Фархат ТАСТАМБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Петропавлда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Оған 17 кәсіпорын қатысып, 890 бос жұмыс орнын ұсынды.
Іс-шара “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша “Азаматтарды бірыңғай қабылдау күні” акциясы аясында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде өткізілді. Келушілердің қатары қалың болды. Басым бөлігі – жастар. Ұйымдастырушылар жұмыс іздеушілердің барлығына анықтама материалдарын, мәселен, “Жастар тәжірибесі” бағдарламасына қалай қатысу керектігі түсіндірілген кітапшалар таратты. Сонымен қатар шара барысында “Жұмыс-пен қамту – 2020” бағдарламасын іске асырушы операторлар да шақыртылып, олар жұртшылыққа нақтылы бағыт-бағдарлар беріп отырды.
Жәрмеңкеге қатысқан “Сұлтан-ЭММК” АҚ, “Ауыл шаруашылығы техникасы зауыты” ЖШС, С.М.Киров атындағы зауыт, “Қазпочта” АҚ, тағы басқа кәсіпорындардың әрқайсысы 5-6 бос жұмыс орындарын ұсынды.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мамандарының келтірген мәліметіне сүйенсек, қала бойынша 2012 жылы колледждер мен ЖОО-ларды бітірген 2118 жастың 700-ден астамы жұмыссыз жүр. Ал жәрмеңкеде 800-ден астам жұмыс орны ұсынылды. Олардың айтуынша, адамдардың жұмыс істеуге деген ынтасының жоқтығынан жұмыссыздық жойылмай отыр дейді. Әйтпесе студенттік еңбек биржасында да, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде де бос жұмыс орындары жетерлік. Бірақ инженер, фрезерлеуші, энергетик, реттеуші сияқты қара жұмысқа жастар барғысы келмейді. Әртүрлі кәсіпорындардың кадр бөлімдері мұны жұмыстың ауырлығымен, әрі кейбір қызмет салалары бойынша біліктіліктің жетіспейтіндігінен деп отыр. Тіпті, жеке қабылдауға да адамдар аз келетін көрінеді.
– Кәсіпорында жеке қабылдауға келетін жұмыс іздеушілер тым аз. Осындай жәрмеңкеде ғана түйіндемелерін әкеліп, ақпарат алып кетеді. Соның өзінде көбісі қайтадан келмейді, келгендер 1-2 күн істеп, шығып кетеді. Бізде фрезерлеушілер, қырнаушылар аз дегенде 70 мың теңгедей айлық алады. Бұдан да басқа қызмет түрлері бар, алайда, адамдар ауыр жұмыстан қашады, – дейді ауыл шаруашылығы техникасы зауытының кадр бөлімінің бастығы Валентина Баранова.
Жәрмеңкенің нәтижесінде 100-ден аса тұрғын жұмысқа тұруға шақырту алды. Уақытша әлеуметтік жұмысқа 12 адам жіберіліп, тағы да 26 жұмыссыз “Жастар тәжірибесі” бағдарламасына қатысатын болады.