«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛБАСЫ АРАЛАҒАН ЕГІНЖАЙДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда облысымызға жұмыс сапары барысында ат басын бұрған “СК Вагулинское” ЖШС-іне орақтың аяқталар тұсында жолымыз түсті. Онда Президент аралап көріп, ризашылығын танытқан гектарынан 45 центнерден өнім берген кең бидай алқабынан басқа ормандар аралығындағы шағын танаптардың соңғы дестелері бастырылып жатыр екен. Бұл күні серіктестіктің бас агрономы Надежда Карандейкинаға жолығып, күзгі жиын-терім жұмысының барысына қанықтық.

Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.

– Серіктестік биыл барлығы 5300 гектарға дәнді дақылдар өсірді. Оның 4100 гектары бағалы дақыл – бидай, қалғанын арпа және бұршақ дақылдары алады. Шаруашылық бойынша дәнді дақылдардың әр гектарынан орта есеппен 28,5 центнерден өнім жинадық. Орақ жұмыстары негізінен бөлектеп ору технологиясы бойынша атқарылды. Сондай-ақ егінді түгелдей дестеге түсірудің нәтижесінде жұмыстың ұтымдылығы артып, оның жиналған астық сапасына да әсері болғанын айта кеткен жөн. Дестеде жатып кепкеннен кейін орылған астық қырманға құрғақ түсіп, кептіру мен тазарту жұмыстары онша қиындық келтірген жоқ. Оның үстіне ауа райы да оң қабақ танытып, қыркүйектегі жаңбырлар бізді айналып өтті деуге болады. Сөйтіп, егін дестелеуге бірден 9 метрлік 5 жатка бірлігін қосқанымыз өзін ақтады. Онда өндіре жұмыс істеген бір “Макдон” жаткасы және екі-екіден “Джон Дир” комбайндары мен “МТЗ” тракторының тіркемелі жаткаларының арқасында тік тұрған астық түгелдей дестеленіп, 11 қыркүйектен бастап жаппай астық бастыруға мүмкіндік алдық, – дейді Надежда Ильинична.
1997 жылы осы шаруашылыққа ауысып келгенге дейін бұрынғы Соколов аудандық тұқым инспекциясын басқарған білікті маманның егіншілік агротехникасына жетіктігі оның серіктестікте атқарып жүрген істерінен танылады. Надежда Ильиничнаның айтуынша, Вагулиндегідей орманды-шағын танапты өңірде нөлдік технология бойынша жұмыс істеу міндетті емес, мұнда ылғал қоры онсыз да жеткілікті, сондықтан ауыспалы егіс жүйесін дұрыс пайдаланып, парлармен жақсы жұмыс жүргізу қажет. Соны басшылыққа алған шаруашылық қазір үш танапты егіс жүйесінде жұмыс істеуде. Жоғарыда аталған 45 центнерлік жоғары өнім осындай бұрын жүгері өсірілген пардағы алқаптан алынды. Жыл сайын барлық дәнді дақылдар алқабының 25 пайызын құрайтын серіктестіктің парлы танаптары биыл 30 центнерден кем өнім берген жоқ.
Серіктестіктің екі трактор-егіс бригадасы бар, Кустовое ауылындағы №1 бригадаға Мамик Загорян және орталық қоныстағы №2 бригадаға Василий Мурованный сияқты даңғайыр диқандар жетекшілік етеді. Механизаторлар тұрғылықты жерлеріне байланысты бригадаға бөлінгенімен, техниканы пайдалану ретіне қарай звено болып топтаса жұмыс жүргізеді, яғни сенікі-менікі жоқ, бәрі ортақ іске жұмылады. Мысалы, астық бастыруда екі звено болды, оның біріншісінде – бір “Есіл”, екі “Джон Дир” және үш “Вектор” комбайны дестеден астық жинағанда сабанды танапқа турап тастап отырса, бір “Вектор” және төрт “Енисей” комбайндарынан тұратын екінші звено көпене жинағыштарымен жұмыс істеді.
– Бұлайша жұмыс істеуіміздің мәні бар. Туралып тасталған сабан шіріндіге айналып, келер жылы танапқа жақсы органикалық тыңайтқыш болады. Бұрындары шаруашылықтар жинап алуға шамасы келмеген жағдайда оны өртеп жүрді, бірақ одан ешқандай пайда жоқ, құр үйінді күлі ғана қалатын. Егіс қалдықтарымен қоректенген жер алынар өнім көлемін өсіруге әсерін тигізеді. Сол сияқты, көпенелі сабансыз қалуға да болмайды, ол ауыл тұрғындарына және мал шаруашылығына қажет, – дейді бас агроном.
Осы астық бастыруда сабанды танапқа турап тастайтын “Джон Дир” комбайнымен жұмыс істеген Алексей Белов пен Константин Кулин, “Есіл” комбайнын ұршықша үйірген Евгений Терехов және “Вектордың” руліне мінген Андрей Штольц пен Василий Макагоновтар еселі еңбек үлгісін танытып, күнделікті тапсырмаларын үнемі асыра орындап отырған. Соңында сабан көпенелерін қалдыратын “Енисей” комбайндарымен жұмыс істеген Алексей Штольц, Александр Мандрыгин және Борис Ширин сияқты механизаторлар да үздік көрсеткіштерге қол жеткізді. Олар Боголюбово ауылындағы кәсіптік-техникалық колледждің оқушылары Александр Кормин, Владимир Лавров және Игорь Штольц сияқты жастардың өз қатарларына қосылып, комбайншыға көмекші болып жұмыс істегеніне және ертең оқуларын бітірген соң, ауылдарына оралып өздерінің ізбасарлары боларына қуанады.
Биылғы қуаңшылық жылдың өзінде мол өнімге қол жеткізудің басты себебі – егіншілік технологиясының дұрыс сақталуы, деп біледі Надежда Ильинична. Оның айтуынша, серіктестіктегі көктемгі егіс жұмыстары негізінен “Кейс” және “Джон Дир” егіс кешендерінің күшімен атқарылған. Мемлекеттік демеуқаржының арқасында биыл дәнді дақылдар тұқымын себумен бірмезгілде егіс алқаптарына 192 тонна амофос минералдық тыңайтқышы қоса енгізілген. Серіктестік тұқым шаруашылығы болып саналатындықтан, тек аудандастырылған бірінші репродукциялы және элиталық тұқымдар себеді. Сондай-ақ дәнді дақылдар ауруларына қарсы биылғы жылы 2 мың гектар алқапқа соңғы егіс мерзімінде себілетін фалькон дәрісі сатып алынды. Ол гербицидтің бактағы ерітіндісімен өңделеді. Шаруашылықта арамшөптерді химиялық жолмен тазарту 100 пайыз осы әдіспен жүргізіледі. Гербицидтің бактағы ерітіндісімен жұмыс істеудің бір артықшылығы – ол міндетті түрде демеу қаржыландырылады.
Орақ технологиясының дұрыс сақталуы нәтижесінде шаруашылықтың жинаған астығы оншалықты ылғалға ұрынған жоқ. Жоғарыда бас агроном атап өткеніндей, мұнда қыркүйектегі жаңбырлардың аса көп жаумағаны рас. Әрі ауа райының ашық және құрғақ күндерін тиімді пайдалана білген шаруашылық диқандары тұқымдық астықты дер кезінде алғашқы өңдеуден өткізіп, жеткілікті көлемде қоймаға құйып алды. Бұл орайда, қырман шаруашылығының жұмысына мін айтуға болмайды. Мұндағы екі тұқым қоймасы және екі тауарлық астық қоймасы лық толы. Қырман меңгерушісі Нина Астапчуктің айтуынша, ашық асфальт алаңдағы 1100 тонна бидайдан басқасы өз орнын тапқан. Тазартудан өткен бұл астық өз алушыларын күтуде. Сол сияқты, Кустовое ауылында да екі астық қоймасы бар. Оның біреуінде бидай, ал екіншісінде жемазықтық астық сақталуда.
– Өткен жылы қырманда Новосібір қаласында жасалған ауысымдық қуаттылығы 100 тонна СЗ-16 астық кептіргішін қойғамыз. Биыл оған онша салмақ түскен жоқ, негізінен қырманға түскен астық құрғақ болғандықтан, онда тек тазартудан өткізіп, қоймаға жөнелтіп отырдық. Ал тұқымдық астықпен “Алмаз” механикалық қырманы жұмыс істеді және танаптан түскен тауарлы астықты өңдеуді екі “УЗК-50” механикалық қырманы үлгеріп отырды, – дейді қырман меңгерушісі.
Екі ауысымда істейтін қырман жұмысында 6 жұмысшы, 2 механик, бір-бірден жүргізуші мен тракторшы және екі таразышы бәріне үлгеріп отыр. Негізінен онда Астапчуктер отбасылық мердігерлікпен жұмыс істеп отыр десе болады. Қырман меңгерушісінің ұлы Павел – осында трактор жүргізушісі, ол астық артып, түсіреді. Жұбайы Владимир астық лақтырғышта істейді, осындағы төрт қойманы толтырған да оның жалғыз өзі. Ал інісі Виктор Волосов осындағы жалғыз жүк көлігінің жүргізушісі болса, күйеуінің туысы Юрий Корочкин – “Алмаз” механикалық қырманының механигі. Меңгеруші қырман жұмысшылары ішінде Оксана Суммитинова мен Елена Русактың өздеріне тапсырылған іске тындырымдылығын атап өтті.
Серіктестіктің бас агрономымен бірге шаруашылықтың Виноградовка ауылдық округімен шектесетін ең шеткі соңғы танаптарында арпа бастырып жатқан звено комбайншыларының жұмысымен таныстық. Танаптың шетінен түре түскен бес комбайн шыдатар емес, өздерінің түс ауа осы 150 гектар алқапты жинап алатындарын айтады. Ал онымен іргелес жүгеріден босаған алқапта шаруашылықтың ең тәжірибелі механизаторы Николай Саутин өзінің сенімді серігі “К-700” тракторымен пар жыртуда. Төңіректе ұлан-байтақ алқапта осындай парлардың жыртылғанын көрген біз тәжірибелі агрономның табыс сырының парда екенін тегін айтпағанын түсіндік.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp