«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“НЕПТУН” СПОРТТЫҚ-ОЙЫН-САУЫҚ КЕШЕНІ көпшіліктің көңілінен шығуда

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығында көптен күткен аквапарк ашылғанда, саламатты өмір салтын ұстанатын өңір тұрғындарының қуанышында шек болған жоқ. Осызаманғы үлгіде бой көтерген “Нептун” спорттық-ойын-сауық кешені әсіресе, балалардың көңілінен шығып, олардың демалысын түрлендіре түсті.

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бұл нысанның құрылысы 2009 жылы мамыр айында басталған болатын. “Фирма Леонтьев” ЖШС-нің бас директоры Сергей Леонтьев бастаған жұмыс тобы үш жылдың ішінде Қызылжардың қақ ортасында әсем ғимаратты тұрғызып шықты.
Аталмыш кешеннің сметалық құны – 1 млрд. 800 мың теңге. Оның 800 миллионы – мемлекеттің қолдауымен алынған несие. Құрылысты жобалау кезінде осы саладағы ТМД және алыс шетелдің 12 нысанының тәжірибесі ескерілген. Аквапаркке 4 миллион АҚШ долларынан астам сомаға Канада, Германия және Филлипинде шығарылған жоғары сапалы қондырғылар сатылып алыныпты. Мұндағы 8 мың 600 шаршы метр аумақта халықаралық талаптарға сай бассейнді жоғары бойлай 4 отбасылық сырғанақ тұрғызылған. Әрбірінің ұзындығы – 150 метр. Кешеннің құрамына 7 су аттракционы, түріктің “Хамам” және орыс моншасы, фин саунасы, 10 гидроуқалау қондырғысы, джакузи тағы басқа қызметтер кіреді. Мұнда ата-аналарға да жақсы мүмкіндіктер қарастырылған. Ересектер үшін фитнес клубы, спорт залдар мен медицина бөлмесі жұмыс істейді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша мұнда ауыл бүлдіршіндері мен аз қамтылған отбасыларының балалары саяхат жасап тұрады.
Енді қала тұрғындары мен қонақтары осы кешенге барып, көңіл көтере алады. “Мен мұнда достарыммен бірге келдім. Бәрімізге ұнады. Бағасы да қымбат емес. Әсіресе, сырғанақтардан ерекше әсер алдық”, – дейді қызылжарлық Абылайхан Жанәбілов. Ал балаларын ертіп келген ерлі-зайыпты Оспановтардың пікірінше, аквапаркте қызықты демалыс үшін барлық жағдай жасалған. “Қазақстанның көп қалаларында демалдық. Дәл мұндай су кешенін кездестірген жоқпыз. Оның өз қаламызда бой көтергеніне қуаныштымыз. Балаларымыз осында келгенде, үйге сергіп қайтады. Әр демалыс сайын келуге асық ”, – дейді олар.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp