Қарттар күні мерекесі өңірімізде кеңінен аталып өтуде. “Қартайған шағыңда өзіңді басқалар құрметтеу үшін жас кезіңде қауқары қайтып, сақалшашы ағарған кісіге ізет қыл”, деген даналықты ұстанған қоғам аға буынға ықылас, ілтипаттарын айрықша көрсетуде. Осындай ізеттілік танытудан Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы да тыс қалмады.
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бұрнағы күні облыстық ассамблея құрамындағы этнобірлестіктер аға буын өкілдеріне өз тартуларын жасады. Мерекелік шара барысында облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Елена Мезева этнобірлестіктердің белсенді қарттарына грамоталар табыс етсе, жас буын ұлттық нақышқа толы мерекелік концерттерін ұсынды. Өңірімізде өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдерінің әндері шырқалып, билері орындалды.
– Облыстық ассамблея осындай шараларды жиі ұйымдастырады. Жастардың өнерін тамашалап, үлкендерге көрсетіп жатқан құрметтерін көріп, қуанамыз. Қариясын құрметтеген ел азбайды, – дейді Сақия Мәжитова.
Мерекелік концерттен кейін ұлттық тағамдарға толы дастарқан жайылып, құрметті қонақтар астан дәм татты.