«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ӘЛЕУМЕТТІК ТАКСИ” – мүмкіндігі шектеулі жандар игілігіне

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.

Мүмкіндігі шектеулі жандар қашанда қоғамнан қалыс қалмайды. Өйткені Елбасының салиқалы саясатының арқасында оларды әлеуметтік қорғауда жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Бұрын мүгедектерге қажетті жеріне барып қайту оңай болмайтын. Әрі-бері такси ұстап, қалтасынан қаражат шығарып жүру олар үшін қиынға соғатын. Қозғалу мүмкіндіктері шектеулі адамдарға қазіргі күнде үйлерінен шығып, жеке шаруаларын жасап, қоғамдық өмірге қосылу мүмкіндіктері арттырылды. Яғни, осыдан төрт жыл бұрын Петропавл қалалық мүгедектер қоғамының базасында “Әлеуметтік такси” қызметі құрылып, соның арқасында 7 мыңнан астам мүгедек денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік сала мекемелеріне жету үшін тегін такси қызметін тұтыну мүмкіндігіне ие болған еді. Мүгедектерге арналған таксидің бүгінгі жұмысы қалай жүзеге асып жатыр?
Облыс әкімінің бастамасымен есігі ашылған жаңа әлеуметтік қызметке қолдау көрсету мақсатында облыстық бюджеттен биылғы жылға 9,3 млн. теңге сома қарастырылған екен. 2009 жылдан бастап өздігінен жүре алмайтын мүгедек жандарды қала ішінде тегін тасымалдау қызметін атқарып келе жатқан “Әлеуметтік такси” 1, 2-топтағы мүгедектер, мүгедек балалар, соғыс ардагерлеріне және оларға теңестірілген тұлғаларға тегін көліктік қызмет көрсетеді. Жұмысын бастаған алғашқы жылында қалалық “Мүгедектердің өндірістік оңалту” бірлестігі 1-24 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетсе, қазіргі уақытта үлкен-кішіге де бірдей қызмет атқарады. Қоларбаға таңылған адамдарға мініп-түсуге ыңғайлы етіп жасалған автокөліктердің біреуі “ГАЗель” болса, қалған екеуі – жеңіл автокөлік.
“Әлеуметтік таксидің” диспетчерлік бөліміне бас сұққанымда, телефон қоңырауларының үздіксіз түсіп жатқандығын байқадым.
Қалалық “Мүгедектерді өндірістік оңалту” бірлестігінің төрайымы Валентина Заборовскаядан білгеніміздей диспетчер таңертеңгі сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін ертеңгі күнгі қоңырауларды қабылдап, бір күн ішінде 10-15, көп дегенде 40 адамның тапсырысын қабылдап отырады. Тұрғындардың жағдайы төмен топтарына нақты көмек көрсетіп, оларды қалаған жеріне апарып, қайта үйіне жеткізіп тастауда мүгедектер таксиінің пайдасы зор.
“Мүмкіндігі шектеулі жандарға тағы бір қиындық тудыратын мәселе – мекемелердің кіреберіс баспалдақтарының мүгедектерге қарастырыла ойластырылмағандығы. Үйді салғанымен, бірақ баспалдақта немесе кіреберісте пандус жоқ. Өте қолайсыз. Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік сала мекемелеріне күнделікті қатынайтын мүмкіндігі шектеулі жандарды мына үш тегін такси толық қамтамасыз ете алмайды. Кем дегенде 4-5 осындай әлеуметтік көлік қажет, – деп бұл қызметтің пайдасының көптігін айтқан басшы автокөліктердің әлі де жетіспейтіндігіне тоқталды. Бүгінде көліктің құны аспанға шарықтап тұрса да, алдағы жылы тағы да екі жаңа автокөлік алуды жоспарлап отырғандығын тілге тиек еткен Валентина Семеновна қалада әлі күнге дейін “Әлеуметтік такси” жайында білмей жүрген мүгедектердің бар екендігін айта келіп, жергілікті телеарналарда жүгіртпе жарнама беріп тұратындығын атап айтты.
Жарымжан жандармен күнде араласатын жүргізушілердің айтуынша, мүгедек жандарды ауруханаға алып барудың өзі оңай емес екен. Оларды автобус-пен алып жүре алмайсың. Көлікке отырғызудың өзі – қиынның қиыны. Сондықтан әлеуметтік такси олар үшін көп көме-гін тигізеді. Өз еркімен жүре алмаса да, олар барлық жаққа барғысы, көргісі келеді. Бірақ әрқашан мүмкіндіктің бола бермейтініне налиды. Сондай-ақ мүгедектер таксиіне адамдарды мінгізіп, түсіру үшін арнайы қызметкер бөлінген.
Аталмыш қызметтің шарапатын бұрыннан көріп келе жатқан екінші топтағы мүгедек Ольга Ярошка былай деп әңгімелейді: “Мен жағдайыма байланысты автобуспен жол жүре алмаймын. Такси жалдағанмен, қаражатым таусылып, қатты қиналатынмын. Сол себептен әлеуметтік такси пайда болған кезден бастап жағдайым көп жеңілдеді. Әлеуметтік такси біз үшін қала ішінде жүру мәселесін шешіп берді. Көлік мәселесі мүгедек жандар үшін, әсіресе, қыстың күні қиындайды. Петропавлда қыс өте суық, қатты боран соғады, сондықтан біз, мүгедектер, төрт қабырғада отыруымызға тура келеді. Бірақ әлеуметік таксидің пайда болғаннан бері қыс тұтқыны болудан қалдық”.
Үлкен-кішіге қарамай, мүмкіндігі шектеулі жандардың барлығына қол ұшын созуға даяр тұратын “Әлеуметтік такси” қызметі – игі шара. Облыс орталығында алғашқы рет ұйымдастырылған қайырымдылық қызметінің бүгінде көпшілікке шарапаты тиіп отырғаны сөзсіз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp