«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗІНЕН ОЗҒАН ШӘКІРТТЕРІН мақтан тұтатын мұғалім

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бағдат Кәкімованың Тайынша қаласындағы №5 қазақ орта мектебінің химия-биология пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып жүргеніне 12 жыл. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің химия-биология факультетін бітірген. Оқушыларының химия-биология пәндері бойынша ҰБТ-дан алған ұпайлары мен пәндік олимпиадаларда жоғары нәтижелер көрсеткені үшін Бағдат Өтеуліқызы химия пәні мұғалімдерінің республикалық І съезіне делегат ретінде қатысқан. Еңбегі еленген ұстаз Мұғалімдер күні мерекесі қарсаңында “Сосновый бор” санаторийіне облыс әкімі Серік Біләловтің қолынан жолдама алды. Бір айта кетерлігі, Бағдат Өтеуліқызы – барлық мектеп директорларының арасында сауықтыру мекемесіне жолдама алған жалғыз мұғалім. 

Әр ұстаз алдындағы шәкіртінің оза шауып, бәйге алғанын қалайды. Олардың жеңісін өз жеңісіне балайды.
– Оқушыларым жыл сайын Ұлттық бірыңғай тестілеуде химия-биология пәндерін таңдайды. Съездегі келтірілген мәлімет бойынша бұл екі пәнді ҰБТ-да таңдайтындар 2 пайыз ғана екен, ал менің оқушыларымның кемінде 30%-ы химия-биология пәндерін таңдайды. 14-15 оқушым жоғары оқу орындарында грантпен оқып жүр. Алды Астана техно-логия және бизнес университетінде оқытушы болып жұмыс істейді. Өзімізде жұмыс істеуге келіп жатқандары, медицина саласында істеп жүргендері, Көкшетау қаласында технолог болып қызмет атқарып жүргендері бар. Олардың барлығы – жоғары білімді мамандар. Оқушыларым өзімнен озып жатса, мен үшін ол мерей. Маған одан асқан бақыт жоқ, – дейді Бағдат Өтеуліқызы.
Аудандық білім бөлімінің ұсынысы бойынша ол оқушыларымен бірге “Қазақстан Республикасының дарынды ба-лалары” энциклопедиясына енген. Өзінің жұмысын шын көңілімен беріле атқаратын ұстаз “Модульдік оқыту технологиясы химия пәнінде” және “Модульдік оқыту технологиясы биология пәнінде” әдістемелік құралдарын шығарып, әріптестерімен тәжірибе бөліскен. Екі мұғалім бірлесіп тағы бір әдістемелік құралды әзірлеген.
– Бағдарлама бойынша химия пәнінен тәжірибелік сағаттар көп те, оған ешқандай әдістемелік құрал жоқ. Сондықтан біздің бұл еңбегіміз әріптестерімізге қажет болады ғой деген ойдамыз. Ол әдістемелік құралымыз қазір педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында сараптамадан өткізіліп жатыр, – дейді жоғары санатты ұстаз.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp