«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БАТЫР” БӨБЕКЖАЙ БАЛАБАҚШАСЫНДА инклюзивтік топтар бар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілген “Батыр” бөбекжай-балабақшасының салтанатпен ашылғанына бір жыл да толған жоқ. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған “Балапан” бағдарламасының аясында ашылған болатын. Бүгінгі күні “Батыр” бөбекжай-балабақшасында 285 бүлдіршін алаңсыз білім мен тәрбие алып жүр. Ондағы 13 топтың екеуінде инклюзивтік тәрбие беріледі. 

Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.

Бұл ғимаратта 1988 жылы “Березка” балабақшасы ашылған болатын. Кейін ол еліміздің қиын-қыстау кезеңдеріне төтеп бере алмай, жабылып қалған еді. Одан кейінгі жылдарда бұрынғы “Березка” балабақшасының ғимаратына облыстық түзету мектеп-интернаты орналастырылған. Кейін облыс әкімі Серік Біләловтің қолдауымен бұрынғы балабақша ғимараты қайтарып алынып, қысқа мерзім ішінде жөндеуден өткізілген болатын. Оның жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 105 миллион теңге қаражат бөлінген. Одан бергі ғимарат маңын абаттандыру жұмыстарына да қомақты қаражат бөлініп, оның айнала қоршаулары, балалардың демалыс алаңдары жаңа үлгіде қайта жаңғыртылған. Қарасаң көздің жауын алардай кейіпке енген балабақша бүгінде ерекше көз тартады. Мұнда дамуында тежелуі бар балалардың кіріп-шығуына лайықталған пандус та қарастырылған. Сонымен қатар бөбекжай-балабақша толығымен жаңа үлгідегі жиһаздармен жабдықталған.
– “Батыр” бөбекжай-балабақшасында тәрбиеленіп жатқан 285 бүлдіршін 13 топқа бөлінген. Оның ішіндегі екі тобы инклюзивтік топқа яғни, дамуында тежелуі бар балаларға арналған. Бұл екі топта 19 бала тәрбиелену үстінде. Денсаулығында кінәрат бар балалармен ата-ана және тәрбиешілер бірлесе отырып тиімді әдіс-тәсілдермен жұмыс істеген жағдайда олардың басым көпшілігі дені сау балалармен теңесіп кетеді. Даму деңгейі сау балалармен теңескендері болып жатса, олар балабақшадан кейін жалпы білім беретін мектептерге баруға мүмкіндік алады. Қалған 11 топтың бесеуі таза қазақ тілінде тәрбиеленуде. Алайда, бұл басқа балаларға қазақ тілі үйретілмейді деген сөз емес. Қазір мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне көп көңіл қойылып жатқандықтан, біз орыс тобындағы балаларды да қазақ тіліне үйретеміз. Барлық топтарда кесте бойынша қазақ тілі жүргізіледі. Сонымен қатар ойын, серуен, тамақтандыру, әңгімелесу барысында екі тілді қатар қолданамыз, – дейді “Батыр” бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Балғын Мусина.
Балабақшада барлығы 82 қызметкер жұмыспен қамтылған, соның ішінде 39-ы – педагог мамандар. 13 топта 26 тәрбиеші жұмыс істейді. Сондай-ақ қазақ тілі, орыс, ағылшын тілдерінен сабақ беретін мұғалімдер және педагог-психолог, логопед, дефектолог, хореограф, дене шынықтырудан арнайы мамандар бар. Бұл мамандар балалармен жеке және топтық жұмыс жүргізе отырып, бүлдіршіндердің толыққанды білім мен тәрбие алуына жол ашады. Балаларға сабақ жүргізетін қазақ, орыс тілдері, “Өзін-өзі тану”, музыка, дене шынықтыру пәндерінің кабинеттері сабақ өткізуге қажетті қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Ересектердің қазақ және орыс топтарында 50 балғын тәрбиеленуде. Мектепалды топтардағы балалар үшін бағдарламаға ағылшын тілі де енгізіліп жатыр. Педагогтердің 70 пайызының білімдері жоғары. Жоғары санатты – 3, бірінші санаттағы – 2 маман бар. Жұмысқа орналасқан-дардың дені жастар болғандықтан, көбі – екінші санаттылар.
“Батыр” бөбекжай-балабақшасын еңбек жолын мектепке дейінгі білім беру мекемесінде тәрбиешіліктен бастаған, бүгінде 21 жыл педагогтік өтілі бар Балғын Мусина басқарып жүр. Ол Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжін тәрбиеші мамандығы бойынша бітірген. Одан кейін облыс орталығындағы “Салтанат” балабақшасында тәрбиеші, “Арман”, “Айгөлек” балабақшаларында әдіскер болып қызмет атқарған. Алматы қаласындағы Орталық Азия университетін бітіріп, педагог-психолог мамандығын алған.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp