Тіл – адам қатынасының аса маңызды құралы, адам үшін білім, білік, мәдениет, өнер бастауы. Тіл құдіретін сезіне білу, сөз мағынасын келістіріп құбылту, оны дұрыс қолдану, дәл түсіну, тіліне жаны ашығандардың басты ісі. Жас ұрпаққа туған тілдің қыры мен сырын ғылыми негізде ұқтыру – бүгінгі күннің басты талабы.
Мектебімізде қазақ тілінің жарқын болашағы үшін күресте айрықша еңбек етіп жүрген жандар аз емес. Солардың бірі – Үлгі орта мектебінің директоры Жақсылық Қажымұратов.
Жақсылық Сандыбайұлының өткізген сабақтары, тәрбиелік шаралары қашан да жоғары бағалануда. Шәкірттері әртүрлі аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленеді.
“Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата-ана, құрбы, жақсы ұстаздан болады”, – деген екен данышпан атамыз Абай Құнанбаев. Оқу ісінің меңгерушісі, тәжірибелі, білгір маман және әрқашан педагогикалық ізденіс үстінде жүретін тағы бір ұстаз – Қамар Бақтыбаева. Қазіргі таңда қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту, қоғамдық өмірде оның бай мүмкіншілігін пайдалану, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру мақсатында әртүрлі іс-шаралар өткізіп тұрады. Ұстаздың көп жылдық еңбегі мемлекет тарапынан да елеусіз қалған жоқ. Ол Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Осындай мұғалімнің тағы бірі – Күлзейнеп Мінайдарова. Оның ұйымдастыру қабілеті басым, қазақ тілінің жанашыры, ұлағатты ұстаз мектептегі тәрбие ісінің ұйытқысы. Сабағында жаңа әдіс-тәсілдермен қатар мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілікті сіңіруге бар білімін салады. Мұғалім өз тәжірибесін семинарларда бөлісе отырып, кейінгі жастарға да қамқор болуды парыз санайды. Күлзейнеп Еркебұланқызының еңбегі бағаланып, облыс әкімінің сыйлығымен, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Бұл ұстаздар оқушыларына Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі туралы түсінігін қалыптастырып, оның қоғамдағы алатын орны, мәртебесі жайлы ойларын тереңдетеді. Ана тілінде таза, сауатты сөйлеуге, ойын ашық айтуға, тіл байлығын дамытуға әр кез жанашыр ретінде үлес қосып отырады.
Оксана ҚОҚЫШЕВА,
Үлгі орта мектебінің
физика пәнінің мұғалімі.
Жамбыл ауданы