Облыстық бейнелеу өнер мұражайында жерлес суретші Владимир Денисовтің мерейтойлық көрмесі өтті.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Ташкент қаласында дүниеге келген суретші Қызылжар өңірінде бірталай жылдар қызмет етеді. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары қаланың бас суретшісі болған ол облыстың көркемөнер өміріне белсене араласып, №35 мектепте бейнелеу өнерінің мұғалімі болып та қызмет етеді. Өнерсүйер қауым ортасында талғампаз суретші ретінде танылған Владимир Николаевичті кескіндемеші деп те атап кеткен. Көрмеге қойылған сурет туындыларына қарап, оның әсіресе, пейзаж жанрына қалам сілтеуді ұнататыны байқалады. Қалың орманның тыныштығы, сылдырап аққан өзен оның картиналарында үйлесімділік тапқан.
Өнердің шегі мен қиыры жоқ. Көрмеге қойылған 30-дан аса туынды әртүрлі техникада жасалған. Ұрыс жанрындағы рельефтер, графика техникасындағы жұлдызнама белгілері, ұлттық нақыштағы суреттері әртүрлі тәсілде салынған.
Суретшіні сондай-ақ қуыршақтар шебері деп те атауға болады. 1989 жылы “Ең үздік ойыншық үлгісі” байқауында жеңімпаз атанған Владимир Денисов “Совпластитал” кеңес-итальян ойыншық шығаратын кәсіпорнында қызмет еткен. Сол жылдары 300-ге жуық ойыншық түрінің авторы атанған. Италия, Германия, Австрия, Оңтүстік Корея және Франция елдерінде “ЭКСПО” көрмелеріне қатысып, көптеген туындылары шетелдік өнерсүйер қауымның жеке топтамаларынан орын алған. Өңірлік өнер байқауларынан да қалыс қалмаған суретші 10-нан аса көрмеге қатысып, көрермендердің ілтипатына бөленген.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.