техникалық дақылдардың кешегі күнге дейін 195,18 мың гектары немесе 50,9 пайызы ғана жинап алынды. Бұл жұмыста майлы дақылдар егістік алқаптары кең Ғабит Мүсірепов атындағы және Тайынша аудандарының егіншілеріне әлі де болса ауа райының ашық кезін пайдаланып, жұмыла жұмыс істеуге тура келеді. Әзірге қамбаға 120,91 мың тонна майлы дақылдар түсті, оның орташа гектар шығымдылығы 6,2 центнерден айналуда.
Сол сияқты, өңір көкөніс өсірушілері де жиын-терім жұмыстарын бүгін-ертең бітіргелі отыр. Атап айтқанда, картоп алқаптарының 98,4 пайызы жиналып, әр гектардан орта есеппен 164 центнерден өнім алынуда. Ол өткен жылғыдан 23,2 центнерге жоғары. Ал көкөністердің орамжапырақтардан басқасы түгел жиналды десе болады, танап шығымдылығы 206 центнерден айналып отыр.