Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жоғары оқу орындарында дінтану пәнін енгізу қажет. Бұл жайында облыстық Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен “Лаңкестік – көлеңкелі саясаттың құралы” атты “дөңгелек үстел” барысында сөз болды. Жиынға қоғамдық ұйымдардың құқық қорғау органдарының өкілдері, оқушылар мен студенттер қатысты.
Терроршының психологиялық портреті қандай? Жастарға дін туралы білім жеткілікті деңгейде берілуде ме? Әңгіме осы сұрақтар төңірегінде өрбіді. Лаңкестікпен күресу үшін оны жіті зерттеу қажет. Жиында ой бөліскен қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғау органдарының өкілдері бұл орайда бірлесе жұмыс атқару керектігін сөз етіп, теріс бағыттарға төтеп берудің жолдарын анықтауға тырысты.
М. Қозыбаев атындағы СҚМУ заң кафедрасының доценті Гүлбақша Мұсабаеваның айтуынша, дін туралы білімді жүйелендіру үшін ЖОО-ларда дінтану пәнін енгізген жөн. Сонда ғана жастар ислам, христиан діндері туралы дұрыс ақпаратқа ие бола алады.
Лаңкестік – мемлекеттің біртұтастығына, адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп, құқық пен бостандықты шектейтін құбылыс. Мұндай келеңсіз жайт біздің елді де айналып өтпеді, дейді жиынға қатысушылар. Сондықтан, азаматтарды жастайынан дінді дұрыс түсінуге үйрету қажет. “Мешітте жастарға сабақ беретін білікті мамандар бар. Олар әрдайым кеңес беруге әзір”, – дейді Қызылжар орталық мешітінің наиб имамы Аян Болатұлы.