Елбасы өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында білім жүйесінің алдына жан-жақты дамыған, шығармашыл әрі бәсекеге қабілетті тұлғаларды қалыптастыру міндеттерін қойып келеді. Осы міндеттер үдесінен шығу жолында облысымыздың білім беру жүйесінде атқарылып жатқан шаралар аз емес. Соңғы үлгіде салынып, бой көтерген, сыртқы және ішкі көрінісімен жан сүйсінткен Мамлют қазақ мектеп-интернаты – оқушыларға жан-жақты білім мен тәрбие беруге жол ашатын білім ошағы. Осыдан үш жыл бұрын облыс әкімі Серік Біләловтің қолдауымен бой түзеген ғимарат құрылысы мен оның жабдықталуына 1 миллиард 400 миллион теңге қаражат жұмсалған. Мамлютка қаласындағы балаларды қазақ тілінде оқытатын жалғыз білім ошағының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысуды жөн көрдік.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Еңселі білім ошағы Мамлютка қаласындағы өзіне назар аударарлық мекеме екен. Жұмыс күнінің соңын ала кештеу келсек те, келісім бойынша бізді Мамлют қазақ мектеп-интернаты директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, информатика пәнінің мұғалімі Баян Бекшенова қарсы алды. Барлығы 400 балаға шақталған білім ошағы 2009 жылы ашылған, оның ішінде 200 орны интернат тәрбиеленушілеріне арналған. Бүгінгі таңда қазақ мектеп-интернатында 290 бала оқиды, соның ішінде 172-сі – интернаттың тәрбиеленушілері.
– Мектеп-интернат алғаш ашылған жылы қазақ тілінде білім алғысы келетін балаларды жан-жақтан жинадық. Интернатта тұратындардың басым бөлігін атамекеніне оралған қандастарымыздың балалары, сондай-ақ аудан маңындағы қазақ сыныптары жоқ немесе оқушы санының жетіспеуінен жабылып қалған мектептерден келгендер құрайды. Интернатта сонымен қатар көршілес Жамбыл ауданынан, Қостанай облысынан келіп оқитындар да бар. Балаларға мұнда тұрған ұнайды. Бөлмелері жылы, төсекорындары жаңа, таза, бес мезгіл тамақтанады. Интернатта тұратындардың көпшілігі – көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларының балалары. 30 мұғалім жұмыс істейді, жоғары санатты – 1, бірінші санатты – 10, екінші санатты 9 мұғалім бар, қалғандары – жас мамандар. 12 тәрбиеші жұмыс істейді. Олардың ішінде 2-еуі – екінші, 4-еуі – бірінші санатты, – дейді Баян Жұматайқызы.
Оның айтуына қарағанда, тәрбиеленушілердің бос уақыттары кестеге сәйкес бөлініп қойылған. Балалар сабаққа дайындықтан кейінгі уақыттарын тәрбиеге, өздерінің сүйікті істерімен айналысуларына, спортпен шұғылдануға арнайды. Ол үшін мектеп-интернатта толық жағдай бар. Қайыргелді Қа-ражұманов домбыра оркестріне жетекшілік етсе, Таңат Атаманов пен Ақмарал Мүсәйіпова домбыра үйренгісі келген әр баламен жеке жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар хореографиялық, эстрадалық ән, қазақтың ұлттық ойындары мен ою-өрнек үйірмелері жұмыс істейді. Онда қыз бала тәрбиесі бойынша көптеген жұмыстар атқарылады. Отаншылдықтың бастауы болып табылатын туған жерге деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу ісі мектеп жанындағы тарихи-өлкетану мұражайында жүзеге асырылады. Онда ел, облыс, аудан көлеміндегі тарихи оқиғалар мен белгілі тұлғалар, өлкенің жан-жануарлары мен өсімдіктері, тағы басқа жайлы сыр шертетін материалдар жинақталған. Оның жұмысына тарих және география пәндерінің мұғалімі Индира Аманқызы басшылық етеді. Балалар кез келген та-қырыптағы кітаптарды мектеп-интернат кітапханасынан тауып, оқи алады.
– Мектеп-интернатта көпба-лалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларының балалары оқитындықтан, оларды Астана қаласына, облыс орталығының көрікті жерлерін аралатуға, мұражайларға, қалаға келген цирктерге, Абылайхан резиденциясына апарып тұрамыз. Сонымен қатар Петропавл қаласының қуыршақ театры, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрларының әртістерімен тығыз байланыстамыз. Балалар баскетбол, волейбол, күрес, грек-рим күресі, еркін күрес, теннис, бокс, ауыр атлетика сияқты спорт түрлерінен секцияларға қатысады. Бұлардың барлығы мектеп-интернат ғимаратында орналасқан. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген екі спорт, екі бассейн залдары, теннис, мәжіліс, оқу залдары, демалу бөлмелері бар. Сонымен қатар мектеп-интернатта медициналық бөлме, оқшаулау бөлмесі, душ, монша қарастырылған. Тіс дәріге-рінің толық жабдықталған бөлмесі жұмыс істейді, – дейді Баян Бекшено-ва.
Баян Жұматайқызының сөзіне сүйенсек, жаңа үлгідегі білім ошағында “Өзін-өзі тану”, ағылшын тіліне арналған екі мультимедиалық, биология, химия, физика, технология кабинеттері жабдықталған. Мектеп жанында жылыжай жұмыс істейді, онда өсірілген өнімдер өздерінің 180 орындық асханасында күнделікті ас мәзірінде пайдаланылады. Екі жылдан бері 25 балаға арналған шағын орталық жұмыс істеп тұр. Оған жазылған балалар өте көп болғандықтан, қазір қосымша үш бөлме дайындалып жатыр. 4 бөлме мектепалды даярлық тобынікі, онда 22 бала бар. Өзге ұлт өкілдерінен шағын орталыққа – 5, мектепке 3 бала келеді. Мектеп-интернатта балалардың оқып-білім алуларына, өздерін үйдегідей сезінулеріне барлық жағдай жасалған.
– Оқушыларымыз республика, облыс, аудан көлемінде өткізілетін Абай, Мағжан, Махамбет оқуларына, спорт жарыстарына қатысып тұрады. Мектеп-интернат гуманитарлық бағытта жұмыс істейді. Интернет желісіне қосылған. Енді өзіміздің веб-сайтымызды ашуға құжаттар дайындап, келісім жа-сап жатырмыз, таяуда ол да ашылады. Жалпы мектеп-интернат ұжымында өзара сабақтастық пен ұстаздардың белсенділігі ұштасып, оқу мен тәрбие жұмыстары жемісті жүргізіліп жатыр. Біздің ұжымда жұмыс істейтіндер – негізінен жүрегінде жалын, көзінде оты бар жастар. Оларға бағыт берсең болғаны, жанып тұр, – деп жастарға сенім білдірген Баян Жұматайқызы облыс әкімі Серік Біләлов мектеп-интернатты ашқанда ұжымға сыйлаған “ГАЗель” автокөлігімен балаларды үйлеріне кесте бойынша апарып тұратындарын да айтты.
Суреттерді түсірген:
Талғат ТӘНІБАЕВ.