Еңбек – бар қиындықты жеңбек. Әлемнің әміршісі де еңбек. Ендеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” атты бағдарламалық мақаласы да сол адал еңбек ету арқасында сапалы да салиқалы ғұмыр кешуге үндейді. Осы орайда білім беру саласында адал еңбек еткен Ерубаевтар әулетіне тоқталғанды жөн көрдік.
Қайырбек Ерубаев 1935 жылы бұрынғы Көкшетау облысы, Арықбалық ауданына қарасты Әлжан ауылында дүниеге келген. Ол 6 жасында ата-анасынан айрылып, жетімдіктің уытын татып өседі. Қаршадайынан өмірдің ащы-тұщысын көрген Қайырбек Жұмабайұлы біраз жыл туған әпкесі Теміртастың қолында тәрбиеленеді. Ұлы Отан соғысы жылдарында жастығына қарамай, ауылдағы еңбек майданына араласады. Сол кездегі барлық балалармен қатар ұжымшарда масақ теріп, өгізбен жер жырту жұмыстарына қатысады. Еңбек ете жүріп мектепте білім алады. Жастайынан еңбекке араласып өскен бала ержете келе өзінің алғырлығымен, пысықтығымен көзге түседі. Ол Көкшетау қаласындағы мұғалімдер училищесін 1953 жылы тамамдайды. Бұ-рынғы Рузаевка ауданында алғашқы мұғалімдік қызметін бастаған жас жігіт кейін Сталин (қазіргі Әлжан орта мектебі) атындағы мектепте география пәнінен сабақ береді.
Еңбек ете жүріп, 1969 жылы Қарағанды мемлекеттік педагогика институтын қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады. Әлжан орта мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады.
Бар өмірін бала тәрбиесіне арнаған Қайырбек Ерубаев білім беру саласында 42 жыл ұстаздық қызмет атқарған. Көп жылғы қажырлы еңбегінің арқасында 1979 жылы Қайырбек Жұмабайұлы “Халық ағарту ісінің озық қызметкері” төсбелгісімен марапатталған. Бұған қоса бірнеше Құрмет грамоталарының иегері. Жастайынан өлең-жырға жаны құмар Қайырбек Ерубаев өнерден де құр алақан болмаған. Оның жазған мақалалары мен өлеңдері отбасында естелік ретінде сақтаулы. Зайыбы Мапруза екеуі 9 бала өсіріп, барлығына тәлім-тәрбие берген. Ерлі-зайыпты Ерубаевтар 25 немере мен 4 шөбере сүю бақытына бөленген. Білім беру саласының майталманы Қайырбек Ерубаевтың ұстаздық жолын бүгінде ұрпағы жалғастыруда.
Ақбаян Қайырбекқызы – Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданына қарасты Қызылұйым ауылында мектеп директоры, Ақерке Қайырбекқызы көп жылдар Әлжан орта мектебінде жұмыс істейді. Ол екеуі де қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ береді. Ұлдары – Нұрлан мен Руслан да әке жолын қуып ұстаздықты таңдаған. Аталарының ұстаздық жолын қазіргі кезде немерелері де жалғастыруда. Немересі Ләззат 2004 жылы Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы университетті үздік аяқтап, аталған білім ошағында сабақ беріп жүрсе, Гүлзат – Көкшетау өнер колледжінде мұғалім. Келіні Ақлима мен Төлеубике де ұстаздар әулетінің тізімінде. Ерубаевтардың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұстаздық жалпы еңбек өтілдері 155 жылды құрайды. Бұл көрсеткішті жылдар өте келе шөберелері де әрі қарай жалғастырары сөзсіз.
Бүгінгі таңда ұстазға жүктелетін міндет өте зор. Сол міндетті өз ісіне шын берілген адам ғана абыроймен атқарып шықпақ. Ұлттық құндылықтарымызды бала бойына сіңіріп, ұрпақ тәрбиесі жолында талмай еңбек етіп келе жатқан Ерубаевтардың отбасылық ұстаздар әулетінің білім беру саласына қосар үлесі әлі де зор болмақ.
Бағлан ҚОЖАҚОВ,
журналист.
Айыртау ауданы.