Қазақстан Студенттер альянсы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (қаржы полициясы) қызметкерлерімен бірлесіп “Таза сессия” республикалық акциясының аясында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттерімен “Сыбайлас жемқорлықпен күресте жастардың рөлі” атты тақырыпта “дөңгелек үстел” өткізді.
Аталған шараның мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды көтермелеу қағидаларын түсіндіру.
“Дөңгелек үстелде” департаменттің баспасөз хатшысы Нұрлан Жахин және сыбайлас жемқорлық туралы істерді ашу және оның алдын алу басқармасының инспекторы Мұрат Тілеубаев сөз сөйлеп, мұндай акцияларды өткізудің маңызы, қаржы полициясы жүргізіп жатқан алдын алу жұмыстары жайлы хабарлап, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталғандар туралы мысалдар келтірді.
Әңгіме барысында студенттер көптеген сұрақтар қойып, оларға толық жауап алды.
“Дөңгелек үстелдің” нәтижесі бойынша облыстық қаржы полициясы департаменті мен жастар бірлестіктері арасында нақты шараларды белгілеп, бірлескен жұмыс жоспарын бекіту туралы шешім қабылданды.
СҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің (қаржы полициясы) баспасөз қызметі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp