«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН ЕЛДІ жарқын болашақ күтеді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.

Облыстық газетте ай сайын жарияланатын “Қазақстаным – қара шаңырағым!” қосымшасын жүргізгендіктен, бірлік, келісім тақырыбына көбірек қалам тербеймін. Жұмыс барысымен өңірімізде өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдерімен кездесіп, қазақ жеріне аяқ басқан сәттен бастап, осы күнге дейінгі тіршілігі жайлы әңгімелесеміз. Әр әңгіменің өзегі біреу – бейбіт өмір сүру. Иә, бүгінгі қоғамда бейбіт өмір сүріп, тыныштықта таңыңды атырып, күніңді батыру табиғи заңдылық емес, қол оңайлықпен жетпес аса қымбат дүниеге айналғандай.
Сондықтан да этносаралық татулық, халықтар достығы – асыл қазына. Баяғы Кеңес Одағының тұсында да халықтар достығы деген идеология жүрді. Сырты – бүтін, іші – түтін бұл идеология күшті саясаттың және темірдей тәртіптің ырқымен жүргізілген. Осының кесірінен ұсақ ұлттардың есесі кетіп жатты. Тілдік мәселе сыңаржақ жүргізіліп, қызыл империя орыс тілінің өктемдігін үдеткен. Сондықтан да, Қазақстан егеменді ел болғаннан бастап, өзінде тұрып жатқан түрлі этнос өкілдеріне кең тыныстауға мүмкіндік берді. Президенттің кемеңгерлігі арқасында ешкімге күш салмастан-ақ таза, шынайы пейілмен, достық көңілмен қарым-қатынасты арттыру қолдау тауып отыр. Біздің достық, бейбітшілік пен түсіністік саясатымыз – нағыз кісілік, жоғары адамгершілік достасу. Бұған елімізде тұрақтап қалған басқа ұлт өкілдері куә. Сол себепті осы мемлекеттің азаматы болғандықтан, этнос өкілдері де біздің тілімізді, мәдениетімізді, тарихымызды құрметтеп, қазақпен қанаттаса, сыйласа отырып, қатар гүлденуге ұмтылуда.
“Бүгінде жаһандық әлем бірліктің формуласын іздейді және оны осы жерден – біздің Қазақстаннан табады”, деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясында. Шынында да, 130-дан астам ұлттың бір-бірімен тіл табысып, тыныш өмір сүріп, жыл сайын Қазақстан халқы бірлігі күнін мәз-мейрам болып тойлайтын Отанымызға әлемнің қайсыбір мемлекетінің болсын назары ауғаны сөзсіз. Жерінің асты ғана емес, үсті де бірлік деген байлыққа толы елімізге қызыға да, қызғана да қарайтындар жетерлік. БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескенде Қазақстан халқы Ассамблеясының қағидасы – құрмет пен төзім Біріккен Ұлттар Ұйымының да қағидасы екенін тілге тиек еткен болатын. Ендеше бүкіл әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, ұлттар арасындағы достық қатынастарды дамыту, халықаралық мәселелерді шешуде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру мен адам құқығын құрметтеуді қолдау, осы мақсаттарға қол жеткізуде ұлттардың бірлесіп әрекет ететін орталығы болуды мақсат тұтқан БҰҰ бұл пікірді оған лайық елге айтты. Олай дейтінім, бір кездері тарихи Отанын іздеп, көшіп кеткен өзге этнос өкілдерінің қайтадан оралуларының өзі көп жайды аңғартады.
Еліміздегі этносаралық бірлік жайындағы ойымды түйінді мысалдармен дәлелдегім келеді. Сол себепті бір мақалаға тоқталсам деп едім. Ресейлік басылым “МК”-да Игорь Кармазиннің Лондон ХХХ Олимпиялық ойындарындағы қазақстандық спортшылардың жеңістеріне таңданыс білдірген мақаласы жарияланған болатын. Онда мақала авторы Қазақстанның осынша алтын алуына этносаралық татулық себеп екендігін ашық айтқан. Бұл сөзіне дәлел ретінде ол әлеуметтік желілердегі қазақ форумдарында жарияланған пікірлерді айтып өткен. Солардың ішінде “Илья бүкіл қазақстандықтарды қуанышқа бөледі. Және біздің қолымыздан не келетінін көрсетті” деген жазбаны мысалға келтірген. Бұдан бөлек, “Илья Олимпиадада барлығын жеңетінін айтты. Кез келген қазақ мақтанады. Илья да мақтанды және мақтануға тұрарлық іс бітірді. Ол – біздің спортшы. Олар біздің алтын чемпиондарымыз” деген пікірді де мақаласына қосыпты. Автор қазақстандық форумдардағы пікірлерді оқып, ресейлік жанкүйерлердің ұлтқа бөлінетін әдетіне қынжылып: “Қазақ жанкүйерлерінің қасында біздің жанкүйерлердің әлеуметтік желілердегі сөздері – ұят. Бізде ұлтқа бөліну, чемпиондарды да ұлтқа бөлу бар. Бізге қазақ көршілеріміздің спортта жеңу тәжірибесінен бөлек, ұлтты сыйлау мәдениетін де үйрену керек”, – деп жазған.
Мұндай қынжылыс орынды да. Себебі, әлемде ұлтаралық татулық, дінаралық төзімділік, халықтар арасындағы ынтымақтықты сақтау үлкен мәселеге айналған. Әлем жұртшылығының бұқаралық ақпарат құралдарынан күнделікті көретіні – қырғын, еститіні – дау-жанжал. Оның ішінде ұлттар мен діндер аралық қақтығыс жан түршіктіреді. Ал “қырық темірдің қылауындай” болған Қазақстанда осы күнге дейін “шың” еткен дыбыс жоқ. Бәрі бір үйдің баласындай өмір сүруде. Әрине, бұған қарап алаңсыз отыруға болмайды. Қазақстанның әрбір азаматы мемлекет тыныштығын қорғауға, Президент саясатын қолдай отырып, елдің амандығын, ортақ болашақ пен кемеңгер келешек үшін күресуге ниетті болуы керек. Бұл – әрбір азаматтың парызы. Тек Президенттің ғана емес, барша қазақстандықтардың міндеті. Себебі, жұмыла жүк көтеріп, бір тілек пен бір жүректің астынан табылған мемлекетті жарқын болашақ күтеді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp