«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМ мен ЕҢБЕК ҰШТАССА…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің әр Жолдауында, әр сөйлеген сөзінде еліміздің білім беру саласына, жастарымыздың білімді болып өсуіне көп көңіл бөліп келеді. Президентіміз бұдан 15 жыл бұрын халыққа ұсынған алғашқы Жолдауында: “2030 жылы біздің ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдік оқиғалардың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмір сүретін болады”, – деген еді. Бүгінгі күні осы айтылған сөздерінің орындалғанын өз көзімізбен көріп отырмыз.

“Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” атты бағдарламалық мақаласында Президент білім беру жүйесін жаңғырту жөніндегі бұдан былайғы қадамдарды атап өтіп, Қазақстандағы білім беру жүйесін жаңғыртуды үш басты бағыт бойынша жүргізуді ұсынды. Олар:
1) білім беру мекемелерін оңтайландыру;
2) оқу-тәрбие үдерісін жаңғырту;
3) білім беру қызметтерінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру.
Ал биылғы қыркүйек айының басында Астанадағы Назарбаев Университетінде “Қазақстан білім қоғамы жолында” тақырыбында студенттер алдында оқыған дәрісінде Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің жастарының білім мен еңбекті ұштастыра ілгерілеуіне баса назар аударды. Дәрісінің негізгі қағидасын Елбасы: “Біздің қоғамда адал еңбекті терең біліммен ұштастырған ғана табысқа жете алатынын қаперден шығармаған абзал”, – деп тұжырымдады.
Кейін “Егемен Қазақстан” республикалық газетінің басшысы Сауытбек Абдрахмановқа берген сұхбатында Елбасы осы ойын былай деп нықтады: “Еңбек әртүрлі. Оқу да еңбек. Үлкендерге көмектесу де еңбек. Баланы еңбекке тәрбиелеу кішкентайында үй шаруасына қолғабыс тигізуге үйретуден, сабақты жақсы оқытудан басталуы керек”.
Президент: “Кеңестік кезеңде үлкен өндіріс орындарында кәсіби мамандыққа, жалақысы мол жұмыстарға бізді жібере қоймайтын. Қарағанды, Балқаш, Екібастұз, Теміртауда салынған зауыттардағы мамандар тек Ресейдің түкпір-түкпірінен әкелінді. Біздің қазаққа орын болмады. Оларды ешкім оқытпады. Ал қазір жағдай басқаша ғой. Өндіріске қазақ жастары көптеп тартылуда”, – деді.
“Бүгінде білікті жұмыс қолдары жетіспейді, жұмыс істегісі келгендердің бәрі жұмыс табады және бір емес екі жұмыс тауып, еңбекақы алу мүмкіндігі бар. Тек ниет болуы керек. Егер біз өмір сапасының әлемдік жоғары үлгі-қалыптарына жетеміз десек, онда соған сәйкес еңбек ету қажет”, – деді өз дәрісінде Елбасы.
Қазірдің өзінде инженерлер, дәрігерлер, химиктер, биологтар мен “нақты” және “табиғи мамандықтардың” өзге де өкілдері айрықша тапшылық туындатып отыр. Білімнің маңызын көрсете келе, “Білімді біз мемлекеттік экономикалық ресурсы, өндіріс факторы ретінде қарастырамыз. Біз халықаралық үлгі-қалыптарға жақындата отырып, ұлттық білім беру жүйесін бірізділікпен жаңғыртудамыз. Соңғы үш жыл бойына Қазақстан ЮНЕСКО-ның білім беруді дамыту индексі бойынша әлемнің 129 елі ішінде көшбасшылардың төрттігінде тұр”, – деп атап айтты Елбасы.
Президент өзінің дәрісінде “Болашақ” бағдарламасымен жоғары технологияларды игерген жас кадрлар толқыны Қазақстанға келгенін, осы бағдарлама бойынша 8529 қыз-жігіт білім алып, қазір олардың көпшілігі шетелдік компанияларда, мемлекеттік қызметте білімдеріне сәйкес жұмыс атқарып жүргенін тілге тиек етті. Солардың 168-і Назарбаев Университетінде жұмыс істейді, білім мен ғылымды ұштастырып, жаңарған Қазақстанның жастарын тәрбиелеп жүр.
Мемлекет басшысы өз дәрісінде Тәуелсіздіктің 20 жылында қол жеткен қомақты табыстарымыз туралы айтып, ел экономикасының индустриялық-инновациялық дамуында білім мен ғылымның алатын рөлі өте маңызды екендігін қадай айтты. Сондай-ақ жастар саясаты, саламатты өмір салтын қалыптастыру, 12 жылдық білім беруге көшу, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету, көптілді білім берудің жаңа үлгісін енгізу, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру сияқты алдағы мақсаттарды айқындап берді.
Еліміз жеткен табыстарда біздің облысымыздың да үлесі бар. Өңірімізде білім беру жүйесін дамытуға бөлінген қаржы жылдан-жылға көбейе түсуде. Оған бюджеттен биылғы жылы 36 миллиард теңге бөлініп, өткен жылғыдан 9 пайызға өсті. Жаңа мектептер салынуда. Айыртау ауданындағы Кирилловка орта мектебінің жаңа ғимараты пайдаланылуға берілді. Есіл ауданында Тауағаш орта мектебінің жаңа үйі жуырда іске қосылмақшы. Жамбыл ауданындағы Айтуар ауылында, Мамлютка қаласында мектептер, Петропавлда – 320, Ақжар ауданында 60 орындық балабақшалар құрылысы жүргізілуде. “Балапан” бағдарламасы бойынша бүлдіршіндерді балабақшалармен қамтамасыз етуге жеке кәсіпкерлерді тарту жұмысы жалғастырылуда. Қаламызда Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрылысы жүріп жатыр. 120 орындық жатақханасы бар, 720 орындық мектеп химия-технология бағытында білім беретін болады.
Мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай қамқорлық білім беру ұйымдарындағы оқу сапасының жақсаруына оң әсер етуде. Оған дарынды оқушыларымыздың республикалық, халықаралық білім, өнер, спорт сайыстарындағы жетістіктері дәлел. Мысалы, облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша, біздің облыс оқушылары республикалық олимпиадаларда – 25, халықаралық олимпиадаларда 28 медальді еншілеген. ҰБТ-ның қорытындысында біздің облыс мектептерінің түлектері республика бойынша алдарына тек Астана, Алматы қалалары мен Ақтөбе облысының оқушыларын түсіріп, төртінші орынға ие болды.
Маған, әсіресе, Елбасының мемлекеттік “Болашақ” және “Балапан” бағдарламалары туралы пікірлері мен тілдердің үштұғырлылығы, оқытушылар мен түлектердің біліктілігін арттыру курстары туралы айтқан тың ұсыныстары зор әсер берді.
Елбасы сөзінің соңында еліміздің жастарын жан-жақты болуға, спортпен шұғылдануға, еңбекпен ерінбей айналысуға, өнерлі болуға, шетел тілдерін меңгеруге, отандық және әлемдік әдеби мұраны терең білуге шақырды. Қазіргі кезде тіл мәселесі дұрыс шешімін табуда. Өзге ұлт өкілдері де біртіндеп мемлекеттік тілді үйренуге кірісуде. Бұл тұрғыда облыс әкімі Серік Біләловтің қолдауымен облыстық тілдерді дамыту басқармасы тындырымды жұмыс жүргізуде. Бұл жұмыстың нәтижесі жыл сайын өткізілетін тілдер байқауы мен фестивальдарында көрініп жүр. Сонымен қатар, орыс тілі мен ағылшын тілін игеру ісі де алға басуда. Қазіргі кезде үш тілді бірдей меңгергендер саны көбейіп келеді. Бұл – қуанарлық жайт. Өйткені, бұл біздің жастарымыздың өркениетті елдердің жастарынан кем еместігін көрсетеді.
Елбасымыздың аталмыш дәрісі еліміздің жастарының еңбекке, білімге, ғылымға құштарлығын оятып, өрістетті деуге толық негіз бар дегім келеді.
Қайролла МҰҚАНОВ,
білім беру ісінің ардагері,
өлкетанушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp