Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Биыл “Нұр Отан” ХДП-ның облыстық филиалы мен жергілікті мәслихаттар депутаттарының бастамасымен “Ақ қайыңдар өлкесі” атты қоғамдық қор құрылған болатын. Қаламыздың көркеюін қалайтын кәсіпкерлер, депутаттар мен қала тұрғындары аталмыш қорға қаржылай демеу көрсетіп, оған облыс орталығындағы Жамбыл және К. Сүтішев көшелеріндегі 16 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері жаңартылып, көше келбеті әрлене түсті. Барлығы 45 мың шаршы метрлік тұрғын үй қабырғалары сыланып, боялды.
– “Тамшыдан теңіз құралады” дегендей, өңір басшысы Серік Біләловтің бастамасымен қолға алынған бұл іс оң нәтижесін көрсетті. Біріншіден, осы жұмысты ұйымдастыру барысында туған өлкесіне жанашырлық танытатын талай адамдармен жолықтық, екіншіден, біз, яғни қала тұрғындары әсем қаламызды тіптен мақтан тұта аламыз. Өңіріміздің кейбір аудандары бұл бастаманы өздерінде жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр. Әрине, біз де биылғы нәтижемен шектеліп қалмаймыз, өйткені, әлі де қаламызды абаттандыру үшін атқарарлық істер жетерлік. Келер жазда да бұл іс өз жалғасын табады деп ойлаймын, – деді “Ақ қайындар өлкесі” қоғамдық қорының төрағасы Сергей Калинин.
Биыл аталмыш қоғамдық қорға өз үлестерін қосқан кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің қатары қалың болды. Солардың ішінде белсенділік танытқан “Атамекен- Агро” мен “Қазақтелеком’’ акционерлік қоғамдарын, “Ақтөбе-ГЛААС”, “Транс-Сибирьагро”, “Тайга”, “Петропавл-Спецкомунстрой” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері ерекше аталады. Биылғы қорға түскен ақша толығымен игерілді.