«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДӘУҚАРА БІР ДҮРКІРЕП ҚАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен аптада Сырымбет ауылдық округіне қарасты Дәуқара ауылындағы орта мектептің спорт алаңының ашылу салтанаты болып өтті.

Бағлан ҚОЖАҚОВ.

Ел болашағы – балалардың спортпен шұғылданып, дені сау, сымбатты болып өсулеріне септігі тиетін, ауыл көркіне айналған “Жастар” спорт алаңы 1994 жылы салынып, алты жылдай жұмыс істеген соң қиын-қыстау кезеңде қараусыз қалған еді.
Соған орай аудандық мәслихат хатшысы, Дәуқара ауылының тумасы Раушан Тілеубаеваның басшылығымен аталмыш спорттық нысанды қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған еді. Жергілікті орта мектеп ұжымының күшімен, ауыл тұрғындары мен “Жарқын СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен елді мекеннің көшелерін күл-қоқыстан тазарту және стадионды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Енді, міне, қалпына келтірілген стадион қайтадан пайдалануға беріліп отыр.
Осы игі шараға аудан әкімі Ерлік Жанділдин қатысып, әуелі ауылдағы орта мектепке ат басын тіреді. Былтырғы жылдан бері мектептің материалдық-техникалық базасы, жиһаздары аудан бюджеті есебінен 70 пайызға жаңартылған.
“Жастар” стадионының ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан басшысы:
– Тәуелсіздік алған жылдардан бері Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайынғы халыққа Жолдауларында елімізде спортты дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлуде. Соңғы жылдары дене шынықтыру және спортты дамытуға республикалық және жергілікті бюджеттен айтарлықтай қаражат бөлінуде, – дей келе, мектеп оқушыларын түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарға, аудандағы білім сайыстарына баруы және жақын маңайдағы ауылдардың балаларын үйлеріне тасымалдау мақсатында білім ордасына жаңа жолаушылар “УАЗ” автокөлігінің кілтін табыс етті.
Мектеп директоры Алданыш Нұрпейісов білім мекемесіне жасалынып отырған үлкен қолдауға ризашылығын айтып, оқушылар мен ата-аналар, мұғалімдер ұжымы атынан аудан басшысына алғыс білдірді.
Туған ауылындағы қуанышқа ортақтасқан жас ақын, 11-сынып оқушысы, аудандық, облыстық және республикалық байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпазы Мұхаммед Қоңқаев жүрекжарды лебізін өлеңмен жеткізді.
Ауылдағы салтанатқа орай жақын маңдағы Целинный, Қарақамыс, Бірлестік және Дәуқара мектептері арасында футболдан және қазақ күресінен жарыстар өткізілді. Дәуқаралықтар аудан мен ауылдық округ өнерпаздарының концертін де тамашалады.
Суреттерді түсірген автор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp