Облыс әкімі Серік Біләлов Голландияның Валькенбург қаласында велоспорттан өткен әлем чемпионатында алтын жүлде алған халықаралық дәрежедегі спорт шебері Алексей Луценко мен оның жеке бапкері Владимир Потаповты, облыстық жоғары спорттық шеберлік мектебінде велосипед спорты бойынша аға жаттықтырушы-оқытушы, веложарыстан спорт шебері Сергей Кручинаны қабылдады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
– Бүгін біз еліміздің спорт саласында тағы бір үлкен қуанышты жаңалықтың куәгері болып отырмыз. Голландияда велоспорт бойынша өткен әлем чемпионатында жерлесіміз Алексей Луценко алтын медальға қол жеткізді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанда спорт саласын дамытуға аса мән беріп отыр. Мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлықтың арқасында еліміздің спортшылары үлкен жетістіктерге жетуде. Соның бір дәлелі – жерлесіміздің осы жеңісі, – деп атап өтті Серік Біләлов. Оның спорттағы болашағының жарқын боларына сенім білдірген өңір басшысы әлем чемпионының пәтер алуына мүмкіндік беретін сертификат табыс етті.
Алексей Луценко: “Мен үшін әлем чемпионатының алтын жүлдегері атану әрі үлкен абырой, әрі салмақты жауапкершілік. Оның үстіне жаңа пәтер иесі атану мүмкіндігі берілгені үшін алғысымды білдіремін. Бұл мүлдем тосын жаңалық болды”, – дей келе алда болатын жарыстарда ел сенімін ақтау үшін бар күш-жігерін салуға уәдесін берді.
Чемпионның жеке бапкері Владимир Потапов облыс әкімінің 300 мың теңге ақшалай сыйақысына ие болды. Сондай-ақ Қазақстандағы велоспорттың дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан спорт шебері, білікті аға жаттықтырушы Сергей Кручина “ҚР спортының дамуына зор үлесі үшін” төсбелгісімен марапатталды.
Елімізде велоспорттың дамуына ауқымды қаражаттың бөлініп, қолдау көрсетіліп жатқандығына ризашылығын білдірген бапкерлер қазақстандықтардың арасынан Александр Винокуровтің ізін басып келе жатқан Алексей басқа ұл-қыздарымызға үлгі-өнеге болатындығын атап айтты.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.