«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САН ҚЫРАНДЫ САМҒАТҚАН ҰЯ – 80 жылдық тарихы бар мектеп

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.

Шал ақын ауданының Ы.Ыбыраев ауылындағы мектеп шежіресіне көз жүгіртетін болсақ, осыдан сексен жыл бұрын ауылда бастауыш мектеп қана болыпты. Оның ғимараты бір байдың тәркіленген үйі екен. Онда Сәдуақас Жандосов деген азамат мұғалім болған көрінеді.
Өсіп келе жатқан ұжымдық шаруашылық орталығына аталмыш мектеп үйі тарлық етеді. Соған орай ұжымшар басқармасы жаңа ғимарат салу жөнінде шешім қабылдайды. Көкшетаудың Зеренді өңірінен келісім бойынша әкелінген қарағайдан жаңа мектеп үйі бой көтереді. Соның арқасында 1933-34 оқу жылында – төртжылдық, 1938-39 оқу жылында жетіжылдық мектепке айналады. Оның жанынан интернат ашылып, осы жылдары оқушылар саны 500-ге дейін жетеді.
1942 жылы Ленин орта мектебі өзінің алғашқы 10 түлегіне өмірге жолдама береді. 1971-72 оқу жылында мектеп қазіргі 3 қабатты ғимаратқа көшіпті. 1980 жылы мектеп жанында екі қабатты интернат үйі салынған. Оны әр жылдары Сейтпи Сейітбеков, Шияп Садықов, Сейтен Сауытбеков, Қайрош Қоспанов, Құрмаш Баязиев, Шекен Қасымов, Бәзира Рақымберлина сынды азаматтар басқарған. Қазіргі директоры – Есен Баржақсин.
Мектеп ұжымы әр жылдардағы түлектері – дипломат Сәлім Құрманғожинді, Президенттің “Бейбітшілік және рухани татулық” сыйлығының иегері, қазақ, орыс және неміс тілдерінде бірдей жазатын белгілі қаламгер, аудармашы Герольд Бельгерді, жазушы Ермек Қонарбаевты, ақын Жарасбай Нұрқановты, қоғам қайраткерлері Анатолий Шаловты, Мәркен Ахметбековті, Уәп Латановты, полиция генералы Әлімжан Ахмединді, полковниктер Қоблан Хамзинді, Серік Балахметовті, Думан Таевты, ғалымдар Думан Нұрғалиевті, Болат Құсайыновты, Еңлік Жұматаеваны, Ұлан Әлмішевті мақтан етеді.
1947 жылы ұстаз Нұрсұлу Құсайынова ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланса, 3 маман республикаға еңбек сіңірген мұғалім атағын иеленген.
1946 жылдан осы күнге дейін мектепті алтын және күміс медальдармен бітіргендер саны 39-ға жетіп отыр.
Бұл күндері мектеп осы білім ордасын 1957 жылы күміс медальмен аяқтаған, партия және кеңес қызметкері болған Мәркен Ахметбеков есімімен аталады. Онда 25 мұғалім еңбек етеді, оның 21-і – жоғары және бірінші санатты ұстаздар. Білім беру ошағының 10 қызметкері ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, 5 мұғалім Алғыс хатымен марапатталыпты, 3 ұстаз облыс әкімінің 1-ші және 2-ші дәрежелі сыйлығы мен Құрмет грамотасына ие болған.
Ұстаздардың біліктілігін арттыруына, шығармашылықпен жұ-мыс істеуіне, озат тәжірибе жинақтауына мектеп директоры Есен Баржақсин, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Байбатырова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Анар Уәпова жете көңіл бөледі. Атал-мыш ұжым ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған ІІІ республикалық “Білім ұясы” байқауының “Жалпы білім беретін үздік мектеп” атауына қатысып, Алғыс хатпен марапатталыпты. Ал мектеп директоры Есен Баржақсин осы байқаудың облыстық кезеңінде “Шығармашыл тұлға” атауының жеңімпазы атанған.
Мектеп ұжымында жаңа технологиямен жұмыс істеуге бар күш-жігерін жұмсап жүрген ұстаздар аз емес. Солардың бірі – әл-Фараби атындағы ҚазҰМУ-дің 1985 жылғы түлегі, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің маманы Зейнегүл Баяхметова. Осыдан он жыл бұрын “ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері” атанған Зейнегүл Қабдоллақызы әріптестеріне ашық сабақтар өткізуде, оқушыларды ҰБТ-ға әзірлеуде, шәкірттерді әртүрлі байқауларға даярлауда лайықты құрметке бөленіп жүр. Педагогикалық қызметте жинаған мол тәжірибесі үшін оның есімі биыл республикалық Құрмет кітабына енгізілді.
Ұлағатты ұстаздардан білім алған шәкірттер де аудандық, облыстық түрлі байқауларға үзбей қатысып келеді. Мысалы, 5-сынып оқушысы Әлина Нұртазина облыстық Мағжан оқуларының, 9-сынып оқушысы Әйгерім Фазыл Абай оқуларының жеңімпазы атанса, 10-сынып оқушысы Айсұлу Қасымова Ғ.Мүсіреповтің 110 жылдығына арналған “Қаламгер сөзі – өмірдің көзі” көркемсөз оқу сайысының жүлдегері атанды. Пән олимпиадаларынан да жүлде олжалаған шәкірттер аз емес.
Оқу орнында дене тәрбиесі пәнінің мұғалімдері Сейілхан Шаяхметов пен Нұрболат Әбілмәжіновтің басшылығымен шахмат, тоғызқұмалақ, футбол, волейбол, күрес секциялары жұмыс істейді. Оқушылардан құрылған командалар аудандық сайыстарда тек жүлделі орындардан көрініп жүр.
Мектеп түлектері биылғы ҰБТ-да орташа 88,7 балл жинады. Сынаққа қатысқан 9 оқушының 2-еуі – ЖОО-ға, 5-еуі орта арнаулы оқу орнына грантпен түсті.
Осыдан екі жыл бұрын “Жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша қомақты қаржы бөлініп, мектеп ғимаратының іші-сырты мен шатыры күрделі жөндеуден өткізіле бастаған еді. Жаңа оқу жылына дейін бұл қомақты жұмыс толығымен аяқталды. Қазіргі кезеңде мектепте заманауи талаптарға сай ақпараттану, мультимедиалық, физика, биология кабинеттері жұмыс істейді. Мекеме басшыларының айтуына қарағанда, ұжымда өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру үшін барлық жағдай жасалған.
СУРЕТТЕРДЕ: үздік ұстаз З. Баяхметова; мектеп ғимараты.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp