“Құрмет белгісі” орденді А.С.Пушкин атындағы Орал педагогика институтының филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тамамдаған Балғаным Оспанова сонау батыстан теріскейге келіп, Қызылжар өңірінің дәмін татам, отын оттап, суын ішем деп ойламаған да болар. Оның бәріне де Құдай қосқан қосағы, солтүстіктің тумасы Кемел Қарашаұлы себепкер болды. Екеуі қол ұстасып, отау құрғалы облыс орталығында қалап алған мамандығы бойынша ұстаздық қызмет атқарып келеді. Алғаш №1 қалалық лицейде еңбек етіп, 4 жылдан кейін М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің мектеп-лицейіне ауысты. Жоғары оқу орнында дәріс алып жүрген кезінде студенттердің ғылыми жұмыстарына қатысуды әдетке айналдырған Балғаным Дүйсенқызы еңбек ұжымында да шығармашылықпен жұмыс істеу қажеттігін тәжірибелі әріптестерінің уақытпен санаспай, атқарған жұмысына беріле еңбек ететін іс-әрекеттерінен үйренді, олардан кейін қалуды өзіне намыс санады. Сөйтіп, ол орыс тілді ортаға мемлекеттік тілді қалай тиімді меңгертуге болады, ол үшін қандай әдістемелер қолданған жөн, заманауи жаңа технологияларды қалай оңтайлы пайдалану керек деген сияқты сауалдар төңірегінде ойлана бастады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады, яғни тәрбиенің түпкі мақсаты – қоғамның нарықтық қарым-қатынасқа көшу кезінде саяси-экономикалық және рухани дағдарысында жеңіп шыға алатын, ізгілігімен ХХІ ғасыр құрушы, іскер, өмірге икемделген жан-жақты мәдениетті жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру” деген сөзін нысана еткен маман шәкірттерді оқыта жүріп, өзі де іздене бастады. Оны жыл сайын өткізілетін, мұғалімнің шеберлігі мен шыққан биігін танытатын қалалық, облыстық ұстаздар байқауына алып келген де осы “Мен кімнен кеммін?!” деген талпыныс болатын. Алғашқы қадамдары жеңіс әкелді. 2005-2006 жылдары облыстық “Жүзден жүйрік” байқауларының бірден-бір жеңімпазы атанды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тіл комитеті ұйымдастырған республикалық “Қазақ тілінің үздік мұғалімі” байқауының бас жүлдесін қанжығасына байлады.
2008 жылдан бері филология ғылымының докторы Ж.Көбдікованың, педагогика ғылымының докторы Н.Оразахынованың авторлық курстарынан өтіп, 5 түрлі сертификатқа ие болды. Өткен жылы Омбы мемлекеттік университетінің магистратурасын сырттай оқып бітірді. Магистрлік бағдарламасы – “Педагогикалық инновация”.
Осы жылдары “Оқушыларды қазақ тілінен пәндік олимпиадаға жүйелі, тереңдетіп дайындауға арналған оқу-әдістемелік құрал”, “Айгөлек”, “Солнышко”, “Ақ көгершін” балабақшаларының мұғалімдерімен бірлесіп “Орыс тілінде жұмыс істейтін балабақшаларға арналған қазақ тілінен күнтізбелік жоспар”, “Қазақ тілінен жазғы сауықтыру лагеріне арналған әдістемелік нұсқау”, Н.Оразахынованың “Сатылай кешенді талдау” технологиясы бойынша орыс тілінде білім беретін мектептің 5-сыныбына қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің таңдау курсына арналған оқу құралдарын жазып, облыстың және республиканың білім беру мекемелеріне таратты, ғылыми-тәжірибелік мақаласы “Ш.Уәлиханов: азамат, патриот, ағартушы ғалым” жинағына енді.
Балғаным Оспанова 4 жылдан бері облыстық педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында аға оқытушы болып еңбек етіп келеді.
Бұл ғылыми-тәжірибелік орталықта ХХІ ғасырдың оқушыларына білім-тәрбие беретін ұстаздар қауымына жаңа технологиялар негізінде дәстүрлі емес әдістерді таныту, сындарлы оқыту теориясын меңгерту, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануға баулу, рефлективті ойлауға үйрету мақсат етіледі.
– Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында қызмет атқарғаннан кейін біз ұстаздардың ұстазы болуға міндеттіміз. Өйткені, курсқа келген мұғалімдер бізден өз қоржынын толтырып, кейін оны сабақтарында пайдалана аларлықтай жаңалық күтеді. Дайын білімді таратуға арналған дәстүрлі әдістің заманы өткен. Заман ағымына орай үйренемін, оны өз жұмысымда пайдаланамын деген ұстазға қалыпсыз ерекше бағдарлама қажет. Біліктілігін арттыра келген мамандар заманауи жаңа технологияны меңгеруді мақсат етеді. Сондықтан институт қызметкерлері олардан бір саты жоғары болуы керек. Соны сезінгендіктен, өткен жылы республикалық мұғалімдер біліктілігін жетілдіру институтының Астанадағы мұғалімдер шеберлігі орталығында Кембридж университеті ұйымдастырған халықаралық емтихандар кеңесінің үшайлық бағдарламасына қатысып, валидациялық марапатына (сертификатына) ие болдым, – дейді Балғаным Дүйсенқызы. Оның айтуына қара-ғанда, курс “бетпе-бет”, “мектептегі тәжірибе жұмысы”, “тағы бетпе-бет” сияқты нақты үш кезеңнен тұрады. Оның алғашқысында ЮНЕСКО және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұсыныстарымен үйлесетін жеті модульдік тәсіл көрсетіледі. Екіншісінде мұғалімнің өз тәжірибесі туралы ойланып, зерттеу жүргізуі, ең соңында оны қорғап шығуы талап етіледі. Ол қазақстандық мұғалімдердің қарқынды өзгеріп жатқан өмір жағдайында үздіксіз кәсіби дамуға дайын болуына көмектесуді мақсат етеді.
– Бүгінгі күні институтта курс тыңдаушыларын үш кезеңдік бағдарлама бойынша оқытып жатырмыз. Өз тәжірибесін 3-ші кезеңде сәтті қорғап шыққан ұстаз 1-санатты мұғалім дәрежесіне ие болады да, айлық жалақысына 30 пайыздық үстеме қосылады. Бұл ынталандыру ғана емес, өскелең ұрпақпен жұмыс істейтін мамандарды шығармашылыққа тарту болып саналады, – дейді заман ағымына қарай еңбек етіп келе жатқан Балғаным Оспанова.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp
Соңғы жаңалықтар
- 21.12.2024
- 10 қаралым
- 21.12.2024
- 5 қаралым
- 21.12.2024
- 2 қаралым
- 21.12.2024
- 1 қаралым
- 21.12.2024
- 5 қаралым