«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛМАТЫ РИЗА БОЛДЫ ҚЫЗЫЛЖАРҒА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жеңіс ЕРМҰҚАНОВ,

журналист.

Алматы – еліміздің ірі мәдени орталығы. Бүгінде дәулетті де сәулетті оң-түстік астанамыздың айбыны асқақ. Ал Қызылжар өңірі – ас атасының құтты мекені. Табиғат тарпаң мінез көрсеткенімен, биыл да астық баршылық. Астық – біздің басты байлығымыз. Бұған ару қаланың төрінде Солтүстік, Оңтүстік және Жамбыл облыстарының тауар өндірушілері қатысқан ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің қонақтары көз жеткізді.
Алматы қаласы мен өңіріміздің басшылары бастаған қадірменді меймандар жәрмеңкені аралап, сөрелерге қойылған өнімдердің сапасымен танысты. Облысымыздың 36 шаруа қожалығы алматылықтарға 42 млн. теңге тұратын азық-түліктің 40-тан астам түрін ұсынды. Сөреге қойылған көкөніс, бал, сүт, ет, ұн өнімдерінің жалпы салмағы 200 тоннаны құрады. Мақсат – жергілікті тауар өндірушілерді республикалық деңгейге танытып, оңтүстікпен тығыз әріптестік орнату. “Мұнда 60 тонна картоп, 12 тонна сиыр, 2 тонна жылқы және 6 тоннадай қой еті әкелінді. Бұған қоса қайта өңдеу кәсіпорындары шұжық, сүт өнімдері мен бал ұсынып отыр. Әсіресе, бидай өнімдері үлкен сұранысқа ие, 36 тонна ұн алып келдік”, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Алтынбек Абдоллаев.
Жоғары сұрыптағы ұнның бір килосы 55 теңгеге, ал бірінші сұрыбы 45 теңгеден саудаланып жатты. Картоптың килограмы – 60, жұмыртқаның 10 данасы 150 теңге болса, бал 1000 теңгеден өткізілді. Еттің бағасы да сол шамада болды. Қара мал етінің жартысына жуығын Алматыға “Астық-Тобыл” ЖШС жеткізіпті.
“Петропавлдан 5 тонна ет әкелінді. Бір сағаттың ішінде 2 тоннасын сатып болдық. Алматылықтар тауарымызды жақсы алып жатыр”, – деді аталмыш серіктестіктің өкілі Жақсылық Мұхамедов.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу Алматыда жақсы дәстүрге айналған. Сондықтан қала тұрғындары азық-түлікті осы жерден алуға дағдыланған. Алдағы аптаның қамын ойлап, таңертеңнен жәрмеңкеге асыққан жұрт легі бір толастаған жоқ. Солтүстік Қазақстанның ауыл еңбеккерлері ұсынған өнім пышақ үстінен бөлініп жатты.
Жәрмеңкеде тауарды санитарлық тексеруден өткізу тегін ұйымдастырылды. Солтүстікқазақстандықтар ұсынған өнім тұтынушыларға Алматы базарларындағы бағадан 30 пайызға дейін арзанға түсті. Әсіресе, азық-түлік сапасы қалалықтардың көңілінен шықты. Тұтынушылар: “Солтүстіктің еті өте дәмді болатынын жақсы білеміз. Әрі бағасы арзан. Бізге жиі келіп тұрса екен”, – деген тілектерін айтып жатты.
Сондай-ақ алматылықтарға өңіріміздің алтын қол шеберлері де өз туындыларын ұсынды. Көздің жауын алатын әшекей бұйымдар, қылқалам шеберлерінің еңбектері көпшілікті бейжай қалдырмады. Әсіресе, ұлттық нақышта ағаштан ойылып өрнектелген заттар үлкен сұранысқа ие болды. Тұтынушылар делдалсыз жеткізілген қолөнер бұйымдары мен арзан азық-түлікті сатып алып қана қоймай, шығармашылық ұжымдарымыздың өнерін тамашалап, бір марқайып қалды.
Кешкісін Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өңірімізден барған жезтаңдай әншілер мен мың бұралған бишілеріміз концерт берді. Солтүстікқазақстандықтар тарту еткен кешті облыс әкімі Серік Біләлов пен Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов кіріспе сөзбен ашты.
Сахна төріне шыққан өнерпаздарымыз “Есіл” қазақ ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен жергілікті композиторлардың, әлем классиктерінің шығармаларын орындады. Бұл кешке мәдениет, өнер және әдебиет майталмандары қатысты. Өнер қайраткерлері солтүстікқазақстандық өнер иелеріне оң бағасын берді. Солардың бірі – халық әртісі Асанәлі Әшімов. “Жақсы да жарқын өнерді көріп, қуанып кетіп барамын. Барша қызылжарлықтарды осындай өнер көрсетулерімен құттықтаймын! Бақытты ел тұрғындарының көңіл күйін жоғары дәрежеде көрсете алды”, – деді ол.
Осылайша оңтүстік астанаға сапар үлкен табыспен аяқталды.
Петропавл – Алматы – Петропавл.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp