«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КАПИТАН ЖҮКЕНОВ – болашағы зор қызметкер

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Динара САҒЫНДЫҚОВА, 

СҚО ІІД баспасөз қызметінің аға инспекторы.

Ертең – Қылмыстық іздестіру күні. Алайда, осындай атаулы мерекеде де жедел уәкілдерге тыным жоқ. Олар демалыстың не екенін ұмытқан жандар десек, артық айтқандығымыз емес. Мүліктік қылмыстар бөлімінің бастығы, полиция капитаны Әсет Жүкенов мереке күні өзге әріптестерімен бірге салтанатты шарадан соң әдеттегідей кезекті қылмыс оқиғасы орнына аттанады.
Әсет бала кезінде полицей емес, алыс сапарларға аттанатын көлік жүргізушісі болуды армандапты. Жол жүруді көңілі қалап, саяхатқа шығуды аңсаған. Бүгінде жас маман өзге саланы таңдаса да, балалық шақтағы арманының басқа қырынан орындалғанына қуанышты. Жедел қызметте жүрген кезінде барлық Қазақстан аумағы мен Ресейдің ірі қалаларын аралап шыққан. Тіпті, жұмыс бабымен Солтүстік мұзды мұхит жағалауында да болып қайтқан. Әрине, қылмыскерлерді қолға түсіру мақсатында. Полицей 2009 жылы Ресейдің Дондағы Ростов қаласына сапарын әлі ұмытқан жоқ. Өйткені, сол кезде Әсет Жүкенов Қызылжар АІІБ тергеу тобының жедел уәкілі қызметіне жаңадан тағайындалып, оған жауапты істер тапсырылған болатын. Петропавл қаласының тұрғыны қарақшылық шабуыл жасағаны үшін 10 жылға жуық уақыт бойы іздеуде болған. Әсет осы істі мұқият қарастырып, қылмыскерді туысқандары арқылы табу мақсатында Мәскеуге дейін барған. Бірақ осындағы және өзге қалалардағы іздестіру жұмыстары еш нәтиже бермей қойған. Кейін операция қайта жалғасып, ақыры қылмыскер Көкшетау қаласында қолға түсті.
Бүгінде мүліктік қылмыстарды ашу жөніндегі бөлім қарақшылық шабуыл, ұрлық, тонау, алаяқтық сияқты қылмыстарды қарастырады. Биылдың өзінде үш жарым мыңнан артық ұрлық тіркелген. Қылмыстардың жалпы санының 80 пайызын мүліктік қылмыстар құрайды, ал оларды ашу оңай жұмыс емес. Әсет Жүкенов сияқты білікті мамандардың басшылығымен бө-лімде кәсіби жедел уәкілдер жұмыс істейді. Өткен жеті жылдың ішінде ашылған қылмыстар санында шек жоқ.
Соңғы кезде белең алған алаяқтық қылмыстарын ашу да оңайға түспепті. Ұялы телефон арқылы хабарласып, алдап-арбау арқылы зейнеткерлердің ақшасын иемденген ер адамды анықтау біраз уақытқа созылғанымен, тәжірибелі полицейлер қылмыстық іске нүкте қойды. Әсет әріпестері Ерлан Арынғазиновпен, Александр Синягинмен бірге қылмыскердің соңына түсіп, ақыры оны құрықтаған. Жыл басынан бері алаяқтыққа қатысты 250 қылмыс тіркелген. “Жедел уәкілге ең бастысы – өз қызметін сүю”, – дейді Әсет Жүкенов. Ол өзінің еңбексүйгіштігі арқасында жоғары жетістіктерге жетіп, 2008 жылы жас маман бола тұрып, жыл қорытындысы бойынша ең үздік жедел уәкіл атанған.
“Капитан Жүкенов – болашағы зор қызметкер, жауапты, оның бойында жедел уәкілге тән барлық қасиеттер бар”, – дейді СҚО ІІД криминалдық полиция басқар-масының бастығы Қанат Айтбаев.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp