«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕКСҮЙГІШ ЖАСТАР – ЕЛ БОЛАШАҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауларында, мінберлерден сөйлеген сөздерінде жастармен жұмыс мәселелеріне, олардың болашағына, өмірге дайындығына баса назар аударады. “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” бағдарламалық мақаласында Президентіміз: “Басты бағыт – жас қазақстандықтарды дербес өмірге, бастамашыл еңбекке бейім-деудің тиімді жүйесін құру”,

Бүгінгі қоғам мен экономика жастарға да, жалпы білім беру жүйесіне де жаңа талаптар қойып отыр. Атап айтқанда, таңдаған мамандығың еңбек нарығында сұранысқа ие, мемлекет пен қоғамға қажет болуы керек. Жастар мен мектеп түлектері мамандықты уақыт талабына қарай таңдайды, өйткені нарық заманында болашақ мамандықтың әмбебап болғаны тиімді. Бұл қажет болған жағдайда бір мамандықтан екіншісіне қиналмай-ақ ауысуға мүмкіндік береді.
Біздің облыста кадрларды М.Қозыбаев атындағы Сол-түстік Қазақстан мемлекеттік университеті, 9 колледж және 17 кәсіптік лицей даярлайды. Олардың нарық сұранысына сай мамандарды даярлауға лайық жаңартылған материалдық-техникалық базасы бар.
Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған интернаттық мекемелер түлектерінің одан әрі жұмыспен қамтамасыз етілуі департамент қызметкерлерінің жіті бақылауында. Үстіміздегі жылы ғана осы мекемелерден 133 бала қанат қақты. 11-сынып бітірген 15-інің төртеуі жоғары оқу орындарына, 11-і колледждерге түсті. 9-сынып бітіргендердің 90-ы кәсіби лицейлерде білімдерін жалғастыруда. Қалғандары 10-сыныпқа барып жүр.
Балаларға кәсіптік бағдар беруді жүйелі түрде жүргізу мақсатында департамент қызметкерлері жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және “Жас Отан” жастар қанаты өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Олармен жасалған келісімге сәйкес “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының, “Дипломмен – ауылға!” жобасының мақсаттары мен міндеттері түсіндіріліп, кәсіптік бағдар бойынша шаралар өткізіледі. Үстіміздегі жылы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған интернаттық мекемелердің түлектері мен М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі және медициналық колледжін бітірушілердің кездесуін өткіздік.
Бүгінгі күні осы колледждердің түлектері облысымыздың түрлі салаларында табысты еңбек етіп жүр. Олардың арасында педагогтер, банк құрылымы мамандары, заңгерлер, кәсіпкерлер, мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиешілері, бұқаралық ақпарат құралдары мен медицина қызметкерлері бар.
Жастардың ұйымдастырушылық, еңбекқорлық және әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруда “Жас Отан” ЖҚ ҚБ, “СҚО белсенді жастары” ҚБ, “СҚО жастар ұйымдарының одағы” ҚБ, “Эмпириялық әлеуметтік технологиялар орталығы” ҚБ сияқты үкіметтік емес ұйымдар белсенді жұмыс істейді. Үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс тәжірибесі осындай ықпалдастықтың бірлескен әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруға жастардың нақты қатысуы мүмкін және тиімді екенін көрсетті. Олармен белсенді қарым-қатынас қазіргі заманда өзекті болып отырған адамгершілік бағдарлар мен рухани тәрбие мәселелерін өскелең ұрпақ бойына сіңіруде зор маңызға ие. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жастардың алдына қойып отырған міндеттері үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе өткізілген шаралар барысында жүзеге асырылып, балалардың қоғам өміріне белсене араласуына, жұмыс тәжірибесін жинақтауға, олардың өз-өзіне сенімін және әлеуметтік пайдалы еңбекке ынтасын арттыруға мүмкіндік туғызады.
Ғалия БАЛТАБАЕВА,
облыстық балалар құқығын қорғау
жөніндегі департамент
директорының орынбасары.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp