«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМНІҢ БИІК ОРДАСЫ 75 жылдығын атап өтті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің құрылғанына 75 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті. Өңіріміздегі іргелі білім ошағының мерейтойына арналған шараға ҚР Парламентінің депутаттары, еліміздің қалаларынан, Германия, Ресей мемлекеттерінен арнайы шақырылған қонақтар, білім ордасының оқытушылары мен студенттері қатысты. Жоғары оқу орнының профессорлары мен оқытушылар құрамын айтулы мерейтоймен өңір басшысы Серік Біләлов құттықтады. 

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Салтанатты жиынды ашқан СҚМУ-дің ректоры Оңдасын Әшімов 75 жылдық тарихы бар білім ошағының білім мен ғылым жолында жеткен жетістіктерін саралап өтті. Педагогикалық институт болып құрылғаннан бері білім ошағынан сан мыңдаған мамандар қанат қағып, еліміздің түрлі саласында халық игілігі үшін табысты еңбек етіп жүргенін айтты. Ол университет басшылығы атынан көп жылдар бойы білімді мамандар даярлағандары, білім ордасының дамуына сүбелі үлес қосқандары үшін ардагерлерге алғысын жеткізді.

Облыс әкімі Серік Біләлов білім саласындағы түбегейлі өзгерістерге тоқтала келіп:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім мен ғылымды дамытуға ерекше назар аударады. Мемлекеттің қолдауының арқасында жоғары оқу орнының ғылыми-зерттеу жұмысының көлемі жыл сайын артып, үстіміздегі жылы 120 млн. теңгені құрады. Университет әлемдік білім және ғылым кеңістігіне еркін қадам басты. Осы күні университет екі халықаралық консорциум мен жеті халықаралық қауымдастықтың қатысушы болуы, 50-ден астам шетелдік жоғары оқу орнымен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығы осының дәлелі, – деді.
Өңірдің біліктілігі жоғары мамандарын даярлауға қосқан елеулі үлестері үшін университеттің 13 қызметкері облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, 12-сі облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Оңдасын Әшімов СҚМУ-дің дамуына қосқан ерен еңбегі үшін Серік Біләловке алғысын білдіріп, облыс әкімін үлкен “Алтын медальмен” марапаттады. Осындай наградаға университеттің бірқатар оқытушығалымдары да ие болды.
ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қайрат Мәмидің, ҚР білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың құттықтау хаттары оқылды.
Салтанатты жиында белгілі ақын, Кәкімбек Салықов, Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов, академик Анатолий Спицин, университетке есімі берілген көрнекті ғалымның жұбайы Сара Қозыбаева және басқа да меймандар білім ошағының мерейтойы құрметіне өз жылы лебіздерін білдірді.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp