«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫ МАҒЖАН ТУРАЛЫ ФИЛЬМ ТҮСІРІЛЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған “Слышишь, судьба” атты хроникалық-қойылымдық деректі фильмнің жалғасын түсіру мақсатында өңірімізге келген алматылық “Тұран-фильм” студиясының өкілдері жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарымен баспасөз мәслихатын өткізді. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.

– Фильмде Мағжанның адами құндылықтары, оның еліміздің мәдениетіне, әсіресе, әдебиеті мен тарихына қосқан үлесі толықтай көрсетілмек. Мәскеу қаласындағы мұрағаттарда сақталған 1920-1930 жылдардағы хроникалық кадрларды пайдаланып, Мағжан Жұмабаев өмірінің бақытты шақтары мен қилы кезеңдері қойылымдық көріністер арқылы түсіріледі. Фильмде 12, 19 жасар Мағжан, ересек Мағжан және де қуғын-сүргіндегі Мағжанның бейнелері көрініс табады, – деді фильмнің қоюшы-режиссері әрі сценарий авторы Марат Қоңыров.
Кәдімгі көркем фильмнің түсіру ережелеріне сай түсірілетін фильм кейіннен хроникалық кадрларға компьютерлік графика арқылы енгізіледі. Осылайша деректілікке қол жеткізуді ойластырған фильм авторлары Мағжан Жұмабаев өмірінің айтулы кезеңдері кіретін фильмді 12 жасар Мағжанның бейнесінен бастамақ. 12 жасар бала Мағжанды Едіге Әбдірахманов есімді бала ойнаса, 19 жастағы ақын Мағжанды Мейіржан Бейсебеков, ал бақытты Мағжанның бейнесін жас әртіс Дарын Қалиев ойнамақ. Еңсесі түсіп, өмірінің қиын кезеңдерін сомдайтын актер қазақстандық киносүйер қауымға белгілі Дулыға Ақмолда болады. Алдымен түсіру тобы облыс орталығында Мағжанның ізі түскен тарихи ғимараттарды түсіріп, кейіннен кіндік қаны тамған Сарытомар ауылына ойыспақ.
Кастинг барлық талаптарға сай өткізіліп, ақынның түр-тұлғасы барынша жақын актерлер таңдалған, деді фильмнің директоры Ғалия Тушкина. Мағжан Жұмабаевтың жары Зылиха апайдың рөлін Гүлмира Ахметова сомдамақ. Фильмде сондай-ақ “Алаш” партиясының өкілдері Әлихан Бөкейханов, Сәбит Мұқанов, Ахмет Байтұрсынов, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин сынды тұлғалар көрініс табады.
Ақынның тұлға ретінде қалыптасып, ел тарихына етене аралас-қан шағын сомдайтын актер Дарын Қалиевтің бұл алғашқы кинотуындысы екен. Барынша тыңғылықты дайындалған ол күрделі рөлді сомдап шығуға ақынның тыныстаған ауасы мен туған топырағы көмектеседі деген ниетін білдірді.
Фильмнің түпнұсқасы қазақ тілінде түсіріліп, орыс, ағылшын және түрік тіліндеріне аударылады. Фильм көрермендерге жаңажылдық демалыс күндері ұсынылатын болады. Солтүстікқа-зақстандықтар да бұл фильмді алғашқылардың бірі болып көреді.

Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp