2012 жылғы қарашаның 21, 22, 23-і күндері Астана қаласында Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат бойынша ұлттық комиссияның қолдауымен әйелдердің үшінші еуразиялық Саммиті (ESW-3) өтеді.
Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева 25-30 қыркүйек аралығында Берлинде өткен дүниежүзілік іскер әйелдер конгресіне қатысты. Осы оқиғаға орай онымен сұхбаттасқан едік.
– Бақытжан Мағжанқызы, Германия елінде өткен дүниежүзілік іскер әйелдер конгресі несімен есіңізде қалды?
– Әлем бойынша кәсіпкер әйелдердің басын қосқан конгрестің мақсаты дүниежүзіндегі гендерлік саясаттың жағдайына назар аударту және әлем экономикасының алға жылжуына әйелдердің қо-сар үлесінің маңыздылығын талқылау екен. 7 күнге созылған жиында 38 елден 530 нәзік жандылар қатысты. Бұл конгресс көтерген мәселесімен салмақты. Әр мемлекет өзінің еліндегі гендерлік саясат жөнінде ой бөлісті. Тәжірибе алмасты. Жоғары деңгейдегі сұхбат алаңында өзге елдердің іскер әйелдерінің кәсіптерінің мысалында біз өз тарапымыздан ел экономикасының дамуына қандай үлес қоса аламыз деген сұрақтарымызға тұшымды жауап таба алдық. Мәселен, біздің елдің іскер әйелдері көбінесе шағын бизнеспен айналысып, үлкен бизнеске аяқ басуға қаймығыңқырайды екенбіз. Жиында шетелдердің іскер әйелдері сынды үлкен бизнесті де еңсере алатындығымызды түсіндік.
– Дүниежүзілік конгрестің Германияда өтуінің өз себептері бар шығар?
– Берлинде өтуінің себептерінің бірі ел басшысының нәзік жанды адам болғанына байланысты. Конгреске канцлер Ангела Меркель өзі қатысып, Германия еліндегі гендерлік саясат жөнінде ойымен бөлісті. Қарап отырсақ, әйел адам ел басшысына дейін көтерілген Германияның өзінде біздің елдегідей гендерлік саясат жөнінде заң қабылданбаған. “Мен әйелдерге сенемін” деген Елбасы биліктегі әйел үстемдігін 23 пайызға дейін көтерсе, Германияда бұл көрсеткіш 3%-ды құрап отыр.
– Жиыннан кейін қандай тоқтамға келдіңіз?
– Біздің елдегі әйелдердің өзге елдердегі әйелдерден еш айырмашылығы жоқ екенін байқадым. Мәселен, Германияда да жасқаншақ, өз-өзіне сенімсіздеу нәзік жандылар қалай кездессе, бізде де сол. Ангела Меркель де өз сөзінде: “100 еуро алсаңыздар да, іске кірісіңіздер. Жоқтан бар жасаңыздар” деп айтып жатты. Әйел адам табиғатынан ұяң болып келеді ғой. Ең бастысы – бойындағы қорқынышты сейілту керек. Сосын жеңді түріп, іске бар ынтаңмен кірісіп, өз ісіңнің алға басатындығына сеніммен қарау керек. Қалтамызда 100 еуро ақша болса да, сол ақшаны іске жаратудың жолын қарастырып, тауықтың балапандарын алып өсірсек те, содан пайда табудың амалын жасаудың жолын қарастыруымыз қажет. Сондықтан да өңірімізде жуырда өтетін форумды еңбек, іскерлік, кәсіпкерлік тақырыбына арнап, форумның өзін ауданда өткізу ойымызда бар. Қолынан іс келетін қаншама қыз-келіншектеріміз бар. Олардың басын біріктіру қажет.
– Бұл форумның мақсаты қандай?
– Өңірімізде өткелі отырған форум Астана қаласында қараша айының 21-інде өтетін 3-ші Еуразиялық әйелдер саммитінің өтуіне байланысты ұйымдастырылады. Бұл форумды саммит алдындағы дайындық деп айтсақ та болады. “Ажар” ұлттық сыйлығының республикалық байқауына облысымыздан қатысатын 10 үміткер іріктеледі. Бұл байқаудың бірінші кезеңі ішінара өз облысымызда өткізіліп, қорытындысында саясат, мемлекеттік басқару, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, шағын және орта бизнес, экономика, қаржы, ғылым және білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салалары бойынша сұрыпталады. Облысымыздағы байқауға қатысамын дегендердің қатары қазірдің өзінде қыруар. Саммитке қатысатын үміткерлер қараша айының бас кезінде анықталады. 2-ші Еуразиялық саммит осыдан 4 жыл бұрын өткен болатын. Онда да әлемнің ең іскер деген кәсіпкер әйелдері жиналып, өзара сұхбат алаңын құрған еді. Бұл жолы да өткізгелі отырған саммит қызықты әрі танымдық болады деген үміттеміз.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.