«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОТ ЖҮЙЕСІНІҢ ЖҰМЫСЫНА қанағаттанарлық баға берілді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.

Облыстық сотта Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі қадағалау сот алқасының төрағасы Ақылтай Қасымов өңір тілшілерімен кездесіп, құқық саласының бүгінгі жағдайы туралы әңгіме өрбітті.
Жиын барысында ол облыстық соттардың жұмысын үнемі бақылауда ұстау үшін мониторинг жүргізіп тұратындықтарын айтты. Ондағы мақсат облыстық соттар жұмысының жақсы жақтары болса, оны басқа соттарға енгізу және кемшін тұстарын айқындап, оны жою жолдарын қарастыру, олардың жұмыстарын талдай отырып, ақыл-кеңес беру екенін жеткізді.
– Қазір барлық облыстық соттардың жұмыстарын кешенді тексеру жүріп жатыр. Бір апта бойы осы өңірдің барлық соттарының жұмыстарын тексердік. Оның қорытындысы бойынша облыс соттарының жұмысы қанағаттанарлық деп түйдік, – дей келіп, Солтүстік Қазақстан облысының соттары мен бұқаралық ақпарат құралдары арасында кәсіби қарым-қатынас пен екіжақты өзара ынтымақтастық орнағаны қуанарлық жайт екендігін тілге тиек етті. Кей облыстарда қарама-қайшылықтар бар, соның салдарынан істің мән-жайына бармастан, баспасөз беттерінде біржақты пікір қалыптастыратын мақалалар жарық көріп, соттардың беделіне нұқсан келтіріп жататынын айтты.
Ақылтай Қасымов сонымен қатар соттарда істі қарауға екі ай уақыт берілетінін айта келіп, кей жағдайларда бұл мерзім айтарлықтай созылып кететін жайттар орын алатынын түсіндірді. Бұл көбіне істерге сараптама тағайындалуына немесе қандай да бір фактілерге байланысты шетелдерге кетіп қалған азаматтарға жіберілген сұранымдарға жауап кешігіп келуі салдарынан орын алады. Қылмыстық істерге байланысты соттарда шығарылған үкімдердің әділдігі де қоғамда оң көзқарас қалыптастырады. Ол үшін істің мән-жайы тиянақты тексерілуі керек.
– Қоғамға төндірген қаупі жоқ, қылмыстың аса ауыр емес түрлеріне жататын істердің 51 пайызы екі жақтың бітімгершілігімен сотқа жетпей шешілуде. Соңғы кезде соттарда енгізіліп жатқан рақымшылық, медиация сияқты жаңашылдық оң нәтижесін бере бастады. Қазақстандағы сот жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жұмысы белсенді жүргізіліп жатыр. Елімізде өлім жазасына мораторий жарияланды, сот жүйесінде ізгілендіру жұмысы жалғасуда. Жаңа Қылмыстық кодекс әзірленіп жатыр, – деді Ақылтай Ахметжанұлы. Ол журналистер қойған сұрақтарға жауап берді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp