«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЖЫМ ҰЙЫТҚЫСЫ ОТБАСЫЛЫҚ ӘУЛЕТТЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Наталья ЕРЕМЕНКО,
журналист.

Биыл барлық өлшемдерге қарағанда егіннің шығымдылығы былтырғы жылғыдан кем болмауға тиіс еді. Алайда, күннің аптап ыстығы мен ала жаздай бір тамбаған жаңбырдың салдарынан өскіндер жетілмей жатып, семіп қалды. Әсіресе, ерте егілген егін қурап кетті. Алайда, осындай қиын жағдайларға қарамай, аудан диқандарының уақытымен және сапалы жүргізген агротехникалық шаралары өз нәтижесін берді. Астық шығымдылығы жаман болған жоқ.
“Кирилловка-Айыртау” ЖШС-нің егіс алқабы 14076 гектар жерді құрайды. Оның 12076 гекта-рына бидайдың “Омбы-35”, “Светланка”, “Омбы-31”, “Любава” сияқты сұрыптары, 1500 гектарға арпа, 60 гектарға ара шаруашылығын дамыту үшін қарақұмық егілген.
Бұл алқаптарда үш егіншілер бригадасы таңның атысы, күннің батысымен тыным таппай еңбек етті. Егін орағына 16 комбайн мен 7 лафеттік жатка жұмылдырылды. Үнемі жоғары өнім алуға кәсіби іріктелген, ұйымшыл ұжымның да тигізетін ықпалы зор. “Кирилловка-Айыртау” ЖШС-нің еңбек ұжымының негізін Михайленко, Жанғалиев және Заматаевтардың отбасылық әулеттері құрайды. Әрбір әулеттің жалпы еңбек өтілдері жүз жылдан асып жығылады. Мысалы, бірінші бригаданың бригадирі Иван Михайленконың атасы жер өңдеумен айналысқан. Сондықтан егін алқабы Иван Ивановичтің туған үйі десек те болады. Бидайдың әр масағы, әр сабағы оның табиғатына етене жақын. 17 жасында ол механизаторлық курсты бітіріп, тракторға отырған.
– Бұрынғы тракторлар мен комбайндардың кабинасы болмайтын. Жұмыс істеу қиын болды, бірақ біз өз еңбегіміздің адамдарға пайда әкелетінін білдік. Машина-трактор паркі біртіндеп жетілдірілді. Қазір менің ұлдарым Александр мен Виктор өзіммен бірге егін орағында жұмыс істеп жүр. Олар тек бұрынғы біз мінгендей емес, ішіне кондиционерлер мен басқа да керек- жарақтардың барлығы орнатылған, өнімділігі жоғары комбайндарда жұмыс істейді. Қазіргі техникамен жұмыс істеу жеңіл, – дейді сол кезді еске алған Иван Михайленко.
Иван Иванович зайыбы Любовь Петровна екеуі 7 бала өсіріп, тәрбиеледі. Үлкен ұлы Владимир механизатор болып еңбек еткен, қазір Германияда тұрады. Николай да еңбек жолын әкесінің ізімен механизаторлықтан бастаған болатын. Қазір механик болып жұмыс істейді. Бүгінде Михайленколардың әулетінде жаңа толқын өсіп келеді. 16 жастағы немересі Олег Саумалкөлдегі №7 кәсіптік лицейде оқиды. Болашақ механизатор. Ол әлі жасырақ, алайда, келесі жылы атасымен бірге егіс алқабында еңбек ету жоспарында бар. Михайленколар отбасындағы ұрпақ сабақтастығы осылайша жалғасуда.
Иван Иванович – ауылда зор құрметке ие азамат. Ол еңбектегі көрсеткіштері үшін Құрмет гра-моталарымен, “Құрмет белгісі” және екінші, үшінші дәрежелі “Ең-бек Даңқы” ордендерімен мара-патталған.
Осындай ерен еңбегімен көзге түскендердің қатарында Айтмұхамбет Жанғалиев та бар. Соғыстан кейінгі қиын жылдарда белі қатып үлгермеген өрімдей жігіт еңбекке араласты. Ол өзінің майдангер әкесіне ұқсауға ты-рысып өсті. Әкесі Қажым соғыс-тағы ержүректігі үшін “Қызыл Жұлдыз” орденімен, “Ерлігі үшін” медалімен марапатталған. Жарты ғасыр бойы Жер ананы мәпелеген Айтмұхамбет ақсақал бүгінгі күні зейнет демалысында. Алайда, ол қарап отырмайды, өз білгенін өзінен кейінгі бауырлары мен балаларына үйретуден жалыққан емес. Інілері Баян мен Бөкенбай да аға ізімен келе жатқандарына бір сәт болса да өкінген емес. Өйткені, бұл – олардың жүрек қалауымен атқаратын жұмыстары. Кең алқапта жайқалып, пісіп тұрған сары алтындай егіннің бір сабағын да шашау шығармай жинап алу үшін уақытпен санасуды білмейді.
Адамдардың жан аямай еңбек етулері үшін оларға барлық жағдай жасалуы тиіс. “Кирилловка- Айыртау” ЖШС-нің директоры Владимир Казаркин – ұжымда жайлы ахуал қалыптастыра білген, жауапкершілігі мол, ұқыптылық пен ыждаһаттылықты жанына серік еткен жан. Ол әр жұмыстың атқарылу тәртібін сақтап, дәнді дақылдарды өсіру тетіктерін бүгешігесіне дейін зерттеп алған. Сонымен қатар егін себу мен орақ науқанының арасындағы уақытты да тиімді пайдаланады. Жұмысшылар мен қарттардың аулаларына ірі жем-азықтың жеткізілуін қадағалап, көмір, отынмен қамтамасыз етілуін де қалт жібермейді. Жергілікті тұрғындар ауылдың бүгінгі тіршілігіне дән риза. Олар үшін монша, шаштараз, тұрмыстық қызмет көрсету үйі, спорттық ғимараттар тұрғызылып, жұмыс істеп тұр. Жүздеген жылдар бойы Жанғалиевтар, Заматаевтар, Михайленколар отбасылары әулетімен туған жерлерінде еңбек етіп, өмір кешіп жатқандарының мәнісі де осында болар.
Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp