«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘСКЕРГЕ БИЫЛ ШАҚЫРЫЛҒАНДАР психологтар сынағынан өтеді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазір жастарды әскерге шақыру маусымы қызған шақ. Отан алдындағы борышын өтеуге аттанатын сарбаздарды іріктеу науқанының алғашқы нәтижелері туралы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді жинау және әскерге шақыру басқармасының бастығы Александр Степановты әңгімеге тарттық.

– Александр Юрьевич, күзгі әскерге шақыру маусымының жай-жапсарын білгіміз келеді.

– Жыл сайынғы қалыптасқан дәстүрге сай 18 бен 27 жас аралығындағы әскерге жарамды азаматтарды Отан алдындағы борыштарын өтеуге шақыру 1 қазанда басталды. Әскери қызметке жаңадан қабылданғандарды жөнелту жоспарына сәйкес әскерге шақырылушылар әскери міндеттерін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, Республикалық гвардияда, ҰҚК-нің шекара қызметінде, ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінде, республика аумағындағы төтенше жағдайлар бойынша әскери бөлімдерде қызметтерін өтейтін болады. Қазір әскери борышын өтейтін бозбалаларды іріктеу науқаны қызу жүріп жатыр. Белгіленген мерзім ішінде облысымыздан әскер қатарына жалпы 700-ден астам жауынгер жіберілуі тиіс. Науқан қазанның онынан желтоқсанның жиырмасына дейін жалғасады.
– Биылғы науқанның ерекшелігі неде? Әскер қатарына алынатын жастарды іріктеуде өзгерістер бар ма?
– Қазір әскери бөлімдерде соңғы заманауи техникалардың қолданылуына байланысты әскерге алынатын жастардың біліміне баса назар аударылады. Сондықтан оларды екі-үш ай бұрын зерделеп, іріктейміз. Бұл жұмыс бізде шілде-қыркүйек айларында жүргізілді. Осының нәтижесінде облыста әскер қатарына алынуға жататын азаматтардың тізімі жасалды. Бүгінде әскери шақы-рылымның алғашқы сатысы – медициналық тексеру қызу жүріп жатыр. Айта кетер жайт – соңғы өзгеріс бойынша сарбаздар медициналық тексеруге қоса, әрбір әскери бөлімнен келген психологтардың сынағынан өтеді. Мамандар арнайы тест көмегімен баланың еркелігін, ашуланшақтығын, қызуқандылығын анықтайды. Дәл әскерге аттанар алдында іріктелген азаматтар есірткіні айғақтау тексерісінен өтеді. Аталған өзгеріс әскердегі өзіне-өзі қол салу оқиғаларын азайту үшін, сондай-ақ тәртібі темірдей әскердің қиыншылығына төзе ала ма, қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдай ала ма деген сауалдарға жауап іздеу мақсатынан туындаған шара.
– Қазіргі әскерге шақырылушы-лардың денсаулықтарына көңіліңіз тола ма?
– Жастарды Қарулы Күштер қатарына сапалы түрде іріктеу Қазақстан армиясының жауынгерлік әзірлігін жоғары деңгейге көтеруге ықпал етеді, әрі сапалы өткізілген әскерге шақыру науқаны жауынгерлік әзірліктің де тиімділігіне қол жеткізетіндігін ескерсек, науқанда ең бастысы, денсаулық мәселесіне қатты көңіл бөлінеді. Одан кейін әскер қатарына шақырылушының отбасы жағдайы, білімі есепке алынады. Егер шақырылушының жоғары немесе арнаулы орта білімі болса, тіпті жақсы. Ал орта білімді болуы міндетті. Бір жағынан әскерге сұранушы жастардың қатары былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір артып отырғандығы көңілге қонымды, бірақ көбісінің денсаулығын мықты деп айта алмаймыз. Әсіресе, медициналық тексерістен өту барысында әскерге шақырылушылардан ара-тұра қан қысымы, сколиоз ауруларына шалдыққандар кездесіп жатады. Сондай-ақ жастар арасында 1-ші, 2-ші дәрежелі майтабан, тамырдың шығуы (варикоз) сынды аурулар көп. Сол секілді салмағы аз, бойы тиісті нормаға жетпейтіндер сирек те болса ұшырасады. Егер әскерге шақырылушының бойы салмағына сәйкес болмаған жағдайда біз оның медициналық бақылауға алынуын қадағалаймыз. Соңғы кезде балалардың арасында жүрек ауруы көп. Бірақ кез келген әскерге шақырылушының денсаулығында мін болмаса, онда оған ешқандай кедергі жасалмауы тиіс. Жоғарыда айтқанымыздай, облысымыздан әскерге шақырылатын жігіттеріміз жетіп артылады. Қазір бізде туындап тұрған негізгі қиындық – әскерге барғысы келетін жастардың көбі бұрын болған созылмалы ауруларын жасыруға тырысады.
– Бүгінде әскерге барғысы келгендер денсаулықтарына байланысты әскери қызметке жарамсыз болып жатады…
– Қазір болашақ жауынгерлер алдын ала әңгімелесуден өтеді. Яғни, бойы мен ойына және салмағына қарай әскери салаға таңдау жасай алады. Бірақ қатаң әскери тексеруден сүрінбей өту бәріне бірдей мүмкін емес. Ал дәрігер алдынан өте алмағандар денсаулықтарын түзеп, келесі әскерге шақыру науқаны басталғанда бақтарын сынап көрулеріне болады.
– “Әскерге де жоғары білімділер керек” деп жатырмыз. Алайда, қыруар қаражат төлеп, білім алып, енді нанымды өзім табам деп отырған азаматтар әскерге баруға асығар еместігі белгілі. Әсіресе, ірі ұлттық компанияларға қызметке орналасқан азаматтардың бойында Отан алдындағы борышымды өтеп келгенше, жұмысымнан айрылып қалам деген үрей бар…
– Жалпы, “Әскери қызметшiлер мен олардың отбасы мүшелерiнiң мәртебесі және оларды әлеуметтiк қорғау туралы” заң бар. Онда көрсетілгеніндей, әскерге кеткен азаматтардың жұмыс орны сақталуы тиіс. Әскер қатарына алынған азаматқа кез келген жұмыс орны “әскерге кетуіне байланысты жұмыстан босатылсын” деп бұйрық шығарып, оның орнына келесі адамды уақытша алу керек.
– Кейбір азаматтар әскерге шақыру қосындарына келмей жатады. Жалпы олардың келмеуіне қандай дәлелді себептер бар?
– Расында, кейбіреулер шақыртуға келмейді. Бірақ олардың барлығын бірдей қашып жүр деуге болмайды. Себебі, қазір күнкөріс қамымен еліміздің түрлі қалаларында жұмыс істеумен немесе саудамен жүргендер бар. Біз оларды қалайда шақыртуға тырысамыз. Егер шақырылушы келмейтін жағдайда оның ісі ішкі істер органдарына тапсырылады. Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарғандар түбінде сотты болуы да мүмкін.
– Жылдан-жылға әскер қатарына шақырылушылардың арасында “әскери билет үшін келдім” деушілердің көбеюіне не айтар едіңіз?
– Әрине, бұл баршамызға үлкен сын. Бүгінгі күні бұл да бір нан табудың әрекетінің біріне айналып кетті ғой. Дегенмен, жастардың барлығына күйе жағып, топырақ шашудан аулақпыз. Отан алдындағы борышты өтеу – баршаға бұлжытпас міндет. Бәрінен бұрын жастарды патриоттық сезімге баулу керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp