«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ – ШЫНАЙЫ ӨҢІРЛІК ҮРДІС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.

1996 жылы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Еуразиялық Ұлттық университетке есімі берілген Лев Гумилевтің туғанына биыл 100 жыл толады.
Елбасы Тәуелсіздіктің жиырма жылынан бері тату көршілік, тең құқықтық және адал әріптестік ТМД елдерінің экономикалық бірігуі үшін қажетті шарттар екенін үнемі атап өтіп келеді. Тек осы негізде ғана бірлескен көлік жобалары, инновациялық үлгідегі ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту сияқты басқа да интеграциялық сипаттағы ұзақмерзімдік жобалар іске асырылуы мүмкін.
1994 жылы өзі ұсынған Еуразиялық жобаның уақыт өте келе бұдан да өзекті бола түсетініне Нұрсұлтан Назарбаев сенімді. Сондықтан да ол: менің сондағы ұсынғаным осы күнге дейін оңтайлы нұсқа болып табылады. Ол қазіргі Еуроодаққа ұқсас одақ құру үлгісі болды. Тек оларға елу жыл қажет болса, ал бізде оған дейін ортақ тарихымыз, ортақ аумағымыз, ортақ экономикамыз, ортақ тіліміз бен ортақ ақшамыз болды, егер біздің саяси ерік-жігеріміз болса, шамасы осындай үлгіге өте тез жетер едік. Бірақ біз бәрібір Еуразиялық одаққа тоғысамыз, деген сөзін қайталаудан жалығар емес.
Иә, Еуразиялық экономикалық одақ шынайы қажеттілік болып табылады. “Сіз картаға көз салыңызшы: қандай кеңістік, қандай байлық?! Мұндай жер қорлары, мұндай минералдық шикізат қорлары, соның ішінде жеткілікті қуат көздері ешкімде жоқ. Мұндай дайындықтан өткен кадрлар, мұндай білімді адамдар ешқайда жоқ”, – дейді ол.
Қазақстан Президентінің ұстанымы Ресейде жоғары деңгейде қолдау тапты. 2011 жылы Владимир Путин “Еуразияға арналған жаңа интеграциялық жоба – бүгіннен басталатын болашақ” атты мақаласында еуразиялық интеграцияның қажеттілігіне келісті. Қалай дегенде де Еуразиялық жоба ұсыну және оны іске асыру басымдығы Қазақстанның еншісінде қалып отыр.
Еуразиялық кеңістікті құру жоспарында Нұрсұлтан Назарбаев барлық бағытта белсенді жұмыс жүргізуде, соның ішінде адам әлеуетін де пайдалануда. Оны бастамасы бойынша төрт мемлекет басшыларының мемлекетаралық кеңесі (Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей) 1998 жылғы 23 сәуірде “Қарапайым адамдардың тілегіне қарай қарапайым он қадам” Мәлімдемесін қабылдады. Онда жүріп-тұру еркіндігін шектеуді жою, ақпарат тарату, өзара сауда, азаматтар үшін тұрғылықты жерін анықтау, азаматтық алу, білім алу және бизнесті жүргізу бойынша рәсімдерге жеңілдік енгізу ұсынылды. Бұл шараларды жүзеге асыру бірыңғай экономикалық және гуманитарлық кеңістік құруға нақтылы жақындай түсуге мүмкіндік берер еді.
Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетте 2009 жылғы наурызда өткен университеттердің еуразиялық қауымдастығының ХІ съезінде сөйлеген сөзінде Елбасы жаһандық дағдарыс жағдайында еуразиялық интеграциялық тұжырымдаманың өзектілігі тағы да дәлелденіп отырғанын атап өтті.
Мұхиттан алыс орналасқан елдер әлемдік экономикалық сауда-саттыққа араласқан кезде қосымша шығын шегуіне тура келеді. Америкалық геосаясаттың тізгінін ұстаушылардың бірі А.Т.Мэхэн дөп басып айтқанындай: “Тауарларды сумен тасымалдау, құрғақтағыға қарағанда әрқашан да жеңіл әрі арзан”. Сондықтан еуразиялық идея Еу-разияның құрлықтағы елдерінің әлемдік экономикалық нарыққа енуінің айрықша тұжырымдамасын көздейді. Ол еуразиялық “хартлендтің” геосаяси жағдайының “кемшілігін” “артықшылыққа” айналдыруды мақсат етеді. Осындай айдан анық артықшылық – Орталық Азия елдерінің және де бірінші кезекте Қазақстанның Еуразия кеңістігінде тауар тасқынының тиімді транзит буыны немесе қазір жиі айтатындай, “құрлықтық көлік дәлізі” болу мүмкіндігі. Осы дәліздің инфрақұрылымын дамыту арқылы Қазақстан өзінің үлкен құрлықтың ортасындағы шешуші стратегиялық жағдайынан мол пайда таба алады.
Бүгінде жаңа тарихи кезең басталып, оның барысында экономикалық және саяси дамудың баламалы үлгілері өзара бәсекелесетін болады. Өңірлік интеграциялық топтар құрылуда. Еуропада, Латын Америкасында, Парсы шығанағы төңірегінде, Оңтүстік-Шығыс Азияда Қазақстан Президенті бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдерді сонау 1994 жылы шақырғандай одақтасу үрдісі жүріп жатыр.
“Тек білек біріктіре отырып, өз мемлекеттеріміздің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз етуге болады”, – дейді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ Елбасымыздың айтуынша, дағдарыс зардабы бұл орайдағы көптеген бос қиялды жоққа шығарды. Кешегі “қан тапсырушылар” және бізге қалай өмір сүруді, мемлекетті, саясатты қалай құруды үйреткендер бүгінде өздерінің, бізге қарағанда, өте ауқымды мәселелерін шешуге мәжбүр. Егер біз өзіміздің жағдайымызды өзіміз ойламасақ, бізге ешкімде қамқорлық жасамайды, дейді Елбасы.
Қазақстан Президентінің ұстанымдарына негізделген Еуразиялық экономикалық одақ Еуразия елдерін жаһандық тұрақсыздықтың бүлдіргіш ықпалынан шығаруға қабілетті, іргелі өміршең өңірлік бірлестік бола алады. Еуразиялық кеңістіктегі бірігуде, ел Прези-дентінің пайымдауы бойынша, экономика-лық, әскери-саяси және мәдени-гуманитарлық өлшемдер бар. “Бәрібір Еуразиялық одақ құрылатынына мен сенімдімін”, – дейді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ ол оның бүкіл Еуропа мен барлық Азияны қамтитынын да жоққа шығармайды. Өйткені, Елбасының пікірінше, біздің үлкен құрлықтың жағдайы осыны қажет етеді, оның бір бөлігі екіншісіне әрдайым қажет болып тұрады.
Қазақстан Президентінің еуразиялық жобасының өзектілігін өмірдің өзі дәлелдей түсуде. Бұл идея қазіргі уақытта Еуразия мемлекеттерінің бірден-бір шынайы өмір сүруінің және олардың жалпыәлемдік үйлесімге қосқан үлесінің тұжырымдамасына айналуда.
Саяси тәжірибе көрсетіп отырғанындай, Елбасының идеялары уақыттан озық. Қазіргі қалыптасып отырған жағдай көрші елдердің халықтары мен саясаткерлеріне Қазақстан Көшбасшысының ұсыныстарына неғұрлым сергек құлақ түруді талап етеді. Бүгін кез келген салиқалы саясаткер Еуразиялық экономикалық одақтың құрылатыны туралы Қазақстан Президентінің тезисін жақтайды. Қос құрлықты біріктіретін үлкен одақтың құрылатын күні де алыс емес екенін осызаманғы жаһандық әлемдегі шынайы өңірлік үрдіс аңғартып отыр.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp