«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРАЛМАН АТЫН ЖАМЫЛҒАН АЛАЯҚ шартты түрде үш жылға бас бостандығынан айрылды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.

Облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті Қазақстан Республикасының азаматы, Астана қаласының тұрғыны Хуаныш Өмірбекке қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Ол Петропавл қалалық сотының үкімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 177-бабы 3-бөлігінің “б” тармағына сәйкес, 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айрылды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Хуаныш Өмірбек заңсыз түрде оралман мәртебесін алып, квота бойынша облыстық көші-қон басқармасынан ақшалай қаражат алу мақсатында қылмыстық әрекет жасаған. Алдымен, 2007 жылдың жазында сотталушы ерлі-зайыпты Қуанбай Өнербек пен Маркаш Жаннұр атына жалған төлқұжаттар, сондай-ақ неке қию туралы және олардың бес баласына туу туралы куәліктер жасап алған. Сөйтіп, қылмыстық жоспарын іске асыру мақсатында басқармаға барып, аталған мекеме қызметкерлеріне өзін Қуанбай Өнербек деп таныстырып, әлгі заңсыз құжаттарын ұсынған. Кейін сол жалған аты-жөні негізінде оралман мәртебесін алу туралы өтініш жазып, тапсырып кеткен. Ақыры алаяқ дегеніне жетіп, квотаға ие болады. Комиссия отырысында да өзін Қуанбай Өнербекпін деп таныстырып, бұл жерде де шын мәнінде мүлде болмаған отбасы мүшелерінің оралман мәртебесін қажетсінетінін айтады. Ақыры Хуаныш Өмірбек қылмыстық әрекет ету жолымен 977 340 теңге көлеміндегі квотаға ие болады.
Күдікті ҚР ҚК 177-бабы 3-бөлігінің “б” тармағы бойынша өзіне тағылған айыпты толық мойындады. Сот Хуаныш Өмірбектің асырауында кәмелет жасқа толмаған үш баласы барын, бірінің мүгедек екенін ескерді. Әрі күдіктінің бұрын сотталмағанын, өз кінәсін толық мойындағанын және мемлекетке келтірген шығынын толық өтегенін назарға алды.
Жалпы, қаржы полициясы алаяқтық фактілері бойынша биыл 20 қылмыстық іс қозғап отыр, солардың 12-сі сотқа жолданды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp