Өткен аптаның жұма күні Есіл ауданының Покровка ауылында қайғылы жағдай орын алды. Кешкі сағат 23 шамасында №10 өртке қарсы қызмет бөліміне Покровка ауылындағы жеке тұрғын үйде өрт шыққандығы туралы қоңырау шалынды. Оқиға орнына жедел жеткен өртке қарсы қызмет мамандары тілсіз жау баспананы жалмап, үйдің шатыры құлағандығын байқаған. Өртті ауыздықтау барысында жатын бөлмеден 38 жастағы ер адам мен оның үш жасар ұлының өлі денесі табылды. Бүгінде өрттің пайда болу себебі анықталуда.
Петропавл қаласының Интернационал көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан пәтерде түс ауа өрт шығып, соның салдарынан баспананың кіреберісі мен ішкі қабырғасын от зақымдады. Оқиға орнынан көмірқышқыл газымен уланған 78 жастағы үй иесі мен оның 77 жастағы жұбайы дереу қалалық ауруханаға жеткізілді. Өртсөндірушілер 12 адамды, оның ішінде 2 баланы қауіпсіз жерге көшірді. Қазіргі уақытта жапа шеккендер жан сақтау бөлімшесінде ем-дом шараларын алуда.
Айыртау ауданының Комаровка ауылында екі пәтерлі жеке тұрғын үйдің жазғы ас үйін жалын шарпып, шатыры мен сәкісінің басым бөлігі зақымданды. Сонымен бірге өрт басталған сәтте асүйде болған 49 жастағы ер адам оттан жарақат алды.
Тілсіз жау кесірінен Мағжан Жұмабаев атындағы ауданның Қарағанды ауылында жеке тұрғын үй толықтай жанып кетсе, облыс орталығының Чкалов көшесіндегі үш бөлмелі пәтерде шыққан өрт бір бөлмені қап-қара күлге айналдырды. ТЖ мамандары өрт орнынан 7 адамды құтқарып, 9 тұрғынды қауіпсіз жерге шығарды.
Қызылжар ауданындағы Приишимка және Аққайың ауданындағы Смирново ауылдарында тілсіз жау қора-қопсыларға зақым келтіріп қана қоймай, сонымен қатар маңдай термен әзірленген 5 тонна шөпті күлге айналдырды.
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp