«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСЕПТЕГІШТІҢ ТИІМДІЛІГІН ТҮСІНГЕНДЕЙМІЗ, енді оны орнаттыра алмай әлекпіз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрнағы күні еліміздегі Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің облыстық департаменті көпқабатты тұрғын үйлерде жалпыға ортақ жылу есептегіш құралдарды орнату мәселесі төңірегінде кезекті “дөңгелек үстел” өткізді. Оған жергілікті атқарушы органдар мен қалалық мәслихаттың депутаттары және ардагерлер кеңесінің өкілдері, жылу қуатының жалпыға ортақ есептегіш құралдарын жобалау және орнату қызметін көрсететін кәсіпорындар, табиғи монополиялық субъектілердің басшылары, ПИК жетекшілері қатысты.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.

Жиынды жүргізген департамент төрағасы Марат Мұстафин өз сөзінде биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап “Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы” заң күшіне енгенін еске сала отырып, осыған сәйкес келер жылдың 1 қаңтарынан бастап жылу қуатын тұтынушылар пайдаланған қызмет ақысын сараланған тарифтер бойынша төлейтіндігін айтты. Бұл дегеніміз – есептегіш құралдары бар тұтынушылар өздері пайдаланған жылу көлемі үшін есеп айырысса, жоқтары белгіленген тариф негізінде ақы төлейтін болады. Есептегіш құралдарды орнату бірінші кезекте тұтынушы үшін тиімді, онымен ол өзінің төлемдерін әжептәуір қысқарта алады. Сондай-ақ есептегіш құралдарының көрсеткіштері арқылы жылумен жабдықтау жүйесіндегі ақаулы жерлерді, артық есептелген төлемдерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік туады. Жалпы қуат үнемдеу шаралары тұтынушы үшін де, қоғам үшін де маңызды, деді ол.
Бүгінгі күнге дейін Петропавл қаласы бойынша тұтынушылардың 22 пайызы жалпыға ортақ жылу қуатын есептегіш құралдармен қамтылған. Бұл көрсеткіш сараланған тариф қолданысқа енген кезде, тіпті, өседі деп күтіледі. Соңғы жылдары тұрғындар арасында қарқынды жүргізілген ақпараттандыру мен насихат жұмыстары оң нәтижесін берген. Жылу беру жүйесіне есептегіш құралдарды орнатудың тиімділігін ұға бастаған тұтынушылардың саны күннен-күнге артуда. Алайда, осыған дейін тұтынушыларды есептегіш құралдарын орнатуға көндіру қиындық тудырған болса, енді сенім артқан тұтынушылардың өтініштерін қанағаттандыру жұмыстары қолбайлау жасап отырған көрінеді. Осы мәселелер төңірегінде жиында қызу әңгіме өрбіді. Онда бірінші тосқауыл есептегіш құралдарды орнатуға қажетті құжаттардан басталады. Көптеген тұтынушылар есептегіштерді “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту – 2020” бағдарламасы арқылы орнатуға ниеттеніп жатқандықтан, олардың атқарушы органдарға өткізген өтініштерінің қаралу мерзімі ұзаққа созылып кетеді. Мәселен, техникалық шарттар, жобалық-сметалық құжаттамалар өтініш иелеріне бірнеше қайтарылып барып, мақұлданады. Осындай кемшін тұстардың алдын алу үшін атқарушы органдар, монополиялық субъектілер мен жобалаушы мекемелер және есептегіш құралдарды орнатушы кәсіпкерлер өз жұмыстарында тұтынушыларға көрсетілетін қызметтердің жеңілдетілген жолдарын қарастыруының қажеттігі айтылды.
Жиынға қатысушылар бүгінде тұтынушылар табиғи ресурстарды пайдалануда өзіне тиімділікті таңдаса, мемлекеттің ұстанымын қолдайтын мекемелер мен ұйымдар бұл түсіністікті қуана қабылдап, әкімшілік тосқауылдарға жол бермей, тұтынушылардың мүддесі жан-жақты қорғалуы керек деген ойларын ортаға салды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp