«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жемісті жылдар жеңісі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әрбір ұлт өз болашағын білімді ұрпақпен байланыстыратыны белгілі. Себебі, ұлттың ұлылығын бүгінгі жаһандану заманында кемел білім, қуатты ғылым арқылы ғана танытуға болатыны шындық. Еліміздің қиыр солтүстігіндегі білімнің қара шаңырағы – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті – өзінің бай тарихы мен қалыптасқан дәстүрімен отандық білім кеңістігінде өзінің айрықша орнын алған білім ордасы. Жақында университет өзінің мерейлі, береке мен нәтижеге толы 75 жылдық торқалы тойын атап өтіп отыр.

Жанар ТАЛАСПАЕВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің Тіл және әдебиет институтының директоры, филология ғылымының кандидаты, доцент.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облысымызға келген сапарларының бірінде: “Солтүстік Қазақстан университеті Қазақстан жоғары оқу орындарының алғашқы ондығына кіреді деп ойлаймын. Мұнда жақсы дәрісханалар, зертханалар, жатақханалар бар. Ғылыми жұмыстар жүргізіледі. Көпұлтты ұжым, дайындығы мықты оқытушы-профессорлар құрамы бар. Осындай университет Қазақстанның солтүстік өңірі үшін мамандар даярлап жатқанына қуаныштымын” деп атап өткен болатын.
Университеттің ел игілігі жолында еселі еңбек етіп жүрген түлектерінің ішінде бүгінде филологтар мен журналистерді дайындап отырған Тіл және әдебиет институтының атқарып отырған жүгі салмақты. Қоғамдағы тілдің рөлі, оның дамуы мен өсіп-өркендеуі, жас буынның бірнеше тілді еркін меңгеруі сияқты маңызды мәселелерді шешуде институт ұжымының еңбегі ерен.
Тіл және әдебиет институты 2004 жылдың тамыз айында университеттің тарих-филология факультетінің базасы негізінде құрылған. Мұндай өзгеріс заман талабына сай келді, бірқатар маңызды істер жүзеге асты, сонымен қатар бірнеше мәселенің басы ашылды: студенттер саны көбейді, профессор-оқытушылық құрамының кәсіби деңгейі артты, жаңа, әрі аса қажетті филология және журналистика мамандықтары ашылды.
Мұғалімдер институты 1937 жылы құрылды. 1956-1961 жылдары орта мектептер үшін орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімдері даярланды. Кейін, 1967-1975 жылдары еліміздегі өмірлік мәні бар қажеттілікке сәйкес қазақ мектептерінде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалімдер оқытылды. 1972 жылы тарих-филология факультетінде шет тілі бөлімі ашылды. 1989 жылы педагогика институтында тұңғыш рет қазақ филологиясы мамандығы ашылып, солтүстік өлкеде қазақ мектептері үшін тіл және әдебиет мұғалімдері даярлана бастады. Бұл – еліміздегі қайта құру үрдісіне байланысты қоғамдық сана оянып, қазақ тіліне деген құрмет жаңа деңгейге көтерілген кезеңнің жемісі ретіндегі өте маңызды мемлекеттік құбылыс еді. Алаштың айбыны болған Әлихан Бөкейханов өз заманында: “Ғұмыр бәйгесінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар” деп көреген ой білдірген. Қазақ тілі бүгінде өз мәртебесіне ие болды.
Ұлтының қасиетті тілі туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Тәуелсіздік жылдары қазақ халқы – ұлыстың ұйытқысына, қазақ тілі тұтас ұлыстың ортақ тіліне айналды. Әрине, тіл мәселесі – уақыттың еншісінде. Санның артуы, сананың орнығуымен барлығы өз орнына келеді. Бұл орайда, біздің басты байлығымыз – ел бірлігі екенін ешуақытта ұмытпауымыз керек! Еліміз қуатты болса, мемлекеттік тілдің болашағы да соншалықты шуақты болмақ. Дүниеде қазақ деген ел барда – қазақ тілі мәңгі жасай береді!” – деген ұлағатты ойы ұлт рухына айналғаны шындық. Ана тілімізді өзіміз терең меңгере отырып, басқаға сапалы игерту мақсатындағы келелі істер институтымызда жүйелі жүргізіліп келеді.
Тіл және әдебиет институтының кадрлық әлеуеті бүгінгі күні 146 оқытушыны құрайды, оның ішінде екі ғылым докторы, профессор, 36 ғылым кандидаты, 39 аға оқытушы, 47 оқытушы, 22 филология және журналистика магистрлері бар.
Әр жылдары филолог мамандарды даярлауда жемісті еңбек еткен, бүгінде зейнеткерлікке шыққан ардагер оқытушыларымыздың есімін қашанда құрметпен атаймыз. Олар: Клара Атығаева, Мақшай Ғабдулина, Зәуреш Қайырбекова, Шайзат Сұрағанова, Алла Варфоломеева, Наталья Вьялицина, Елена Егорова, Анна Карамышева, Елена Котова, Людмила Селина, Клавдия Сидоркина, Антонина Федорова, Евгений Тетюхин және т. б. Институт оқытушылары үшін олардың еңбек жолы тағылымға толы. Үлкенге төрден орын бер-ген ұлттың ұрпағы екенімізді ешқашан естен шығармақ емеспіз.
Институтта студенттер күндізгі және сырттай бөлімдерде білім алады. Қазіргі кезде біздің түлектер тек облыстық және қалалық мектептерде ғана емес, сонымен қатар Қазақстандағы және одан тыс жерлердегі халықаралық ұйымдарда, республикалық телеарналар мен газет-журналдарда жемісті еңбек етіп келеді. Олар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өз білімдерін тиімді қолданып, ел игілігі үшін еңбек етуде. Заман талабына сай білім алған, бәсекеге қабілетті маман атанып отырған түлектер жетістігі біз үшін үлкен қуаныш.
2004 жылдан бері “Қазақ тілі мен әдебиеті” бөлімінде өзге ұлт өкілдері білім алуда. 2008 жылы олардың алғашқы легі мамандық иесі атанды. Қазіргі кезде бұл түлектер әр жерде жемісті еңбек етуде. Мемлекеттік тілдің ертеңіне үлкен сенім артқан бұл жастардың ынтасы мен талабы көңілге қуаныш ұялатады.
Тіл және әдебиет институтының профессор-оқытушылық құрамы мен студенттер қауымының биік жетістіктері мол: жыл сайын студенттер халықаралық және республикалық байқауларға, түрлі тақырыптарда пікірталастарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, грант иегерлері атанып, мадақтамалармен, дипломдармен марапатталып отырады. Биылғы жылдың өзінде “Шет тілі: екі шет тілі” мамандығының студенті Анастасия Шиховцева ҚР Президенті қорының шәкіртақысын жеңіп алды. Осы аталған мамандықтың студенті Дана Сүлейменова, “Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығының студенті Бибігүл Нұртазина Президенттік шәкіртақыға ие болса, “Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығының студенті Дарима Рахмет Мағжан Жұмабаев атындағы шәкіртақының иегері атанып отыр. Ең үздік студенттер алыс шетелдерде, АҚШ-та, Германияда, Англияда тәжірибеден өтеді.
Студенттер “Пилигримм”, “Кривое зеркало”, “Шаңырақ” сияқты студенттік театрларда өздерінің шығармашылық мүмкіндіктерін көрсетіп, КТК-да ойнап, әртүрлі спартакиадаларда белсенділік танытады.
Институт қабырғасында дәстүрлі түрде “Тіл мен әдебиетті оқытудағы инновациялық әдістер” тақырыбында ғылыми-тәжірибелік және әдістемелік семинарлар, “Тілдер фестивалі”, студенттер қатарына қабылдау сияқты мәдени шаралар, Наурыз мерекесі, Рождество кештері, мемлекеттік мерекелерге орай шаралар, ғылыми жоба, аударма, реферат байқаулары, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілінен олим-пиадалар табысты өткізіледі. Тіл және әдебиет институты бүгінгі күн сұраныстарына жауап беретін материалдық-техникалық базамен жабдықталған, сонымен қатар Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Иван Шухов атында дәрісханалар бар.
Білімдерін жалғастыруға ниет білдірген түлектер үшін “Филология” (қазақ, ағылшын, орыс), “Журналистика” (қазақ, орыс) мамандықтары бойынша магистратура ашылған. Тіл және әдебиет институты зерттеу жұмысының ғылыми-тәжірибелік қызметі “Тілдердің үш тұғырлылығы” мәдени жобасының негізінде жүзеге асады. Профессорлық-оқытушылар құрамының ғылыми-зерттеу жұмыстарындағы басым бағыттардың бірі – оқу-білім беру үрдісінде гуманитарлық филологиялық зерттеулердің ықпалдасуы; жалпы коммуникация теориясы және қазіргі кезеңдегі филологиядағы ғылыми парадигмалардың өзара әрекеті.
Институттың профессор-оқытушылық құрамы білім беру бойынша Британдық Кеңестің (British Council) ғылыми-тәжірибелік семинарларына, Гёте институтының (Goethe Institut) алмасу бағдарламасы бойынша Германия академиялық агенттігінің (DAAD), зерттеу және алмасу бағдарламалары бойынша халықаралық комитеттің (IREX) ғылыми-зерттеу жұмыстарына және ғылыми-білім беру жобаларына белсенді қатысады.
Тіл және әдебиет институты жыл сайын ұлттық әдебиеттің көрнекті өкілдерінің өмірі мен шығармашылығына арналған әр деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференцияларды ұйымдастыруды қолға алған.
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дағы Тіл және әдебиет институтында тәрбие жұмысына баса назар аударылады. Оқытушылар оқыту мен тәрбиенің егіз екеніне аса көп көңіл бөледі. Елбасы өзінің биылғы Қазақстан халқына Жолдауында: “Оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту қажет. Олар – патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, тәннің де, жанның да дамуы, заңға мойынсынушылық. Бұл құндылықтар, меншіктің қандай түріне жататынына қарамастан, барлық оқу орындарында да сіңірілуге тиіс”, – деп баса айтқан болатын. Студенттерді бәсекеге қабілетті маман, елінің парасатты азаматы етіп тәрбиелеу – біздің басты мақсатымыз. Институт өмірі әдеби, мәдени шаралар, лингвомәдени және этнопоэтикалық, музыкалық композициялар, сахналық қойылымдар, поэзиялық кештермен мәнді де мазмұнды өтуде.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp