Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Ш. Айманов атындағы “Қазақфильм” киностудиясының түсіру тобы артына өлмес мол мұра қалдырған дарынды жерлесіміз Аяған Шәжімбаев жайлы фильмге арқау боларлық деректер жинау мақсатымен облысымызда болды. Оны белгілі кинорежиссер, Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі Дархан Қожахан бастап келіп, төрт күндік жұмыс сапар барысында Аяған оқыған мектепке, аты берілген көшеге ат басын тіреді. Марқұмның есімімен аталатын білім ұясына, туған жері – Есіл ауданындағы Қаратал ауылына аялдап, көз көрген куәгерлермен сұхбаттасты.
– Киностудия басшылығы фильм түсіруге 2 миллион теңге бөлді. Соған орай аяулы жанның мерейтойына лайықты тарту әзірлеуді мақсат тұтып отырмыз, – дейді фильмнің директоры Шынар Бөрібаева.
Иә, өмірден ерте кеткен жерлесіміздің 25 қарашада атап өтілетін мерейтойына әзірлік қазірдің өзінде туған жерінде басталып кеткен. Есіл аудандық әкімдігі жеке мұражайын жабдықтап, мүсінін орнатуға қаржы қарастырып отыр. Бұдан басқа жеке шығармалар жинағын шығару, қазақ күресінен жарыс өткізу көзделген. А. Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Орал Ғазизованың “Кинорежиссер А.Шәжімбаевтың еңбектерін оқу-тәрбие үрдісінде пайдалану” атты көмекші әдістемелік құралын облыстық білім басқармасы мен Солтүстік Қазақстан педагог кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының жедел басып шығаруы қолдауға тұрарлық. Онда жерлесіміздің өмірі, шығармашылығы жайлы материалдар, жас ұрпақты отан-сүйгіштікке тәрбиелейтін еңбектері молынан қамтылған. Мәселен, “Алжир. Біз куәміз” деректі-публицистикалық фильмі жан-жақты талқыланып, ұлттық рухымызды көтерудің үздік туындысы ретінде ұсынылады.
Деректі фильмнің авторы әрі режиссері Дархан Советханның айтуына қарағанда, жаны жайсаң Аякеңнің өмірі мен шығармашылығын ашып көрсетуде жерлестерінің ой-тұжырымдары басты арқау етілетін болады.