«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АЛЕКСЕЙ ЛУЦЕНКО – туған жер құшағында

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бұрнағы күні облыстық спортқа дарынды балаларға мамандандырылған спорт мектебінің ұжымы мен тәрбиешілері, облыстық туризм, дене тәрбие-ісі және спорт басқармасының қызметкерлері Голландияның Валькенбург қаласында велоспорттан өткен әлем чемпионатында алтын жүлденің иегері атанған жерлесіміз Алексей Луценконы Петропавл қаласының әуежайында қарсы алды. Әуежайдан соң спортшы өзі тәлім алған білім ордасының ұжымымен, тәлімгерлермен кездесті.
Достарымен жүздесуге келген әлем чемпионын облыстық спортқа дарынды балаларға мамандандырылған спорт мектебінің директоры Амангелді Дайыров, Спорт және дене шынықтыру агенттігінің “Велоспорт бойынша олимпиадалық даярлау орталығының” директоры Дәулет Сапаржанов, облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы Руслан Есеналин, облыстық велоспорт федерациясының президенті Мұхтар Игібаев күтіп алды. Білім ордасының спорт залына жиналған оқытушылар ұжымы мен тәрбиеленушілер Алексейді байрақты бәсекеде жүлде алуымен құттықтап, сәттілік тіледі. Алдағы әлем чемпионатында, 2016 жылы Риоде Жанейрода өтетін кезекті жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, жеңіске жетуіне тілектестік білдірді.
Луценко додаға өзімен бірге қатысқан әріптестерінің көмегі зор болғанын тілге тиек етті. Жалпы жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосқан Қазақстан құрамасының сапындағы басқа велоспортшыларға алғысын білдірді. Бұл ретте Алексейдің өзі:
–Әрине, әлемнің кілең мықтылары жиналған бәйгеде суырылып, алға шығу оңай болған жоқ. Жанымдағы командалас достарыма айтар алғысым шексіз. Әсіресе, жарыс жолының соңғы кезеңінде бірлесе отырып, тамаша жұмыс істеген шабандоздарға мың алғыс, – деді. Шараның соңында әлем чемпионаты басталмай жатып “Астана” кәсіби клубының сапына алынған Алексей Луценко сынды талантты жігіттер келесі жылы Батыстағы беделді көпкүндіктердің көрігін қыздырып жүргендеріне куә болсақ, нұр үстіне нұр болады деген тілек білдірілгеннен кейін Алексей спорт мектебі тәрбиеленушілерінің қарша боратқан сұрақтарына жауап берді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp