Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қысы ұзақ әрі қатты біздің өңір тұрғындарының үйлері жылы болса, көңілдері де жайлы. Десек те, жылу мәселесі кей кездері тұрғындардың жүйкесін тоздырады. Осындай жағдай Петропавл қаласының етегінде орналасқан Заречный елді мекенінде орын алған болатын. Осыдан бірнеше жыл бұрын аталмыш аудан тұрғындары қатты налып, БАҚ беттерінде тұрғын үйлерін жылыту туралы мәселе көтеріп, атқарушы органдар мен жергілікті билікке шағымдарын білдірумен сандалған. Заречныйда көпқабатты тұрғын үйлер көп емес, саусақпен санарлық-ақ. Алайда, ол үйлер талай жылдар сонда орналасқан түзету мекемесінің қарауында болып, кейін ол мекеме мұндай жауапкершіліктен бас тартқан кезде көпқабатты үйлерде тұратын тұрғындар жетім баладай далада қалған күй кешеді. Осындай жағдайға тап болған тұрғындардың жанайқайы сол кезде жаңадан тағайындалған өңір басшысы Серік Біләловке жетіп, ол бұл мәселені көпке ұзатпай шешіп берді. Енді, міне, бүгінгі таңда тұрғындар бұл қиындықтарды өткен күндер елесіндей біледі.
– Бүгінгі жағдайымыз жақсы. 2008 жылы тұрғын үйіміздің жанынан шағын жылыту орталығы салынды. Бастапқыда оған электрлі жылытқыш орнаттық. Алайда, кезінде біздің үйлердегі жылыту желілері дұрыс жүргізілмегендіктен, үйлер жөнді жылытылмады. Жылыту қызметтері үшін біз электр есептегіш құралдары арқылы есеп айырысқан кезде, төлемдер өте қымбат болды. Тіпті, бір шаршы метр үшін 400 теңге де төледік. Осылай қиналып жүрген уақытта біз қалалық әкімдіктің қарауына өтіп, көзіміз ашылды. Ал осы жылдың 27 қыркүйегінен бастап бізге қызмет көрсету тендерін “Жылыту желілері” ЖШС-і ұтып алды. Олар біздің үйлердің жертөлелеріне жылыту есептегіш құралдарын орнатты. Біздің ПИК-ке қарайтын үш көпқабатты тұрғын үй бар. Ондағы 98 пәтерде 300-ден аса адам тұрады. Соңғы кезде біздің тасымыз өрге домалап үйіміз де жылынуда, көңіліміз де жайлануда, – деді “Заречный” ПИК-тің төрайымы Жанна Мухачева.