– Жандар бар деп жаулық ниет бізбенен,
Кезең туды “Халық жауын” іздеген.
Бас араздық кесірінен, жаладан
Қамау көріп жатыр жандар жүздеген.
Қайғы кернеп, үрей жұтып бар алап,
Кінәсізді “кінәлі” деп қаралап.
Ұлтын сүйген талай жанның жүрегін
“Ұлтшыл” деген ызғарлы сөз жаралап.
Жалған жала сұр жыландай жақындап,
Жақсылардан қалмай қойды тақымдап.
Бүгін, міне, өсек-жала кетпекші,
Ортамыздан Бейімбеттей ақынды ап.
Жету үшін биік асу, белеске,
Сенбеу керек жалған жала – елеске.
Біле білсек, мақтанышы қазақтың –
Сөз зергері Бейімбеттер емес пе?!
Көтерілген әдебиет өріне,
Қаламгерді ардақтайды елі де.
Бейімбеттей асылыңды жау көрсең,
“Халық жауы” деп біліңдер мені де!..
Қатер сәтте досқа құшақ айқарған,
Әр ісінен тектілігі байқалған.
Адамдықтың асыл сөзін Ғабеңдер
Парасаттың мінбесінен айта алған.
Айыртау ауданы.