Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бұрынғы кеңес елдерінің тәуелсіз даму жолына түскеніне биыл 21 жыл болып қалды. Егеменді Қазақстан жаңа тәуелсіз мемлекеттердің арасында көш бастады.
Бұл жетістіктің мән-маңызын пайымдау үшін Кеңес Одағы тарағаннан кейін пайда болған жаңа мемлекеттердің 90-шы жылдары саяси таңдауға тап болғанын еске алу керек. Сол кезде аз шығындармен кеңестен кейінгі аумалы-төкпелі ахуалдан өз билігі өзіндегі тұрақты мемлекет құруға дейінгі ауыр жолдан өту қажет еді.
Бұл саяси үдеріс бұдан былай кеңестен кейінгі кезеңнің басты сипаты орныққан егеменді және де түпкілікті мемлекеттілікті бейнеледі.
Сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бәрін жаңадан жасай отырып, ең басты бағытты бағамдау, ең алдымен нақты егемендікке қол жеткізу қажет болғанын атап көрсетті. Мақсат орындалды.
Еуразия кеңістігінде саяси таңдау мәселесін барынша тиімді және жүйелі шешудің жолы, ең алдымен, Қазақстанда табылып, ойдағыдай жүзеге асырылғанын атап айтуымыз керек.
Британиялық тарихшы Джонатан Айткен: “Назарбаев оның ресейлік әріптестеріне қарағанда өзінің елінде күшті қолдауға ие болды, өзін байыпты ұстады”, деп жазды. Тараған КСРО-ның республикаларын жайлап алған бейберекетсіздік тұсында “Назарбаев демократиялық тәжірибе жасау саясатына емес, күн көру саясатына көңіл бөлді”, – деген Джонатан Айткен Елбасымызды “жеңістер мен күн көруді” біліктілікпен қамтамасыз ететін көшбасшы деу оған берілген үздік баға болар еді” деп пайымдайды.
Қазақстан Республикасы саяси таңдау түрлерінің ішінен ең сенімді де ауыртпалықсыз мемлекеттілікті қалыптастырудың алғашқы кезеңдерінде аса қажет болған қуатты президенттік республиканы жаңа, барынша саяси, тұрақты билік түрі – президенттік-парламенттік республикаға өзгертуді таңдады.
Ал қазақстандық мемлекеттілікті қалыптастырудың алғашқы, ең қиын кезеңінде билікті және жаңғыртушы мемлекеттік күш-қуатты бір нығыз институтқа шоғырландыру қолайлы да ыңғайлы қадам еді. Қазақстанда 90-шы жылдардың басында енгізілген президенттік институт осындай болатын.
Нұрсұлтан Назарбаев түбегейлі өзгерістердің күрделі кезеңіндегі Президент қызметінің өзекті рөлін сол кездегі одақтас республикалар басшыларының ішінен алғашқының бірі болып аңғарды. Қазақстан Президент лауазымын енгізіп, КСРО-ның басқа республикаларынан бұрын айтарлықтай тарихи көрегендік танытты.
Президенттік билік жиырма жыл бойы қазақстандық мемлекеттіліктің өзекті буыны және оның дамуының барлық шешуші түйін-дерінде кешенді реформалардың сенімді тірегі болып табылуда. Нақ осы президенттік институт саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңғыртулардың жүйелі пайымын, орнықты ілгерілеушілігін және парасатты тиянақтылығын қамтамасыз етіп отырды. Қазақстанның болашағы осылардың ойдағыдай шешілуіне байланысты болды.
Күшті президенттік биліктің арқасында тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілігі өзінің қалыптасуының шешуші кезеңдерінен ойдағыдай және ауыртпалықсыз өтті. Джонатан Айткен атап көрсеткендей, Нұрсұлтан Назарбаев 90-шы жылдардың дауылынан біртіндеп шықты.
Осы таңғаларлық жетістіктерден кейін мемлекеттілікті қалыптастырудың алғашқы кезеңдеріндегі қуатты президенттік республиканы аса қажетті жаңа, барынша саяси тұрақты құрылым – президенттік-парламенттік республикаға өзгерту жаңа пайымды қадам болды. Бұл ретте ескеретін жайт, Президенттің қолына биліктің барлық тармақтарының тоғысуы кеңестен кейінгі елдердің көбінің ерекшелігі болып табылады.
Саясаттанушылардың көбі саяси таңдаудың моделі, егер оның аясында билік пен басқаруды бөлісудің принципі жүзеге асырылатын, басқаша айтқанда, президенттік биліктің басымдылығы сақтала отырып, Үкіметтің Парламент алдындағы жауапкершілігінің тетіктері қамтамасыз етілген жағдайда ғана тұрақты бола алады деп есептейді.
Жоғары биліктің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін президенттік институтты әлеуметтік-экономикалық бағыттар күресінен биікке көтеру керек. Қазақстанның жаңа тарихи дамуының тәжірибесі еліміз оңтайлы президенттік-парламенттік жолға түсіп келе жатқанына көз жеткізеді.
Ойдағыдай жүргізілген конституциялық реформадан соң Қазақстан Республикасы ТМД кеңістігінде алғашқы болып Парламент алдында жауап беретін Үкімет құрды, басқаша айтқанда, бұдан былайғы жерде сайлауда жеңіске жеткен саяси партия Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсынады.
Қазақстанның саяси жүйесінің осылайша дамуында нақты тарихи дәйек бар. Мемлекеттіліктің қалыптасуының өтпелі кезеңінде жас елге ерекше өкілеттілік иеленген күшті Президент өте қажет болды. Қолдан басқару жүйесі өзінің рөлін тиімділікпен орындап берді. Қазақстанда конституциялық реформа осындай жағдайларда жүргізілді. Сөйтіп, кеңестен кейінгі саяси таңдау табысты да түпкілікті жасалды.
Бүгінде еліміз әлеуметтік-экономикалық және саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты.