«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОҚА АЙДАҒАН БАЛАЛЫҒЫМ Елбасы мақаласын оқығанда есіме түсті… (Эссе)

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тілеген ЖЕТЕЕВ.

“Адамның күні – адаммен” деген нақыл сөздің шындық екеніне дау жоқ. Жасым 70-тен асқанда артымда қалған соқпақ іздерімді – өткен күндерімді саралап қарасам, жақсылардың шарапатын, жамандардың қиянатын көрген күндерім аз болмапты. Әрине, адамның өз ортасына сыйымды, абыройлы болуы көбіне өзінің жеке басына, бойындағы туабіткен қабілетін дұрыс бағалап, ел игілігіне жарата білуіне байланысты. Менің ес біліп, етек жапқаннан кейінгі саналы өмірімнің көпшілігі кешегі КСРО-ның кезінде, еліміздегі жалғыз партия – компартияның тәрбиесінде өтті. Партия не айтса, соған сендік. Есейе келе еліміздегі социализм қоғамдық құрылымның белсендісі болдық. Коммунистік “жарқын болашақ” үшін аянбай еңбек етіп, жақсы жетістіктерге жеткенімізді мақтаныш көрдік. Жанпида еңбегіміз үшін орден алып, медаль тағындық. Ол жылдары адамдардың еңбекке деген ынта-ықыласы ерекше, тіпті, фанатизммен тең еді. Оны дәлелдеу үшін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Сауытбек Әбдірахмановқа берген “Еңселі елдікке еңбек жеткізеді” деген сұхбатынан (“Егемен Қазақстан”. 21 тамыз 2012 жыл.) үзінді келтірсек жетіп жатыр:

“Мен ес білгеннен еңбектің ортасында өстім. Ана жолы айттым ғой, менің әкем Әбіш – ғұмыр бойы жұмыс істеп өткен адам. Ол кісінің бос отырған кезін көрген емеспін. Не малды қарайды, не егін егеді, не отын жарады, не томар қопарады, әйтеуір, бір шаруаны қолға алып жатқаны. Шаршауды білмейтін адам сияқты еді. Ауыр жұмыстардан да қайтпайтын. Үш-қоңырдың биігінде салынған жолда да әкемнің қолының таңбасы қалған. Әкем мен шешемнің тағдыр тоғыстыруына да еңбек себепкер болған. Анам сонау Шу жақтан келіп, салынып жатқан жолға жұмысқа тұрған екен. Анам да жұмыс десе жанып түсетін. Үйдің жұмысын тындырып тастап, көрші-қолаңның шаруасына қарасып жүретініне қайран қалатынмын. Біздің үйдің адамдары ғана емес, бүкіл ауыл негізінен еңбеккер еді. Сол тәрбиені көріп өстік”.

 Біз, бүгінгі жер басып жүрген аға ұрпақ – сұрапыл соғыстың алды-артында тұрғандар осы сөздердің айна-қатесіз шындық екенінің тірі куәсіміз. Басымыздан өткен сол бір қиындығы зілбатпан болса да, қызығы да мол күндердің қадау-қадау кезеңдерін еске алудың өзі бір қызық. Сонау соғыс жылдары ауылдағы жұмыстың бәрі білектің күшімен, ат-арбаның ісімен атқарылды. Кейбір орақ тілді жазғыштар ол заманды “өгіз заман” деп те атайды. Олары орынды да сияқты. Өйткені, жер жырту, егін егу, оны жинау, малға шөп дайындау, тіпті, колхоздағы жеңіл-желпі деп айтарлық істердің бәрі Зеңгі баба тұқымдастардың мойнымен істеледі. Көктем шыға басталатын науқанды жұмыстардың кезінде ауылдың еңкейген кәрісінен бастап, қалпақпен ұрсаң ұшып түсетін сәбилеріне дейін егін далаларында болады. Бұл – әсірелеп айтқандық емес, өмір шындығы.

Менің аяулы анам Несібелі өзіміздің жуан қарын қасқа сиырмен бригадаға ас таратты. Тарантас арбаға ұзын қорап салып, оны бетімен бірдей етіп шөпке толты-рады. Әр үйден жиналған тамақты төгіліп-шашылмайтындай етіп, шөптің арасын ұялап орналастырады. Менің шамасы 2-3 жастағы кезім болса керек. Шешем мені ес көре ме, әлде соғыста жүрген әкемнің жалғыз ізбасары, шаңырақтың болашақ иесі дей ме, жасы үлкен апайым мен жасы кіші қарындасымды үйде қалдырады да, ұйқылы-ояу қалпымда әлденелерге орап әкеліп, қораптың артқы бір бұрышына отырғызады. Сиырмен үйді-үйді аралап жүріп ас жинау әжептәуір уақыт алады. Содан кейін апам қасқа сиырдың басын “Балшық үйдің” дөңіндегі бригадаға қарай бұрады. Аралық жеті шақырым. Жол даңғыл. Қасқа сиыр “ендігісін өзім білем” дегендей, бригада қосына маңдайы тірелгенше жуан қарыны солқ-солқ, емшегі сылп-сылп етіп, желе-жортып мөңкілдейді де отырады. Ол мөңкілдеген сайын ішіндегі сұйығы артынан “қылп-қылп” етіп, әбден іші ортайғанша толастамайды.
Менің анамның жұмысы тек қана ас әкелумен бітпейді. Ендігі жерде қасқа сиырға бұтақты ағаш тіркеп, себілген егістіктің бетін тырмалауға кіріседі. Менің орным қасқа сиырдың жап-жалпақ белдемесіне көшеді. Анам мені құлап қалмас үшін сиырдың кеуде тұсынан ұзын жіпті орап байлайды да, бір ұшын менің қолыма ұстатады. Үстімізден күннің ыстығы, астымыздан сиырдың денесінің қызуы өтіп, әбден мезі болып қалғып кеткенде, жұмсақ балшыққа “топ” ете қалатын кездеріміз де болады. Бұл – жалғыз мен емес, ауылдағы басқа балаларға да тағдырдың берген үлесі. Бригададағы жұмыс ұзақ күнге бір тоқтамайды. Әбден титықтап шаршағанымызға қарамай, қас қарая ертеңгі асты жинап әкелу үшін біз үйге қайтамыз. Қасқа сиыр таңғы мөңкілін ұмытып қалғандай аяқтарын ілбіп басады…
Біздің ауыл – дөң қуалай орналасқан ұбақ-шұбақ үш көшесі бар, аудан көлеміндегі ең ірі қазақ колхозы. Үш көшесі көлденеңінен үшке бөлініп, үш бригадаға бөлінген. Жалпы колхоздағы бар тіршілікті басқаратын басқарма біреу, шаруашылықтың әр саласын басқаратын өз бригадирлері, кіші белсенділері бар. Басшылыққа нағыз қолдарынан іс келетін, қабілетті, үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білетін, айтқанын істете алатын беделді адамдар тағайындалады. Әр бригада құрамындағы адам санына қарай екі, не үш звеноға бөлінеді. Науқанды істер социалистік жарыс түрінде ұйымдастырылады. Бригада арасында ауыспалы қызыл ту жүрсе, звенолар арасында жеңіп шыққан звеноларға тапсырылатын үлкенірек жалаушалар мен жекелеген озаттарға берілетін кіші жалаушалар жүреді. Жұмыс қорытындысы әр жұмада бір жасалады. Колхоздың мүмкіндігіне қарай жеті күнде жеңіп шыққан бригадаға бір қой мен бір фляга қымыз беріледі. Ол кезде бұл амалдың әсерлілігі сондай, намысқа тырысқан қарапайым халық жалындай еңбек етіп, жұмысты дала қостарында қона жатып істейді.
Жеңіске жетіп, марапатқа ие болған бригаданың адамдары, тіпті, бала-шағасына дейін қолтықтарына қанат біткендей, кейін қалған бригаданың адамдарына қоқиқаздай қыр көрсете қарайды. Сөйтіп, олардың да шымбайына тиіп, “әй, бәлем, тұра тұрыңдарын” шақыртады. Өзара бәсекелестік бригада ішіндегі звенолар арасында да мығым. Қалайда алға шығуды ойлаған звено жетекшілері өз адамдарын басқалардан ерте тұрғызып әкетуге тырысады. Басқа звеноның кісілерін оятып алмау үшін олар бір-бірімен ымдасып, не сыбырласып сөйлеседі. Мақсат – өзгелер тырайып ұйықтап жатқанда жұмысты өндіріп істеп тастап, бір қадам болса да алға түсіп кету.
Жасыратыны жоқ, ұйқысы көптеу, шабандау қимылдайтын адамдар жұмысқа болдырмайтын “тесік өкпелердің” қимылдарына кедергі келтіретін амалдарды да ойлап табады.
Біздің бригаданың шаршау дегенді білмейтін елгезектері Мырзабайдың Сейтені, Жантүгелдің Махметі, Иманбектің Қоспаны сияқты аталарымыз болатын. Жантүгелдің Махметі жаз бойына аяғына киім ілуді білмейді. Өгіздің терісіндей қалыңдап алған табандары шөгір-мөгір дегендеріңнен қорықпайды. Жуандығы саусақтай шөптің тұқылдарын быртылдата басып, желе-жортып отырады. Бірде жұмысқа жұрттың бәрінен ерте кететін Сейтен атаға кедергі жасауды ойлаған біреулер оның сірі болып қатып қалған көне етігінің қонышына жас шөпті суы шыққанша бұрап-бұрап, балғамен ұрып кіргізіп, тастай қылып бекітіп тастайды. Белгісіз зиянкестер: “Ақсақал тастай бекітілген етіктердің ішін тазалап болғанша әжептәуір әуреленеді. Сонда бізден озып кете алмайды”, – деп ойласа керек. Әдетінше, ерте тұрған Секең киініп кетейін десе, етіктері жас шөпке тырсылдап толып тұр. Оны тазалауға бірталай уақыт кетеді. Ойға алған жұмыстары тоқтап қалады. Бұған іші ашыған Секең үнемі қалтасында жүретін өткір бәкісін алады да, етіктерді қылша мойнын кесіп тастайды. Етіктің басындағы шөп өз-өзінен түсе қалады. Кебіске айналған етіктердің басын аяғына іліп, жұмысына жүре береді. Алыстан бақылап жатқан бәсекелестері: “Апыр-ай, бұл шалға амал болмас”, – десіпті.
Соғыс уақытындағы бүлдіршіндердің көбі өздерінің неше жастан бастап колхоз жұмысына араласа бастағанын тап басып айта алмас еді. Өз басым қасқа сиырдың бас жібін ұстауға жараған күннен бері дала жұмыстарында жүрген шешеме қолғабыс жасай бастадым. Жер өңдеуде жүрген көліктерді бораздадан бұлтартпай жетектеп отыру керек болса, біз ес білгеннен бері сол жұмысты атқардық. Яғни, 5-6 жастағы балалар көлік жетекшілері болды.
1954 жылы тың игеру қозғалысы басталған кезде біз дала жұмыстарының қай түрінен болсын түйсік-түсінігі мол балаң жігіттер едік. Білмеген адамға өгіз жетектеудің өзі оңай іс емес. Өзіңе бекітіліп берілген көліктеріңмен дұрыс “тіл табыса” алмасаң, күннің аптап ыстығында, маса-сонаның қаптаған кезінде көздері алайып алған пілдей өгіздер тыңдамай да кетеді. Ал біз болсақ, өгіздерімізді жүзіктің көзінен өткізердей, нағыз майталман болып алғамыз…
…Тың игеру басталған кезде ауылдарға су жаңа “ДТ-54” тракторлары қаптап келе бастады.
…Сол күні түнгі кезекке шыт жаңа 4 “ДТ-54” тіркемелі соқаларымен бірге “Қапан” қыстауының сыртындағы өмірі түрен тимеген бетегесі белден келетін сары далаға жер жыртуға жіберілді. 4 соқаға 4 бала отырғызылдық. Тракторшылар – біз бұрын көрмеген жиырманың ішіндегі ығай мен сығай сақа жігіттер. Сол кездегі тілмен айтқанда – комсомолдық жолдамамен келген тың игерушілер. Басқа балалардың қандай сезімде болғанын білмеймін, өзімнің ішкі дүнием біртүрлі алабұртып, бұған дейін болмаған ұлы дүбірдің алдында тұрғандай, жер жаратылғалы тоңы қопарылмаған құлазыған сары даланың атам заманнан бері келе жатқан кәнігі тіршілігіне таңба салғандай сезіндім…
Межелі жерге жеткеннен кейін әр трактор өзіне жеке-жеке загон тартып, бір-бірінен алшағырақ түсті. Қара жердің құйқасын таспадай тіліп, сыдыра жыртып жөнеп бердік. Өзімнен ересектеу бозбалалармен теңдес жұмысқа жіберілгенімді мақтаныш тұтып келіп едім. Бірінші боразданың өзінде-ақ шикілігім көріне бастады. Тіркемелі соқаның орта тұсында соқашы отыратын темір орындық болады. Соқада кәдімгі машинанікіндей бірі үлкен, екіншісі кіші темір рульдері бар. Олар жыртқан жердің тереңдігін біркелкі ұстап отыру үшін керек. Рульдің үлкені соқаны көтеріп-түсіруге пайдаланылады. Менің көкемді көзіме көрсеткен де осы үлкен дөңгелек болды. Соқаны қалай ұстау керектігін бригадир де, тракторшы да түсіндірген. Бірақ нақты іс нағыз суыңды сығып алатын жұмыс екен. Енді байқасам, жердің қаттылығы да әртүрлі: жұмсағырақ жерде төрт тілді темір соқа жердің қойнына еніп кеткісі келгендей рамасына дейін барып жер бауырлап жатып алады. Сүйреп келе жатқан трактордың қара түтіні бұрқылдап, жан дауысы шығады. Кабинадағы тракторшы жұдырығын көрсетіп, отырған орнынан от шыққандай шырылдайды. Жерге батып кеткен алпауыт соқаны көтеріп алу – қияметтің қиыны. Руль зіл-батпан. Орнымнан тұрып алып, аяғыммен де, қолыммен де бар күшімді салып бұраймын келіп. Әлден уақытта көтерілген соқа мүлдем жердің бетіне шығып кетеді. Манағы мықшыңдап қалған трактор енді асау аттай ала қашады. Соқа жердің бетін айғыздап қана із қалдырады. Тракторшы бірдеңелерді айтып, қолымен ауа қармап, кабинаға басын соққылайды. Жын соқты ма дерсің. Жанталасып, рульді кейін қарай бұрай бастаймын. Соқаны түсіру оңай, әлгіндей болмай тағы да жер бауырлап жатып алады. Тракторшы енді жаны шығардай дарылдаған трактордың кабинасынан секіріп түсіп, маған қарай кілтін ала жүгіреді. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, самауырша бұрқылдап жүріп, соқаны көтеріседі. Орыс тілін білмеймін, оның боқтығын араластыра ұрсып-зекігені маған “айналайын” дегендей көрінеді. “Рульді осылай ұста!” – деп көрсетіп, жүріп бара жатқан тракторына қайта жүгіреді. Мен соқаны біркелкі ұстай алмаймын – сәл тайыздап бара жатса түсіріп, сәл тереңдеп кетсе мүлдем көтеріп жіберемін. Белгілі межені бір айналып келгенше, бәріміздің де итіміз шықты. Өзім әбден қиналып, пұшпағыма дейін қара терге малындым. Астыма басып алған жалғыз күпәйкенің де қайда қалғанын білмеймін. Әйтеуір, жермен бірге жыртылып кеткені анық. Жүріп бара жатқан трактордан әлденеше рет секіріп түсіп, маған “сабақ” беруден тракторшы да қалжырады. Ұзын бойлы, қағылез жігіт еді. Аты-жөні Андрей Линд деген. Шамасы 2 сағаттай жүргеннен кейін Андрей мені соқадан мүлдем қуып жіберді. Оған өзім де қарсы болған жоқпын. “Соқа өнері” маған көнбейтіні белгілі болды.
Бірақ ол кезде далада ит-құс деген көп. Айдалада жалғыз қалуға қорқамын. Ал тракторға Андрей жолатпайды. Таң ағарып атқанша жарықтары самаладай жанып кетіп бара жатқан трактордың соңынан ердім де отырдым. Ертеңінде бригадир Мұқаметжан мені ересек адамның жанына отырғызып жіберді. Ол кісі заматта мені кәнігі соқашы етіп шығарды. Білген адамға бұл жұмыстың ешқандай да қиындығы жоқ екен: соқа жерге тереңдеп кіре бастағанда рульді бір-екі ғана бұрып тайыздату, ал тереңдік азайып бара жатса, керісінше шамалап түсіру керек. Ал мен болсам, жырту тереңдігін тез реттеймін деп артық қимыл жасайды екенмін. Тәжірибелі соқашының жанында бір түнде соқашы мамандығын игеріп алдым. Ендігі жерде бұл жұмысты ұнатып істейтін болдым. Ашуқой Линдке де жақындасып алдым. Тіпті, ол ара-арасында маған трактордың рулін беретін болды. Қызыға, шабыттана істеген істің нәтижесі жаман болсын ба?! Біз әлденеше рет қызыл жалаушаға ие болдық.
…“Астың дәмін татқан біледі” дегендей, біздің ұрпақ туа еңбекке араласып өсіп едік. Әлі күнге дейін еңбек дегенде, қолымыз қышып тұрады. Өйткені, күнде бір пайдалы іс тындыру әдетке айналып кеткен, ішер асыңды ақтап ішудің қанға сіңген жолы осы.
“Баланы – жастан” деп, аталарымыз тегін айтпаған. Өсер ұрпақты неғұрлым еңбекке ерте баулысаң, ол тіршіліктің қандай қиын түйіндерін қиналмай шешетін елгезек, әрі төзімді, қайрат-жігері бір басына жетерлік азамат болып өседі. Президентіміздің “Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” мақаласын оқып шыққанда, өз басымыздан өткен өміріміздің еске түскен кейбір кезеңдері осындай еді.
Ауылда тұрып-ақ өздерінің тұрмыстық жағдайларын түзетіп, еңбектерінің зейнетін көріп жүрген жерлестеріміздің қатарлары көбейе түскеніне қуанамыз. Ондайлардың өнегелі істері іргесін кеңіте берерінде сөз жоқ.
Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp