«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРТУАР ТҰЛҒА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жарқын ЖҰПАРХАН.

Мен бәрін кітабыңнан сезінемін,
Құшақтап кітабыңды көз ілемін.
Киесі қазағымның дара Ғабит,
Иесі көсемсөздің өзің едің.

Қызықпай іліміне ібілістің,
Айтқанын данышпанның кімің ұқсын?!
Жанына Жаратқанның нұры түскен,
Қазақта қайталанбас құбылыссың!

Жағынбай, жалпақтамай жат жырына,
Сенгенсің Жаратқанның Хақтығына.
Алаштың сөзі болдың, көзі болдың,
Айналдың ақиқаттың ақ нұрына.

Жаралған Ар-Намыстан жан-жүрегі,
Әр жазбаң тебірентер мәңгі мені…
Сен туған топырақта бүгін, міне,
Тәуелсіз, тәуекелшіл таң күледі!

Қорғаштап қаламыңмен текті ұлым,
Қазақты ойлай-ойлай өтті күнің.
Алаштың Азаттығы кітабыңнан,
Бұрқырап боз жусандай жетті бүгін.

Көтерген қасиетті ардың ісін,
Көремін қаламыңнан нардың күшін.
Дүниеде жазушы көп… Ұлы Ғабит,
Сен соның біртуары, алғырысың!

Сен барсың, Қазақ барда, адам барда,
Жетеді әрбір сөзің замандарға.
Еңбегің мың жыл азық зиялыға,
Өнегең ой салады надандарға.

Жат түгіл бұл жаһанға бас ұрмадың,
Басыңнан тексіз сөзді асырмадың.
Маңдайың күмбірлеген күрең шындық,
Бүкпедің ештеңені жасырмадың.

Бұлқынып өр кеудеңде ғасыр кегі,
Жан дүниең даламның жасыл белі.
Ұрпағың Рухыңмен тыныстайды,
Тірілтіп ұлы түздің тасын да өлі.

Толғанып Қызылжардың қалқып мұңын,
Тербеттің туған жердің барқыт түнін…
Иісі аңқып тамырынан ұлы ойлардың
Жайылған тереңдікке тартып діңің.

Кісінеп көкжиекте жылқы ғалам,
Төсіне күнбатыстың Күн құлаған.
Естіліп ұлы дүбір ұлы түзде,
Тектілік тұяғынан бұрқыраған…

Ол – Сенің Рухың, Аға!..

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp