«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢАӨЗЕНДЕГІ ТӘРТІПСІЗДІКТІ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАР СОТТАЛДЫ Сотталушы В. Козловтың жекеменшігінде 19 пәтер, бірнеше автомашина және жер телімі бар болып шықты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

8 қазан күні Ақтауда жұртшылық арасында әлеуметтік алауыздықты қоздырды (ҚР ҚК-нің 164-бабы) және көпшілікті конституциялық құрылысты күшпен құлатуға шақырды (ҚР ҚК-нің 170-бабы) деген айыптар тағылған Владимир Козловқа, Ақжанат Аминовқа және Серік Сапарғалиға қатысты қылмыстық іс бойынша қалалық сот процесі аяқталып, үкім жарияланды.

Сотталушылар В.Козлов пен А.Аминовке, сондай-ақ ұйымдас­қан қылмыстық топ ұйым­дас­тырып, оған басшылық жасады (ҚР ҚК-нің 235-бабы) деген айып тағылды.
Сот процесінің басынан айып­талу­шы­ларға Қазақстан Респуб­ликасының Конс­ти­туциясындағы кепілдіктерге сай, өзін-өзі қорғау­ға, өз позициясын өз беттерінше таңдап алу мен оны қорғауға, білікті заңгерлік көмек алуға, олардың зерттеулеріне қатысып, дәлелдерін ұсынуға, қол­дау­хат­та­рын тапсыруға, сотқа жазбаша және ауызша түсіндірмелер беруге мүмкіндіктер жасалды.
Сот процесінде істің барлық жағдай­лары жете, мұқият, жан-жақты, әділ және риясыз зерттеліп, тараптардың бір-бір­лерімен айтысу қабілеттері мен тең құ­қылығы толық көлемінде қамтамасыз етілді. Соттың істі қарауы ашық тәртіпте өтті, оған ынталы әрбір адамның қаты­суына жол ашылды. Процесс барысын сот­талушылардың туыстары, бұ­қа­ра­лық ақпарат құралдарының өкілдері, сонымен қатар Польша, Украина, Ресей, Ұлы­бри­та­ния, Норвегия, Ирландия, АҚШ елдерінен, АҚШ пен Германияның Қазақ­стан­дағы елшіліктерінен келген бірнеше бай­қаушы мен құқық қорғаушы бақылады. Осы­лайша аталмыш сот процесіне ашық сипат беріліп, оның жа­рия­лылығы қам­тамасыз етілді.
Сот отырысына 3 мемлекеттік айып­таушы, 5 қорғаушы қатысып, 42 куәгер мен 8 сарапшы тыңдалып, іс бойынша айғақ заттар зерттелді. Соттың істі қарауы барысында А.Аминов пен С.Сапарғали өз кінәларын мой­ын­дады. Ал В.Козлов айыбын мойнына алмағанымен, Қазақстандағы барлық оппозициялық күштер сияқты, тіркеуден өтпеген “Алға” партиясын да бұрын ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны, “БТА Банк” АҚ мен оның еншілес құрылымдарынан 7 млрд. АҚШ долла­рынан астам ақша қаражатын ұрлағаны үшін сот жүзінде айыпты деп танылған қашқын банкир М.Әбләзовтің қаржы­лан­ды­рып тұрғанын жоққа шығармады. Сот­талушы В.Козловтың сөзінен “Алғаның” жұмыстарын ұйымдастырудың, соның ішінде мұнайшыларға қолдау көрсету іс-әрекеттерінің скайп-байланыс желісі ар­қы­­лы тұрақты түрде хабарласып тұрған М.Әбләзовтің қолдауымен жүзеге асы­рыл­ғаны белгілі болды. Сотта тіркеуден өтпеген “Алға” партиясы басшыларының бірі Әмірова өзінің В.Козловтың тапсыр­ма­сы бойынша мұнайшылар арасында үн­парақтар таратып, оларға қаржылай кө­­мек­ көрсеткенін, сондай-ақ адамдар­ды алаңда барынша ұзақ уақыт ұстап тұруға және олардың саналарына ымы­ра­гершілік шешім қабылдаудың мүмкін еместігін сі­ңіруге бағытталған басқа да іс-әрекеттерді атқарғанын айтып берді.
Бұдан басқа, Қарашев өзіне Козлов пен Әмі­рованың мұнайшыларға беру үшін және сайлау алдындағы науқан үшін (мәсл­и­хатқа түс­кен), сондай-ақ айлық жалақы­лары 600 мың теңгенің маңа­йында болуы керектігі жөнінде мұнайшылар арасында үнпарақ­тар тарату үшін ақша бергенін жеткізді. Сондай-ақ Лұқманов­тың сөзінен, оның Козловпен әңгімесінен “Алға­ның” жетек­шісі Әбләзов екені, мұнайшы­лардың Мәскеу мен Варшаваға сапары соның қар­жысы арқылы жүзеге асқаны мәлім болды.
Кешенді психологиялық-фи­лологиялық сараптаманың би­ыл­ғы 1 маусымдағы қорытын­дысына сәйкес, М.Әбләзовтің ұйымдасқан қылмыстық топта ең жоғары лауазымдық тұлға болып табылатыны, оның тір­кеуден өтпеген “Алға” пар­тия­сының ресми емес жетекшісі ретінде әрекет жасайтыны және 2010 жылы 30 сәуірде өткен бейне-мәслихат барысында “Ал­­ғаның” мүшелері алдына оппозициялық күштерді бірік­тіру, өкіметтің әлеуметтік-эко­номикалық саладағы қате­лікте­рін тиімді пайдалану (мұнайшылардың, шахтерлердің, ипо­текашылардың наразылықтары) жолымен Қазақстан Респуб­ли­касындағы билікті ауыстыру міндетін қойғаны толық айғақ­талды.
Осы уақыттарда В.Козлов тір­кеуден өтпеген “Алға” пар­тиясының аумақтық бөлімше­сінің басшысы ретінде қызмет еткен. Оның жұмысының ба­ғыты “Халық майданы” саяси қозғалысының іс-қимылына бас­шылық жасау, биліктің келбетін келеңсіз етіп көрсету, бас көте­рушілерге материалдық және заңдық көмек көрсету арқылы Жаңаөзен қаласындағы ереуілді қолдау болып саналған. Сотта қаржылай қамтамасыз ету жайы М.Кетебаевтың сөзінде айтылды. Ал В.Козловтың сөзінен ақша қаражатын бөлу жөніндегі есепті М.Кетебаевтың жүргіз­гені байқалды. Сол сияқты М.Сизов, А.Әмірова және В.Коз­лов арасындағы әңгіме­лердің мазмұнынан соңғысының А.Әміроваға Жаңаөзен қаласын­дағы бас көтерушілерді қолдау үшін ақша бергені айғақ болды. Осы күндерде В.Козловтың, С.Сапарғалидың, Ж.Мамайдың, Б.Атабаевтың іс-әрекеттері Жа­ңа­өзен қаласындағы мұнайшы­лар бас көтеруіне саяси реңк беруге бағытталған. Бұл В.Коз­ловтың Жаңаөзен қаласына ат­тандырған С.Сапарғалидың, Ж.Мамайдың, Б.Атабаевтың мұ­най­шыларды оппозициялық материалдармен қамтамасыз ет­кен­дерінен де көрінеді. 2010 жылғы 30 сәуірде өткен бейнеконференциядағы, телефон арқылы сөйленген сөздердегі және аудио-бейне материалдардағы мәтіндерге салыстырмалы талдау жасау М.Әбләзовтің, М.Ке­тебаевтың, В.Козловтың, М.Сизовтың, С.Сапарғалидың, Ж.Ма­майдың, Б.Атабаевтың іс-әрекеттерінің түпкі мақсаты Қазақстан Республикасындағы билікті ауыстыру болып табылатынына куә бола алады. Мұнда Козлов, Аминов және Сапарғали өз іс-әрекеттерінің барысында Әбләзов пен Кетебаевтың көп­шілік арасында әлеуметтік жау­ласушылық пен алауыздықты қоздыру, билікті күшпен басып алуға шақыру жолдарымен мем­лекеттің қауіпсіздігін шайқал­тып, конституциялық құрылыс­ты өзгерту жөніндегі айрықша тапсырмаларын орындаған. Бұл үшін елдегі қоғамдық-саяси ахуалды, әлеуметтік-экономикалық сала көрсеткіштерін ұдайы келеңсіз етіп көрсете беру керек болған. Олар сондай-ақ Қазақстандағы мұнайшылардың ең­бек құқықтары мен қоғамдық-саяси ахуал туралы бір-жақты ақпараттарды жариялау үшін материалдарды жинаумен және оларды бұрмалаумен тікелей айналысып отырған.
Қаралған іс бойынша Ақтау қалалық соты үкім шығарды.
Ол бойынша Козлов Владимир Иванович ҚР ҚК 235-бабы 1-бөлігімен, 164-бабы 3-бөл­і­гі­мен, 170-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, ҚР ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігімен жеңі­лірек жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру жолымен түп­кі­лікті мүлкін тәркілеумен 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Аминов Ақжанат Меңді­бек­ұлы ҚР ҚК 235-бабы 1-бөлігі­мен, 164-бабы 3-бөлігімен, 170-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған ҚР ҚК-нің 55-бабын қолдана отырып, ҚР ҚК 58-бабының 3-бөлігімен жеңі­лірек жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру жолымен түпкі­лікті 5 жылға бас бостан­дығы­нан айыру жазасы тағ­а­йын­­дал­ды. ҚР ҚК-нің 63-бабы негізінде А.Ами­новқа тағайын­далған жаза шартты деп есеп­теліп, оған 3 жыл сынақ мерзімі белгіленді. А.Ами­новқа қолда­нылған “қа­мауға алу” түріндегі бұлтартпау шара­сының күші жойылып, ол сот залынан қа­маудан босатылды.
Сапарғали Серік Садықұлы ҚР ҚК 170-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚР ҚК 63-бабы негізінде С.Са­парғалиға тағайындалған жаза шартты деп есептеліп, оған 3 жыл сынақ мерзімі белгіленді. С.Сапарғалиға қолданылған “қа­­мауға алу” түріндегі бұл­тартпау шарасының күші жойылып, ол сот залынан қамаудан босатылды.
Сот үкімімен келіспеген тараптар үкім шығарылған күннен бастап 15 тәулік ішінде, қамау­дағы сотталғандар үкім тапсы­рылған кезден бастап сол мер­зімде Маңғыстау облыстық сотына апелляциялық тәртіппен шағым беруге немесе наразы­лық келтіруге құқылы.
“Егемен-ақпарат”
(“Егемен Қазақстан”, 9 қазан 2012 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp