Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қазіргі таңда жас мемлекеттерге өркениетті елдермен теңесу – оңайға соқпайтын шаруа. Әсіресе, дамыған елдердің басым бөлігі шоғырланған Батыстың Орта Азияға көзқарасы бір жақты. Бұл көзқарасты өзгерту жаңашылдық пен дәстүрді әдемі үйлестіре білген Қазақстанға оңайға түскен жоқ. Десек те, өткен мен бүгіннің құндылығын терең түсінген Елбасымен бірге бұл биікті де бағындырып, өз аймағындағы көшбасшы ел атанды.
Бұл сөзімізге дәйек ретінде Қазақстанның Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері ішінде демократиялық түрлену және ұлттық экономикаға шетелдік инвестицияларды тарту жағынан алда екендігін, елдің жаңа астанасын салғанын, жаһандық ядролық қарусызданудың кезеңдік стратегиясын жасағандығын, бірқатар ірі аймақтық интеграциялық жобаларды ұсынғандығын еске алмауға болмайды. Осы орайда еліміздің Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі және Елбасының V Астана экономикалық форумында “G-global” идеясын ұсынғандығына тоқталғымыз келеді.
Қазақстанның 2010 жылы аталмыш белді ұйымға төрағалық ететіндігі белгілі болған күннен бастап әлемдік БАҚ-тың қаламының ұшын шыр айналдырған “Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі” тақырыбында түрлі көзқарастар өрбіді. Себебі, қамтитын мемлекеттердің аумағы мен әлемдік қауымдастықтағы маңыздылығы жағынан БҰҰ-дан кейінгі екінші орынды иеленетін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға Қазақстанның төраға болуы, айтары жоқ үлкен мәртебе. Бұл Тәуелсіздік алған тарихына небары 19 жыл болған жас мемлекеттің тақиясына тар келмейтін зор абырой десек те болады.
Францияның “L’Essentiel des relations internationales” деп аталатын жетекші сараптама журналы Қазақстан туралы мақаласында: “Еуропалықтар мен француздар ұзақ уақыт бойы әлемдік картадан Қазақстанды таба алмай келді. Олар тек Қазақстанның ежелгі патшалық, кейінгі кеңестік Ресейдің белдігінде “ілініп” тұрған Орталық Азиядағы ірі ел екенін ғана білді. Бірақ Президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Николя Саркозидің бірнеше рет кездесуі нәтижесінде еуразиялық аймақтағы аса ірі елді тани түстік. 16 миллион халқы бар, аумағының көлемі Еуропалық одақтың көлеміндей, табиғи ресурсы бай, осы аймаққа ғана тән ұлтаралық келісім философиясы бар, барлық көршілері мен халықтарымен жақын араласатын, қонақжай Қазақстан барлық еуропалық елдер қызыға қарайтын мемлекетке айналды. Расында, 2010 жыл Қазақстан жылы болуы мүмкін. Жыл бойы бұл ел Еуразиядан және бұрынғы Кеңес Одағы елдерінен тұңғыш рет ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету абыройына ие болды. Билікте жиырма жылға жуық уақыт отырған Президенттің арқасында өнегелі мемлекетке айналған бұл ел еуропалықтарға текетірестерді қалай реттеу қажеттігі мәселелеріне қатысты ой қосатын болады. Оның экономикалық даму болашағы мен қол қойған келісімшарттары Еуропаны нығайтып, оның энергетикалық тәуелділігін жеңілдетіп, дағдарыстан шығуға көмектеседі”, – деген пікір айтты. Саясаттың жілігін шаққан әлемдік деңгейдегі шолушылардың әңгімесіне айналған Қазақстанның төрағалық девизі төрт “Т” әрпінен тұрды. “Trust” (сенім), “Tradіtіons” (дәстүрлер), “Transparency” (транспаренттілік) және “Tolerance” (толеранттылық).
Қазақстан аталмыш ұйымға төрағалық еткенге дейін бірнеше жыл бойы ЕҚЫҰ-ның бірқатар ірі шараларын өткізді. Олардың арасында “Адам саудасына қарсы күрес – өңірлік жауап” атты аймақтық Ортаазиялық конференция, Еуропадағы әдеттегі қарулы күштер туралы шарт бойынша ІІІ шолу конференциясында Қазақстанның төрағалық етуі, ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі “Мәдениетаралық, дінаралық және этносаралық түсіністік” атты кеңесі – толеранттылық жөніндегі кеңес, “Минасыздандыру саласындағы сенім шаралары мен өңірлік ынтымақтастық” атты өңірлік семинар, ЕҚЫҰ-ның Парламенттік ассамблеясының 17-ші жыл сайынғы сессиясы бар. Сол себепті де, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге бел бууы “көлденең көк аттының ісі” ретінде бағаланбады.
Барыс жылының айтулы оқиғасы болған ЕҚЫҰ-ның Астанада өткен Саммиті аталмыш ұйымның қажеттілігіне күмәндана бастаған уақытта оған жаңа дем берді, дейді саясат зиялылары. Ал он бір жыл бойы құрылтайын ұйымдастыра алмай жүрген еуропалық белді ұйымға қатысушы мемлекеттердің бір мүшел уақыттан кейін Астанада бас қосуы – өзінің игі бастамаларымен әлем назарына ілінген егемен елімізге және жаһандық деңгейде беделді тұлғаға айналған Президентімізге көрсетілген үлкен құрмет, зор сенім. Осы бір құрмет пен сенімді Елбасының үстіміздегі жылы ұсынған “G-global” идеясының бірден қолдауға ие болуынан аңғаруға болады. Осы бір қос оқиғаны әлем жаңашыл Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық етуінен жаһанға “G-global” идеясын ұсынуға дейінгі көшбасшылық бағыты деп бағалады.