«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПРЕЗИДЕНТ КҮНІ – БАРШАМЫЗҒА ОРТАҚ МЕРЕКЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.

Биыл еліміз тұңғыш рет Президент күнін атап өткелі отыр. Қазақстандықтар үшін бұл – маңызды оқиға. Өйткені, барша халық өз Елбасын мақтан тұтпай ма?!
Сонымен бірге бұл атаулы күннің халықаралық қауымдастық үшін де маңызы ерекше. Біздің бұлай нық сеніммен айтуымызға Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірлік және жаһандық қауіпсіздікке зор үлес қосып, бар әлем үшін беделді тұлға болуы себеп.
Мұны атақты ағылшын биографы Джонатан Айткен де “Қазақстан. Тосын сый және таптаурын” атты кітапта орынды қозғаған. Оның айтуынша, геосаяси қайраткерлер, әлем көшбасшылары мен халықаралық сарапшылар ортасында Нұрсұлтан Назарбаев – ерекше тұлға. Елбасының халықаралық бастамалары, 90-шы жылдардағы батыл іс-қимылдары және осы заманның аса өзекті мәселелері бойынша белсенді ұстанымы оның беделін арттырды.
Тұңғыш Президентіміздің басшылығымен еліміз Тәуелсіздік жылдарында өңірлік ірі мемлекет және әлемдік саясаттың ықпалды қатысушысы ретінде қалыптасты. Қазақстан ұлттық ерекшелік пен оның геосаяси айналасының саналуандығын ескере отырып, еуропалық құндылықтарға, көпқырлы стратегиялық бағыттарға басымдық берген мемлекетке айналды.
Нұрсұлтан Әбішұлының пікірінше, өз айналасынан аса алмаған адам әлемдегі барлық идеялар мен білімді игере алмасы анық. Тек экономикалық баршылық үшін күрес, жалған ұлттық мүдделерді қорғау түбі ауыр соққыға әкеліп соқтырады. Оның ақыры мемлекеттің өзінің шынайы егемендігінен айрылуымен аяқталады. Президенттің мұны болдырмас үшін Қазақстанға белсенді ынтымақтастық, ашық, тиімді сыртқы саясат қажет деген ойы орынды айтылған. Қазақстанның әлемдегі орны деген осындай түсінік Астанамызға елдің сыртқы саяси стратегиясын тұрақты оңтайландырып, қазақстандық сыртқы саясаттың мазмұнын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Бүгінде Қазақстан ТМД институттарын реформалау үдерісінің белсенді қатысушысы болып табылады. Достастық проблемалары туралы айта отыра, Елбасы уақыт өте келе оның құрамында бір немесе екі мемлекетаралық бірлестік қалуы мүмкін деген пікірін бірнеше рет білдірген еді. Оның пайымдауынша, бүгін құрылып отырған ЕЭК, Еуразиялық экономикалық қауымдастық сияқты одақтар түбінде дұрыс қалпына келеді. Сөйтіп, сыртқы саясат саласындағы сындарлы бастама Елбасымыздың еншісінде қалып отыр, өйткені ол өз бастамаларымен еуразиялық өзара байланыс идеясына жаңа рең берді.
Астанада өткен әлем діндері көшбасшыларының съезі Қазақстанның және оның астанасының сыртқы саяси брендіне айналып, осы замандағы дінаралық диалогқа жаңа көзқарасты білдірді. Осылайша Нұрсұлтан Назарбаев Батыспен қарым-қатынасты саяси және экономикалық мәселелер шеңберінен алысқа шығара білді. Ол бүкіл Батыс қоғамының “ақсап тұрған жерін”, яғни Шығыс-Батыс байланысындағы дін мәселелерін түсін-беушілік және оны дұрыс жолға қоя білмеу проблемасын тапты. Этносаралық және дінаралық келісім үйлесімділігінің үлгісі ретінде Қазақстан дінаралық диалогтың орталығына және жеткізушісіне айналды. Осындай жағдайда ғана мұсылман елдерімен мықты байланыс орнатуға болатынын мақтанышпен айта аламыз.
Жоғарыда аталған факторлардың арқасында Қазақстан бүгінде келешегі зор және тез дамып жатқан елдердің біріне айналды, ол көз алдымызда өркендеп, қажетті тұрақтылыққа, төзімділікке қол жеткізіп, Батыс пен мұсылман әлемінің саясатына тиімді ықпал ете бастады. Өзінің сыртқы саяси келбеті жөнінен Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы шынайы көпірге айналып отыр. Еуропа аумағында тұрып, Түркия сияқты біздің елдің де өзін Еуропа мемлекеті ретінде санауға толық құқығы бар.
Қазақстан, Ресей және Еуропалық Одақ арасындағы байланыс жаңа мазмұн мен сапаға ие болуда. Осыған орай энергетика саласындағы және визалық қолдау проблемалары жөніндегі қарым-қатынас айрықша назар аударуды талап етеді. Қазақстанның бастамалары туралы айта отырып, БҰҰ мінберінен Президентіміз ұсынған энергетикалық қауіпсіздік және энергожеткізілім қауіпсіздігінің еуразиялық пактісі туралы идеясы жөнінде атап өтпеу мүмкін емес.
Көптеген беделді сарапшылардың пікірінше, Қазақстанға, Ресейге және Еуропалық Одаққа қауіпсіздік, энергетика және тасымал саласында ортақ көзқарас ойластыру қажет. Осы орайда, әсіресе, Астананың Қазақстан, Ресей мен Еуропалық Одақ мемлекеттері арасындағы байланысты үйлесімді ету және энергетикалық салада даусыз қарым-қатынасты орнату бойынша сындарлы саясатын жоғары бағалау керек.
Кеден одағы құрылтайшыларының бірі ретінде Қазақстан өзінің Еуропалық Одақпен байланысын жаңа деңгейге шығарып отыр. Енді Беларусь пен Еуропалық Одақтың шекарасы еліміздің сыртқы экономикалық шекарасына айналуда. Ал өзінің тәуелсіздігі жылдарында Қазақстан еуразиялық кеңістіктің лайықты көшбасшыларының біріне айналды. Жаһандық тегеурінге төтеп бере алған әрі қарқынды дамып келе жатқан мемлекет бүгінгі күні қол жеткізген нәтижелеріне сүйеніп отыр, ол сапалы жаңа позицияларға ілгерілеуге қабілетті. Өз тиімділігін дәлелдеген Қазақстанның сыртқы саяси саладағы стратегиясы оң мазмұнын сақтап қалады. Президентіміздің өзара байланыстың көпқырлы және жан-жақты саясатына еш балама жоқ.
Елдің сыртқы саясатының табысты жүзеге асырылуы аса көрнекті саяси қайраткер, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шүбәсіз жетістігі екенін ерекше атап өткен жөн.
Биыл тұңғыш рет Президент күнін атай отыра, біз Елбасының сыртқы саяси стратегиясына ерекше құрметпен қарауымыз қажет, өйткені бұл Қазақстанның ХХІ ғасырдың жаһандық әлеміндегі орнықты ұлттық дамуының тірегі болып табылады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp