Еркеш ТАСБАЕВ,
жұмыспен қамту
орталығының директоры.
Биыл екінші жыл қатарынан жүзеге асырылып жатқан “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының бірінші бағыты – азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту. Бағдарламаға қатысушылар тегін білім алады. Оларға жолақысы, тұрақ жайының ақысы және шәкіртақы төленеді. Осы жылы Мамлют ауданында 31 адам оқуға жіберіліп, 24 адам бітірді. 23 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды, 7 адам кәсіби даярлыққа жолданды. Бағдарламаға қатысушылар оқуды бітірген соң жұмысқа орналаса алмаса, оларға бағдарламаның екінші, үшінші бағытына қатысуға мүмкіндік беріледі. 2012 жылы бұл мақсатқа 6 млн. 296 мың теңге субсидия бөлінді. Жастар тәжірибесіне 2974,0 мың теңге бөлінді, олардан 18 адам жұмысқа орналасты.
Бағдарламаның екінші бағытының мақсаты – азаматтардың өз ісін ұйымдастыру арқылы белсенділігін арттыру. Осы мақсатқа мемлекет оларға 5 жылға 6 пайыздық үстемеақымен 1 млн. теңгеден 3 млн. теңгеге дейін несие бөледі. Біздің ауданда биыл 19 адам екінші бағытқа қатысып, жалпы сомасы 39,0 млн. теңге несие алды. Солардың ішінен 12 адам өз ісін ашты, ал 7 адам өз бизнесін кеңейтті. Шағын несие алу үшін міндетті шарттың бірі – кәсіпкерлік курсын табысты аяқтау. Биыл 24 адам осындай курстан өтіп, сертификат алды.
Бағдарламаның үшінші бағытында тұрғындардың жалдамалы жұмыспен немесе өз ісімен айналысуына мүмкіндігі болмағандағы жағдайлары қарастырылған. Осы бағытқа қатысушылар экономикалық әлеуеті төмен өңірлерден белсенді экономикалық орталықтарға көшіріліп, оларға үй беріп, жұмысқа орналастырылады. Оларға алдымен жалдамалы үй беріліп, кейін оны сатып алуларына бо-лады. Көшіп-қонуға субсидия төленеді. Құрылысы былтыр басталған 10 тұрғын үй биыл пайдалануға беріледі. Әзірге Мамлют қаласында – 1, Афонькино ауылында – 2, Токаревкада – 3 және Меңкесер ауылында 4 үй салынып жатыр.
Төртінші бағыттың мақсаты – ауылдық жерлерде инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру арқылы жұмыспен қамту. 2012 жылы осы бағыт бойынша жалпы сомасы 25,6 млн. теңгеге Покровка орта мектебінде күрделі жөндеу жасалды. Құрылыс жұмыстарын “СК-Құрылыс-Сервис” ЖШС жүргізді. Осы нысанға жұмыспен қамту орталығынан 13 адам жұмысқа жіберілді. Бұл – осы жобада жұмыс істеп жүргендердің жалпы санының 50 пайызы.
Әр адам өз өмірін жақсарту, отбасының болашағын қамтамасыз ету, балаларын оқыту үшін мүмкіндік іздейді. Осы бағдарламаға қатысу арқылы мұның бәріне де қол жеткізуге болады.
Мамлют ауданы.