Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттің ІІ сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде атап өткеніндей, биылғы жылы Қазақстан сенімді даму үстінде. Ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) өсімі 5,6 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігінің көрсеткіші 25 мың долларға дейін өсті. Жұмыс істеп тұрған бірқатар өндірісті жаңғырту белсенді жүргізілуде. Жаңа 440-тан астам индустриялық кәсіпорын сомасы 800 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Оларда 50 мыңға жуық жұмысшы еңбек етеді.
Жалпы еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Қазақ елі жаһандық экономикалық дағдарыстан жүйелі шығудың тиімді мысалын танытуда. Біздегі осызаманғы экономикалық саясаттың негізгі буыны жаңа индустрияландыру болып табылады. Сонау 90-шы жылдардың соңында, сол жылдардың қаржылық-экономикалық дағдарысы барысында Елбасының: “Біз өзімізде ешқандай мұнай жоқ сияқты өмір сүруге және жұмыс істеуге тиіспіз” деп күтпеген тезисті алға тартуының өзінде көрегендік болғанын ұғынып отырмыз. Міне, осы тамаша ой “Қазақстан – 2030” ұлттық Стратегиясының арқауына айналды. Сондықтан онжылдықтар өте келе, жаңа дағдарыс жағдайында Қазақстан құрылымдық қайта құруға және мұнай бағасының құлдырауына дайын болып шықты.
“Нұр Отан” билік партиясының съезінде сөйлеген сөзінде оның көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағытын жария етті. Ойға алғанды тиімді жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстан елдің ІЖӨ-нің жартысына тең (50 миллиард долларға жуық) экономикалық тиімділікке қол жеткізе алады. Сондықтан Елбасы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған салтанатты жиында толық негізде: “Біздің жаңа индустрияландыру – Тәуелсіздіктің мәңгілік қозғаушы күші” – деп атап өтті.
Шетелдік сарапшылар Қазақстанның дағдарысқа қарсы бағдарламасын ТМД елдерінің ішіндегі ең жүйелі және барынша жедел шара деп әділ атайды. Бірақ бүгінде қазақстандық экономика дағдарысты құбылыстарды табысты өткеріп қана қойған жоқ, әрі инновациялық-индустриялық даму жолымен мақсатты бағдар ұстап келеді.
Тарихшы Джонатан Айткен атап өткендей: “Назарбаев Қазақстанның экономикасын әртараптандыру және экономиканың жаңа стратегиялық салаларын құру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда”. Агроөнеркәсіптік кешен, құрылыс индустриясы, мұнайды қайта өңдеу, металлургия, химия өнеркәсібі мен фармацевтика, энергетика, көлік және телекоммуникациялық инфрақұрылымдарды дамыту жаңа индустриялық жобаларды жүзеге асырудың басымды салалары болып айқындалды. Осының бәрі сыртқы жаһандану үрдісінен сенімді экономикалық қорғаныс құрайтын Қазақстанның ұлттық экономикасының негізгі элементтері болып табылады.
БҰҰ сарапшыларының берген бағасы бойынша Қазақстан өздігінен тұрақты даму үшін барлық қажетті табиғи және басқа ресурстары бар әлемнің бес мемлекеті қатарына енеді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев елдің шаруақор иесі ретінде әлемдік дағдарыс жағдайында бізде индустрияландыруға балама жоқтығына, біздің қазба байлықтарына, мұнайға, газ бен металға ғана қарап отыра алмайтынымызға нық сенімде. “Біз іс жүзінде бұрын болмаған индустрияны құруға тиіспіз”, – деп мәлімдеді Қазақстан Президенті жаңа қазақстандық “бесжылдықтың” тұңғышы – Астанадағы локомотив құрастыру зауытының ашылу салтанатында.
Биылғы жылы Индустрияландыру күнінде Елбасының қатысуымен өткен телекөпір елеулі оқиғаға айналды, онда үдемелі индустрияландыруды жүзеге асырудың алғашқы екі жылының қорытындысы шығарылды. Атап айтқанда, телекөпірде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет бүкіл халқымызға, бүкіл бизнес өкілдеріне түбегейлі бағдар болып табылатын Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру туралы ойын білдірді.
Ел экономикасында нақтылы секторды дамыту жағына қарай батыл бетбұрыс байқалады. Қазақстандықтардың әлемдік дағдарыс зардаптарының алдында абдырап қалғаны байқалмады. Олар өздерінің елінде дағдарыстың екінші толқыны жағдайында тек тиімді бағдарлама ғана емес, сондай-ақ бесжылдық болашаққа арналған шынайы даму жоспары барын анық біледі.
2010-2012 жылдары индустриялық-ин-новациялық даму жоспарының аясында жүздеген жобалар жүзеге асырылды. Жедел индустриялану үстіндегі елде азаматтар алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелер, зейнетақы мен еңбекақыны көтеруді қоса, толық орындалды. Қазақстан Республикасының бесжылдық жоспары экономикасы әртараптандырылған гүлденуші елде қамтылған азаматтардың қалың тобын көбейтуді көздейді. Елбасы шетелдік инвесторлар кеңесінің мәжілісінде атап өткеніндей, “Бұл – біздің азаматтардың тұрақты және ұзақмерзімдік әл-ауқатын қамтамасыз етуге қабілетті дағдарыстан кейінгі дамудың бірден-бір сенімді жолы”.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев – тың ұшқыр ойларды тудыруға қабілетті әлемдегі санаулы саяси көшбасшыларының бірі. “Назарбаевтық” саяси стильдің тағы бір өзіндік қыры – сынақтан өткен ескі мен тиімді жаңаның өзгеше үйлесімділігін таңғаларлықтай дәл таба білуі. Шын мәнінде, Қазақстан дағдарыстан кейінгі жаңа әлемдік экономикадағы көшбасшылықта өзінің қазақстандық жолын тапты. Осы табыс формуласын былайша қысқаша тұжырымдауға болады: “Әлеуметтік жаңғырту және бүкіл елді индустрияландыру”. Сарапшылардың пікірі бойынша, индустрияландыру Қазақстанға шикізаттық тәуелділіктен біржолата арылуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге қайта индустрияландыру миллиондаған жас қазақстандықтар үшін жаңа өмірлік мүмкіндіктерге жол ашады.
Үдемелі индустрияландыруға бағдар басқа да көптеген стратегиялық шешімдер сияқты аяқастынан туа қалған жоқ, ол – Елбасының ұзақ жылғы ұмтылысының жемісі. Тіпті, қиын күндерде де Қазақстан дағдарыстан шын мәнінде жаңарған, осызаманғы мемлекет болып шығу үшін өзінің стратегиялық бағдарламаларын табандылықпен орындауды үнемі жалғастырып отырды. Нұрсұлтан Назарбаевтың прагматикалық идеологиясы – әлеуметтік-экономикалық жаңғырту және Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеологиясы, міне, осыған бағытталған.
Осының бәрі қазақстандықтардың болашаққа сенімділігін арттырады және биылғы жылы халық тұңғыш рет атап өткелі отырған жаңа мереке – Президент күніне ерекше маңыз береді.