Алма МЫРЗАЛИНОВА,
СҚМУ профессоры,
Бақыт АҚЫШЕВА,
қазақ мектеп-гимназиясының
мұғалімі.
Әркім өзі, балалары мен немерелері үшін адами капиталдың негізін құрайтын және іс жүзінде табысты пайдалануға болатын білім беру көзін іздейді. “Мектеп үшін емес, өмір үшін оқимыз” деген латын нақылын еске алсақ, әлемдік тәжірибеде осындай білім беру жүйесін функциялық сауаттылықпен байланыстырады.
Ол жайында 2000 жылы ресейлік “Мектеп технологиясы” журналында: “Жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысы жаңа ұғым – функциялық сауатты-лықты енгізді. Қоғамдағы жаңа талаптар мен қазіргі әлемдегі айналамыздағы бізді қоршаған (жаңа технологиялар мен іс-әрекеттің жаңа пішіні) жаңашылдық жаңа сауаттылықты білдіреді. Жаңа сауаттылық бізді сіресіп қалған кертартпа нұсқауларды орындау мен жаттандылықтан алшақтатып, ақпарат табу, жаңа үдерістер мен объектілерді жобалау, түсіну, ережелерді зерттеп қалыптастыру, өзінің алдына сан қилы міндеттер қою, өз әрекетін өзінше жоспарлап жасау қабілеттерін ашуға бағыттайды”, – делінген.
Бүгінде біз 2012 жылы 11 қыркүйек күні Үкімет отырысында ҚР білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов ұсынған оқушылардың функциялық сауаттылығын дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған Ұлттық жоспары туралы сөз етпекпіз.
Бұл жоспарды енгізу, білім беруді жаңғыртудың басқа да жүйелік бағыттарымен қатар мектептердің дәстүрлі пішінінен ең ұтымды және ең заманауи – бүгінгі таңда жетекші әлемдік тренд болып табылатын таңғаларлық үлгісіне көшуді көздейді.
Жоспарды кезең-кезеңмен енгізу үшін 4 тетік әзірленген.
Бірінші тетік – оқытудың мазмұны мен әдістемесін түбегейлі өзгертуді – “Қалай оқыту” және “Неге оқыту” деген жаңа жауаптар мен сұрақтарды ұсынады. Жауаптары құзыретті тәсілдеме болып табылады.
“Құзырлы маман” тіркесі қызмет ететін саласына қарамастан, біздің күтіп отырған қажеттілігімізге толық жауап беретін жоғары кәсібилікті сипаттайды.
Қазақстан мектебінің оқытудың құзыретті тәсілдемесін таңдайтын бірнеше себептері бар. Біріншіден, оқу ақпараты тасқынын ешқандай бағдарламаға сыйғызуға келмейді. Екіншіден, бұл ақпаратты есте сақтау қажет болмай қалады, өйткені, ақпарат қоймасы үнемі жетілдіріліп отырады, сондықтан мектеп оқушыларын оларды пайдалана білуге үйрету әлдеқайда маңызды. Үшіншіден, тұлғаға қойылып отырған бүгінгі талап деңгейі мектептердің алдына оқушылардың қазіргі заманға сай ойлауын, қабілеттері мен таңдауға даярлықтарын, дербестігін, тіл табысқыштығын, төзімділігін, бейімделгіштігін, топпен және өздігінен жұмыс істеу қабілеттілігі мен түрлі мәселелерді шеше алуын дамыту міндетін қойып отыр. Оқушылардың бойындағы осындай сапа мен қасиет жаңа, әбден жетілген, тұлғалық және әлеуметтік интеграцияланған білім нәти-жесімен сипатталуы керек.
Құзыретті ойлау тәсіліне үйрету үшін жаңа бағдардағы мұғалімдер, дамытушы оқулықтар, тиімді білім беру технологиялары, сонымен қатар өздерінің жеке талаптары мен қабілеттерін дамытуға бағытталған білім беру траекториясын құруды үйренуші оқушылар, табысты өмір құру жолында балаларын шыдамдылықпен әрі парасаттылықпен жетелейтін ата-аналары қажет.
Екінші тетік – оқыту нәтижесін бағалау жүйесін жаңғырту – мектеп өмірінің ең қиын мәселесі “Нені бағалау?” және “Қалай бағалау?” сұрақтарына жауап ұсынады.
Жауап түрі мынадай: білесің, демек, түсінгенің соншалық, – тіпті, тәжірибеде дайындықпен және ынтамен, тіпті, өзіңнің бар шеберлігіңді салып қолданасың. Біліміңді тәжірибе жүзінде бірнеше мәрте қолдану арқылы өзіңнің тәжірибең іс-әрекетіңде өзіңнің жеке стилің қалыптасады. Осылайша оқушының жетістіктері жинақталады, міне, соларды бағалау қажет.
Тұлғалық-бағдарлық бағалау жүйесіне өту үшін білім бөлімдері және білім саласын бақылау жөніндегі комитет қызметкерлеріне мектеп пен мұғалімдердің қызметін бағалау тәсілдерін түбегейлі өзгерту керек. “Алтын белгі” иеленушілер санына, ҰБТ-да жинаған ұпайларына, үлгерушілер және үлгермеушілер пайызына берілген жалған статистикаға жүгініп, оларды тығырыққа тіреудің қажеті жоқ. Мүмкін, алдағы халықаралық PISA, TIMSS және PIRLS зерттеулері оқушы-лар мен мұғалімдер еңбегі сапасының дәл индикаторы болар?
Үшінші тетік – ата-аналардың бала тәрбиесі мен білім беруге белсенді араласуы ең алдымен жаңа ұйым – қамқоршылық кеңестің функциялық ынтымақтастығын айқындайды.
Мектептің ата-аналармен ынтымақтастығы қашан да бағалы. Ата-аналардың мүдделілік танытып, оқу және тәрбие шараларына қатысуы ынтымақтастықтың жаңа сапасына қол жеткізіп отыр. Ол ынтымақтастық, бір-бірін қолдау, мектеп пен отбасының жақсы жақтарын біріктіруге ұмтылу, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау үшін барлық күш-жігерді шоғырландыру сипатына ие болып отыр.
Бүгінгі таңда педагогикалық ортада мақсаттары мен мәртебелері жағынан әртүрлі педагогикалық бірлестіктер (математика пәні мұғалімдері, жаңашыл мұғалімдер, жас мамандар, тағы басқа) құрылуда. Біздің қалада немесе облыста мектептердің ең жақсы жұмыс істейтін қамқоршылық кеңес өкілдерін біріктіруге және сөйтіп, солтүстікқазақстандық білім беру сапасына әсер ететін мықты қоғамдық бірлестік құруға болады.
Төртінші тетік – қосымша білім беруді дамыту – балалар мен жастардың мазмұнды демалу мәселесін шешуге бағытталған.
Мектеп оқушыларының бір бөлігі өздерінің мүмкіндіктерін жалпы білім беру мекемелерінде емес, ар-найы спорт, музыка, өнер және тағы басқа мектептерде әлдеқайда айқын көрсетеді.
Ересектердің көпшілігі мектепте оқып жүрген кездерінде секцияларға, үйірмелерге, студияларға қызыға қатысатындықтарын әлі күнге есте сақтаған. Қазақстанда алғаш рет оқушылардың функциялық сауаттылықтарын дамыту жөніндегі Ұлттық жоспарда олардың материалдық-техникалық базасын жаңарту қарастырылған. Жаңа нышандар: балалардың интерактивті саябақтары (ғылыми қалашықтар), технопарктер, мұражайлар, әртүрлі тақырыптарды қамтитын танымдық журналдар тәжірибеге енетіні қызықтырады.
ҚР білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың айтуы бойынша, Ұлттық жоспардың жүзеге асырылуы инновация мен шығармашылыққа мүдделіліктің өсуіне мүмкіндік жасап, білім мен еңбекті меңгеруге уәж береді.
Ұлттық жоспар шараларын қаржыландыруға мемлекеттік бюджеттен 24,6 млрд. теңге, соның ішінде республикалық бюджеттен 22,7 млрд. теңге бөлінген. Жоспарланған 37 шараның 11-і 2012 жылы басталады.