«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЗЕНЧЕНКО және К” СЕРІКТЕСТІГІ желден жарық алуға кірісті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

  Облыс әкімі Серік Біләлов жұмыс сапарымен Қызылжар ауданындағы “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінде болды. Өңір басшысы шаруашылықта қолға алынған тың жобалардың бірі – желмен жұмыс істейтін 2 электр станциясының жұмысымен танысты. 

Әспет ӘБДІРЕШОВА,
журналист.

Еуропада жел генераторларын қолдану технология-сы кең таралған. “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі – аталмыш тәжірибені өңірімізде алғаш енгізгендердің бірі. Биіктігі 54 метр, салмағы 74 тонна болатын екі қондырғы Германиядан жеткізілген. Жобаның жалпы құны – 1 миллион еуро. Серіктестіктің атқарушы директоры Геннадий Зенченко облыс әкіміне желмен жұмыс істейтін электр станцияларының артықшылықтары туралы баяндады. Оның тиімділігі – кәсіпорынды үнемі энергиямен қамтамасыз ететіндігінде.
– Қондырғы секундына екі метрге дейінгі желдің жылдамдығын талап етеді. Облысымызда мұндай жел үнемі соғып тұрады. Алдағы күндері Германиядан маман келіп қондырғыларды іске қосады, – деді Геннадий Зенченко.
Жел генераторларын орнату – уақыт талабы. Шаруашылық өскен сайын жаңа нысандар мен мал шаруашылығы кешендерінің қатары да көбеюде. Мысалы, алдағы күндері 800 басқа арналған мал қора дайын болмақ. Үстіміздегі жылы шаруашылық симменталь тұқымды 650 бас және галштинофриз тұқымды 90 бас ірі қара әкелінген. Мұнда жылқы да өсіріледі. Жергілікті етті мал тұқымының сапасын жақсарту үшін Германиядан ауыр жүк таситын жылқы жеткізілген екен. Малдың таза салмағы бір жарым жыл ішінде 600 килограмға дейін жетеді.
Астық жинауда да серіктестіктің көрсеткіштері жақсы. Бүгінде астық толығымен қамбаға құйылған. Ендігі басты шаруа–картопты жинап алу. Оның әр гектарының түсімі –260 центнерден.
Осы күні облыс әкімі серіктестіктің Новоникольское ауылында салынып жатқан мұз айдыны кешенінде болды.
– Бұл кешен ауылдың тұрғындары мен балалардың қыс маусымында коньки тебуіне арналған. Ауылды жерде осындай кешендердің салынуы құптарлық жұмыс. Алдағы уақытта өзге аудан орталықтарында да мұз айдыны кешенін салуды жоспарлап отырмыз, – деді Серік Біләлов.
Бүгінде Новоникольское ауылында жабық хоккей алаңының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл жұмысқа серіктестік 200 мың доллар қаржы жұмсаған.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp