Амангелді БЕКМҰРАТОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Григорьевка ауылдық округіне қарасты Трудовое ауылы аудан орталығынан небары 5-ақ шақырым жерде. Осы екі ортаның жолы Кеңес Одағы ыдырағаннан бері жөндеу көрген жоқ. Асфальтталған деген жол аты ғана болмаса, ойдым-ойдым шұқырланып, әбден тозығы жеткен жолдың тегіс бетінің тамтығы қалмай барады. Тіпті, көлік қатынасы бұған қарағанда әлдеқайда жиі Смирново мен Астраханка ауылдарының арасындағы жол жағдайы да осындай. Айтып-айтып әбден жауыр болған бұл мәселе ауыл тұрғындарына қаншалықты қолайсыздық тудырып отыр десек те, оның өзі осы Трудовое ауылындағы қиын су мәселесімен салыстырғанда түкке тұрмайды екен. Өйткені, ауыл адамдары күнде жолға шыға бермейді ғой, алайда, олардың сусыз отыра алмасы анық.
Суға жарымай жүрген Трудовое ауылының тұрғындары үшін ауыз су нөмірі бірінші мәселеге айналды. Орталық су құбырынан толтырылатын ауылдағы қысымды су мұнарасы тұрғындарға тәулігіне 2 сағат су береді. Онда да су береді деген аты ғана, әйтпесе ауылдың тарату желілеріне жіберілген су көшелердегі су колонкаларына дұрыс жетпейді. Оны қысыммен айдайтын насостың жарамсыздығынан және тарату құбырларының тозып, бітеліп жатқандығынан жай ағын еркімен ғана келетін су колонкалардың түбіндегі құдықтарға жыламсырап әзер жетеді.
Ауылдағы су колонкаларының сырланып, тәртіпке келтіріліп қойылғаны – алдамшы көрініс. Әрине, жағдайды білмейтін адамның ауылда су мәселесі шешілген екен деуі әбден мүмкін. Көше бойындағы су құбырлары жарқырап, жұтынып тұрған соң басқаша қалай ойлайсың? Ал шындығында, олар көзбояушылық сұлбасын тудырады, нақты ішетін ауызсу жерасты шіріген құбырлардан далаға кетіп жатыр. Колонкалардың түбіндегі резина доңғалақтармен шегенделген құдықтағы су ішуге жарамсыз, тұрғындар оны тұрмыстық қажетіне ғана алады. Сондықтан ауыл тұрғындары ауыз суын жекеменшік тасымалдаушылардан сатып алуға мәжбүр. Оның құны су құйылатын бөшкенің сыйымдылығына қарай 500-1000 теңге тұрады.
Суретте көрсетіп отырғанымыздай, зейнеткер Майраш Бекмұратова сияқты әжейлер Смирноводан цистернамен жеткізілген ауыз суды үйіне шелектеп тасуға мәжбүр. Ал Подлесное сияқты шеткері көшелерге колонкалар, тіпті, қойылмаған. Резеңке доңғалақтармен шегенделген мұндағы құдықтардың аузы ашық, ондағы судың санитарлық тазалық жағын айтпағанның өзінде, ойын балаларының ішіне құлап кету қаупі зор. Екінші суретте көріп отырғандарыңыздай, ауыл тұрғыны Алмас Мұқанов мұндай құдықтан су алғанда жанындағы баланың жақын тұрғанын қаламайды.
Ауылда бір кездері колонкасы жарамды таза ауызсу алуға болатын жалғыз құдық болған. Оның құрсауы алынып, қирап жатқанын үшінші суреттен көресіздер. Сөйтіп, ауылдың ауызсуға жарымай, мүшкіл хал кешіп отырған жайы бар. Ал оны ретке келтіріп, тұрғындардың тұрмыстық жайын түзетуге жергілікті билік басындағылардың асығар түрі байқалмайды. Бар бітіргендері – су келетін тораптық құбырлардан үзіліп қалған жарамсыз колонкаларды сырлап, көзбояушылық жасаудан аспайды. Ауыл тұрғындары болса Смирноводан жеткізілетін суға қарап отыр. Көлігі және күші барлар ретін табар-ау, ал зейнет жасындағылар мен мүгедек жандарға қиын-ақ. Жетер жолының жағдайы анадай, ішер суға жарымай отырған ауыл тұрғындарына жылдық есебі келгенде ауылдық округ пен аудан әкімдері қай беттерімен қарар екен?
Суреттерді түсірген автор.
Аққайың ауданы.